Журналистік жолға әркім әрқалай келіп жатады. Бірі бала кезден бұл мамандықты арман етеді. Бірінің осы салаға келуіне жақсы адамдар немесе қандай да бір жағдай себеп болады. Енді бірі ойламаған жерден журналистердің қайнаған ортасына тап болады. Әлбетте, бойында әу бастан жазуға деген икемі болмаса, бұл кәсіпті меңгеріп кету екіталай. Міне, осындай қызығы мен қиындығы қатар жүретін жолда оқырманның көңілінен шығып, көкейіндегіні дөп басатын мақала жазуды басты мақсаты еткен «Saryarqa samaly» газетінің журналистер қауымы күнделікті қызметінің барысымен, тілшілік тіршілікте орын алған қызықты оқиғаларымен бөлісіп отыр.

Түйе көрем деп…

Тәжірибесіз жас ретінде қара шаңырақтың табалдырығын аттадым. Студенттік шақта әр курс соңында өндіріс-
тік тәжірибеден өткеніммен, мақаланы мәнді ете жазып, ойымды жинақы қағазға түсіруге соншалықты бейім емес едім. Жалпы,кез келген ұжымның қатарына қосылған жас маманның аяқалысын жан-жақтан бақылау бұрыннан бар ғой. Редакцияда редактордан бастап барша әріптестерім, аға буын түрлі тақырып ұсынып, шамамды таразылап көрді. Әдетте, біздің газет редакциясында енді қызметке тұрған тілшіні кішігірім кездесулер мен жиындарға жіберуден бастайды. Көбінде мәдени шараларды шарлатады. Содан кейін ебіне қарай экономиканы немесе энергетиканы, саясатты немесе статистиканы саралауды, құрылысты немесе қаржыны, әдебиетті немесе мәдениетті еншілеп береді. Аудан-қаланың да иесі бекітіліп, өңірлерге жолдауда әркімнің өзінің меншік өлкесіне баруы ескеріледі.

Алғаш еңбекке араласқан жылдар болуы керек. Редакциядан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бір жиынына жіберді. Салаға жаңашылдық енгізіліп жатқаны айтылды. Кіргенімнен жиынның соңына дейін әлеуметтік саланың «жол картасы» жиі тілге тиек етілді. Әйтеуір, «жол картасы» әлеуметтік қызмет көрсету, жұмыспен қамту жүйесін «жайнатып» жіберетінін ұқтым. «Жол картасы» деген ұғымның енді қолданысқа ене бастаған кезі еді. Сондықтан оның нақты не екенінен хабарсызбын. Отырып алып, картаны көзбен іздемеймін бе! Баяндама жасаған жандар қашан картаны ортаға алып шығып, таныстырады деп күткенім бар…

Журналистің жұмысы кабинетте бітпейді. Сондықтан сапарлап, сан түрлі тақырыпты қаузаймыз. Тыныс-тіршілікпен танысамыз. Бүгін жылу орталығында булы ауамен тыныстап қайтсаңыз, ертеңінде шаруашылықтың иесімен төрт түліктің ортасында жүруіңіз мүмкін. Сондай сапарлардың бірінде бастан кешкен оқиғамен бөлісейін. Қателеспесем, 2014 жылы Екібастұз қаласының ауылдық аймақтарына жолға шықтым. Қолымда қай ауылға, қандай тақырыпты назарға алатыным жазылған жоспарым бар. Бұл өңірде түйе шаруашылығы барын естігенбіз. Солтүстік аймақ үшін таңсық кәсіппен танысқымыз келді. Көктем кезі еді. Қар еріп, енді жер кебе бастаған шақ. Қала іші құрғағанымен далада балшықты аумақтар аз емес екен. Қалалық аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің көлігімен жолға шыққамыз. Төтелеп тартамыз деп 2 сағаттай уақытымызды жоғалтқанымыз бар. Оған да көндік. Бірақ мақсатымыз – түйе шаруашылығына жету. Бардық. Төлеген ағаймен (фототілші) суретке түсіріп алдық. Күнде түйе көрмеген соң, мен де аздап жақындап, түйемен бір фотоға түскенім бар. Екі күннен кейін үйде температурам көтеріліп, біртүрлі жайсыз сезіндім. Басым қызып, аздап ісінгендей сезілді. Бірден емханаға тарттым. Терапевт қарап шығып, басыма кене жабысқанын айтты. Абырой болғанда, толық кіріп үлгермепті. Бір аптадай зардабын шектім. Осылайша, түйе көремін деп кененің кесірін тартқан едім…

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, шолушы.

 

«Құдай тілеуімді берді»

Уақыт қандай жүйрік еді… Әне-міне дегенше облыстық «Saryarqa samаly» газетінде еңбек еткеніме биыл
20 жылдан асып барады екен. Осы уақыт аралығында бір ғана редакцияда тапжылмай қызмет істеу – газетке деген журналистік адалдық, оқырманға деген зор сүйіспеншілік және ұжымға деген қимастық әрі сыйластық деп білемін. Әйтпегенде, басқа мекемелерден де түрлі ұсыныстар, шақыртулар түсіп жатты. Әрине, менің таңдауым әлі өзгерген жоқ.  Сонымен, әңгімені әріден бастасақ, бала күнімізде отбасымызбен «Saryarqa samаly» газетін асыға күтетінбіз. Біз үшін бұл басылымнан асқан рухани азық құралы болмады. Сол уақытта шалғай елді мекенде (Май ауданы, Қаратерек ауылы, Орджоникидзе бөлімшесі) тұрғандықтан ба, ауылымызда кітапхана атымен жоқ еді. Теледидар да көре алмаймыз. Себебі, электр жарығы күніне жарты сағат қана беріліп, қайта өшіп қалатын. Мектеп оқулығы да жетіспейтін. Бөлімшеде тұратын үш балаға бір кітаптан беретін. Ол оқулықтардың да жағдайы мәз емес, арасындағы жарты беті болмайтын.

Міне, осындай қиын сәтте ата-анамыз қалтасы жұқарып, қалт-құлт етіп отырса да, міндетті түрде жыл сайын «Saryarqa samаly» газетіне жазылып, кеңшар орталығына пошта келетін күні күтіп тұрып бір аптаның үш нөмірін қатар алып келетін. Сөйтіп, басылымды басынан аяғына дейін түгін қалдырмай таласып оқып шығатынбыз. Кәдімгідей рухани азық алып, көзіміз ашылып, бір жасап қалатынбыз. Ішіндегі қызықты материалдарды қиып, сақтап қоюшы едік. Газет журналистерін мақалалары арқылы сырттай танып-білетінбіз. Біз үшін басылымдағы әр қаламгер өте құрметті адам саналатын. Сол замандағы өзге оқырмандар үшін де солай екеніне еш күмәнім жоқ. Олардың жазған жақсы дүниелерін оқып, тамсанатынбыз, қызығатынбыз, еліктейтінбіз. Журналистика мамандығына деген қызығушылығым осыдан басталды.

11-сыныпты ойдағыдай тәмам-дағаннан кейін ата-анама Астана мен Алматының біріне барып, журналистика факультетіне оқуға түскім келетінін айттым. Олар бірден қарсы болды. Таңдаған мамандығымды емес, жат қалаға кетуімді қаламады. Үйренген шаһардағы университеттердің біріне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдігіне түсуге үгіттеді. Әке-шешеміздің айтқан сөзі заң ғой. Жүрегім қаламаса да амалсыздан келістім. Бірақ үмітімді үзген жоқпын, жүрегім бір жақсы хабарды сезгендей болды. Сөйтіп, құжат тапсыру үшін әкемді ертіп С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қабылдау комиссиясына бардық. Кіреберісте жаңа мамандықтар ашылғаны туралы хабарландыру ілулі тұр екен. Тізімді қарасам, ішінде журналист мамандығы бар екен. Қатты қуанып кеттім. «Құдай тілеуімді берді» деп айқайлап, секіре кеттім. Сөйтіп, шығармашылық емтихан мен ҰБТ-ны сәтті тапсырып, қалаған оқуыма да түстім. Аймақ бойынша алғаш рет ашылғандықтан шығар, сабақ беретін мамандар қат болды. Филология факультетінің ұстаздары мен өңірдегі тәжірибелі журналистер дәріс оқыды (жаңа топты ПаУ-ға ауыстырып, сонда оқыдық). Олардың қатарында «Saryarqa samаly» газетінен Бақыт Баймұратов, Төлеубек Қоңыр, Мұхит Омаров сынды ағаларымыз бар еді. Олар журналистика саласының қыр-сырын түсіндіруге тырысып бақты. Бұл сала теориядан гөрі тәжірибені көбірек қажет ететінін ескерген Мұхит ағай бізді редакцияға жиі шақырып, тапсырмалар беріп отырды. Тіпті, жеңіл-желпі іс-шараларға да жіберіп, материал жазуға баулыды. Редакциядағы журналистер де шеттерінен бауырмал болатын. Білмегенімізді айтып, бағыт-бағдар беруден аянбайтын. Сондай ақкөңіл, аңқылдақ аға-апайлардың арасында жүріп мақала жазуды үйрендік. Студент кезімізде газетке шыққан материалдарға қаламақы төленетін. Бұл да біз үшін үлкен қолдау, ынталандыру еді.

Осылайша, 3-курста білім алып жүргенімде, яғни 2003 жылы «Saryarqa samаly» газетінің бас редакторы әрі ұстазымыз Мұхит Мұрсәліұлы жарты күнге (0,5 ставка) қызмет істеуге шақырды. Қуана келістім. Ал кейін университетті үздік дипломмен аяқтағаннан кейін редакцияға толық қабылданып, тілші болып орналастым. Алғашқы еңбек жолым осылай басталған еді.

Нұржайна ШОДЫР,шолушы.

 

Қаламымды ұштаған «Ainalaiyn»

Мектеп қабырғасында білім алып жүргенімде бала қиялымды көкке самғатып, қоғамнан көп өзгеріс күтетінмін. Кітап – менің жан серігім болды. Сыныпта өтетін тәрбие сағаттарын, мектептегі мерекелік іс-шараларды жүргізе жүріп, журналист болуға деген талпынысым артпаса, кемімеді.

Үйдегілер әр жыл сайын облыстық «Saryarqa samaly» газетіне жазылып отыратын. Поштадан газет келген бетте басқаларынан бірінші болып оқуға асығатынмын. Өйткені айына бір-екі мәрте балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ainalaiyn» қосымшасы жарияланып отыратын. Сол қосымшаның әр нөмірін тағатсыздана күтіп, тігінділерін жинап қоятынмын. Өңірдің әр елді мекенінен тұрақты түрде жазып жүрген балалардың мақалаларын, өлеңдерін оқып, бойымда шабыт ашылды. Cөйтіп, бала қиялмен жазған өлеңдерімді, шығармаларымды жиі жолдап отырдым. Сол кездерде қосымшаның үйлестірушілері Сая апай мен Нұржайна апай менің жіберген мақалаларымның кем-кетігін түзеп, тұрақты түрде газет бетіне шығарып отырды. Соның нәтижесі болар, бала кезден шығармашы-лыққа жақын болдым.

Ауылдағы он бір жылдық мектепті аяқтаған соң осы салаға жақын болып көрінген «Журналистика» факультетіне оқуға түстім. Шығармашылығымды одан әрі шыңдай түстім. Ендігі мақалаларым осы газеттің жастарға арналған «Жас Times» қосымшасында жария-ланып тұрды.

Жоғарғы білімді аяқтаған соң, аталған газеттен жұмысқа шақырту түсті. Қуанышым қойныма сыймай, ұсынысты бірден қабылдадым. Қазіргі уақытта аймақтың айнасына айналған басылымда қызмет етіп келе жатқаныма 2 жылдай уақыт болды. Бір қызығы, бала кезден мақалаларым жарияланып жүретін «Айналайын» және «Жас Times» қосымшаларының бүгінде үйлестірушісімін.

2 жыл аз уақыт шығар, әрине. Алайда осы уақыт аралығында кәсіби әрі шығармашылық тұрғысынан көп тәжірибе жинадым. Жұмыс барысында өз саласында көп жыл еңбек еткен адамдар туралы мақала жазуға, әйгілі жұлдыздармен сұхбаттасуға зор мүмкіндік туды.

Кешегі арманым кемел келешегіме айналды. Болашағым бүгіннен басталады. Мен ұшқыр ой мен киелі қаламды серік еткен өз ісінің шебер маманы болатыныма сенемін! Менің арманым – журналистика саласында бояусыз өзіндік дара жолымды салу…

Айдана БОРАНБАЕВА, тілші.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.

 

«Газетті  қимайтындай не бар?»

Ғасырға жуық уақыт бойы оқырман қауыммен байланысын бір сәтке де үзбеген төл газетіміздің мерейтойы қарсаңында өздеріңізбен етене танысып, жақынырақ сырласып, редакцияның ішкі тыныс-тіршілігімен таныстыруды жөн санадық. Әдетте сіздер тек аты-жөнін оқитын әр журналистің редакцияға алғаш келудегі жолы, қызмет барысындағы қызығы, мамандыққа адалдығы бар. Бүгін сол туралы ақтарыла айтсақ, артық болмас.

Жалпы, менің облыстың басты басылымындағы «еңбек өтілім» 20 жылдан асып кетті. Алғаш рет «Айналайын» арнайы бетінде мақалам 2002 жылы жарық көрген екен. Сол бір ғана мақала менің тұтас өміріме бағыт-бағдар берді десем, қателеспеспін. Себебі «Айналайын» арқылы болашақ мамандығымды дөп таңдадым. Журналист болуды мақсат тұттым. Сол арманның жетегімен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, журналистика мамандығының түлегі атандым.

Бірінші курста түске дейін сабақта болсақ, түстен кейін бір топ студент қара шаңыраққа қарай асығатынбыз. Алдыңғы буынның ақыл-кеңесімен «Жас times» қосымшасына арнайы мақалалар жазып, мәдени, әдеби шаралардан хабар дайындап, журналистика әлеміне еніп кеттік. Тәжірибелі журналистердің үйретуімен, жөн көрсетуімен қателерімізді түзетіп, олардан сабақ алдық. Сөйтіп, қолыма диплом алмай жатып-ақ редакция басшылығы қызметке орналасуды ұсынды. Бірден келісе кеттім. Осылайша, балалық арман шынға айналды.

Биыл редакцияның қызметкері атанғаныма 10 жылдан аса уақыт болыпты. Басында «Жас Times» жастар қосымшасының авторы болсам, кейін үйлестірушісі ретінде өзім жас авторлармен жұмыс істей бастадым.  Оған қоса, редакциялық тапсырмамен бұрын мүлде болмаған аудан-ауылдарды, тіпті басқа облыстар мен көрші елдерді аралап, сондағы тұрғындармен тілдесіп, тыныс-тіршілігін көріп, «Журналистік жұмыстың қызығы осы екен ғой» дедім.

Кейін редакция басшылығы білім, денсаулық тақырыптарын жазып жүрген жерімнен эконо-микалық бөлімге ауыстырды. Екі-ақ жылдық тәжірибеммен бұл бөлімнің мәселелерінен тереңінен қаузап жазуға жүрексіндім. Аға-апаларым арқамнан қағып, «Қолыңнан келеді, тартынба!» деп, сенім білдірді. Сондай сенім шынымен қанаттандандырады екен. Қолдан келгенше, шама-шарқымызша инвестиция индустрия, инновация салала-рындағы жаңалықтарды, нарықтағы күрмеулі мәселелерді, құрылыс алаңындағы жұмыс барысын сарапшыларды тарта отырып, талдауға тырыстық.

Ал осыдан екі жыл бұрын шеф-редакторлық қызметке ауыстым. Оның жөн-жосығы да, жауапкершілігі де мүлде бөлек. Бұл ретте газеттің мазмұнына толықтай жауаптысың. Қоғамда қызу талқыланып жатқан мәсе-лелерді басылым бетінде көтеру, осы бағытта әріптестермен бірлесе еңбек ету маңызды. Бұл жұмыстың да кейде ащы, кейде тәтті «дәмін» тартып келеміз.

Бұған дейін мемлекеттік мекемелердің баспасөз қызметі, интернет, тележурналистика салаларынан бірнеше рет ұсыныс түскенімен, бәрінен бас тарттым. Сондай ұсыныс жасаған басшылардың бірі «Газетті қимайтындай не бар өзі?» деп сұрағаны есімде. Газетте тазалық, адалдық, даналық, қазақылық, сыйластық, бастысы мамандыққа деген кіршіксіз махаббат бар. Осымен-ақ барлығы белгілі болар.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,  шеф-редактор.

 

Қадірлі қара шаңырақ

Менің журналистикадағы шығармашылық жолым облыстық «Saryarqa samaly» газетімен тығыз байланысты.

Бір кезде студент болып жүріп, университеттегі жастар газетіне бір-екі өлең, мақаламыздың шыққанына масаттанып, «Жазу деген осы екен» деп келгенде, алдыңғы буын журналистер «Жазу деген олай емес, былай» деп көзімізге көрсетті, көңілімізге тоқытты, санамызға сілкініс әкелді. Шынымен, журналистика деген екі сөздің басын қосып, өлең құрау немесе күнделікті жиналыстан алақандай ақпарат жазу емес екеніне көзіміз жетті. Осылайша, редакция оңы мен солын айыра алмай келген қаншама жасты тәрбиелеп, қолына қалам ұстатты, өздері іздеп келген жолды тура көрсетті, қалап келген кәсібінің негізін қалап берді.

Газет менің өміріме ерекше естеліктер қалдырды, ұмытылмас сәттер сыйлады, қайталанбас сапарларға шығарды, таңғажайып адамдармен жолықтырды, қызықты тақырыптарға тап қылды, түйіні жоқ күрделі мәселелермен де сынап көрді. Иә, қай-қайсысында да сезімге берілмей, біреудің айтағына ермей, орта жолды ұстана отырып, оқырманға керегін алуға тырыстым.

Қайталанбас сапар дейтінім, газет тілшісі ретінде облыстың бүкіл ауданын аралап, шалғай жатқан ауыл жұртының  қоңырқай тіршілігімен таныстық. Ең бір есте қалғаны – шырайлы Шығыс өңірінде өткізген күндер. Жазушы Оралхан Бөкейдің әңгімесінен оқитын әдемі де әсерлі, сұлу да  сиқырлы Алтайдың таңғажайып табиғатын көзбен көргендегі толғанысымды сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Газет журналисі ретінде елге есімдері белгілі талай танымал тұлғалармен сұхбат құрдым. Сол секілді ешкімге елеусіз, бірақ тұла бойы тұнған дарын иелерін де газет оқырмандарына таныстырдым. Олардың қатарында қарапайым көше тазалаушысынан бастап, әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер, ақын-жазушылар, ғалымдар мен өнертапқыштар және т.б. бар.

Ал осындай түрлі деңгейдегі кейіпкерлеріңнен жасаған жұмысың үшін алғыс есту – өзгеше сезім. Егер сол кейіпкерлердің айтқан әңгімесі, берген ақыл-кеңесі, кәсібилігі жолында көрсеткен шеберлігі оқырманның бір кәдесіне жарап жатса, жас ұрпақтың тәрбиесіне әсер етіп жатса одан өзге не керек? Бұл қалам ұстаған қауымның ең үлкен жетістігі емес пе?!

Тілеуберді САХАБА,  шолушы.

 

Бақыт аға батасын берді

2005 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің алғашқы қарлығаштары түлеп ұшып, үлкен өмірге қанат қақтық. Қолымызға дипломымызды алған соң әрқай-сымыз қарым-қабілетімізге қарай газет, телевидение және радио редакцияларына жұмысқа орналасып, өмірден орнымызды табуға бекіндік. Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде менің жаныма жақыны газет еді.

Облыстық «Сарыарқа самалы» (қазіргі «Saryarqa samaly») газетінің сол кездегі бас редакторы Мұхит аға Омаровқа жас маман ретінде жұмыс сұрай бардым. Ол кісі бетімнен қақпай, жұмысқа қабылдап, қабілетімді шыңдауыма мүмкіндік берді. Алғашқы еңбек жолым осы қара шаңырақта Өскенбай Тастемханов, Бақыт Баймұратов, Ғалымбек Жұматов сынды редакцияда қырық жылға жуық еңбек еткен журналист ағаларымыздың тәлім-тәрбиесін көрдім. Сондай-ақ, Сая Молдайып, Асыл Әбіш секілді әпке-ағаларымыз мол тәжірибелерімен бөлісіп, журналистиканың қыр-сырын меңгеруіме ықпал етті.

Ардагер журналистер – Төлеубек Қоңыр, Қажымұрат Смағұл, Сүлеймен Баязитов, т.б. редакцияға жиі келіп, жас журналистерді қолпаштап, қолдау танытатын. Ол кезде қазіргі белгілі журналистер – Нұрбол Жайықбаев пен Бейбіт Бөжен, Нұржайна Шодыр, Айдана Айтуғанова, Гүлжан Кафизова жас журналистер қатарынан еді.

2008 жылы Ерғанат есімді азаматпен отбасын құрып, сүйікті ұжымымды Екібастұз қаласында өткен үйлену тойымыздың құрметті қонағы ретінде шақырдым. Межелі күні Мұхит аға бастап, Өскенбай аға мен Бақыт аға қостап, тойдың сәнін келтіре келген әріптестерімді көргенде қуанышымда шек болмады… Кейін отбасы жағдайымен кеншілер шаһарына қоныс аударғаныммен, алғашқы ұжымымды ұмытпай, ара-тұра хабарласып тұрдым.

Он жыл Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінде қызмет еттім. Редакцияға келіп тұратын «Сарыарқа самалы» газетін парақ-
тай отырып, осы редакцияда өткен күндерді сағынышпен еске алатын едім. Сонда отарқалық әріптестерім әзілдеп: «Торғынның бір бүйрегі «Сарыарқаға» бұрып тұрады» дейтін еді. Шынында да, еңбек жолымды бастаған редакция мен үшін ыстық. «Осы ұжымға оралсам» деп қиялдайтын кездерім де болды. Редакция орналасқан Астана көшесі, 143-үй ғимара-тының жөндеу жұмыстарынан кейінгі жаңа келбетін көргенде әріптестерімнің жұмыс істеуіне жақсы мүмкіндік жасалып жатқанына қуандым.

Ардагер журналист Бақыт аға батасын берген отбасы атты шағын мемлекетіміз өсіп-өнді. Балаларымыздың болашағы үшін облыс орталығына көшуді жөн көрдік. Бір бүйірімде редакцияға оралу тұрғаны – рас. Осылайша, 2019 жылы отбасымызбен Павлодар қаласына қоныс аудардық. Қазір тұңғыш тұсауымды кескен редакцияда қызметімді жалғастырудамын.

Торғын ОРАЗАЛЫ, шолушы.

 

Биік белестерге жетеледі

Мектеп қабырғасындағы бала қиялынан басталған ақындық жолымыз бізді биік белестерге жетелеп, арманның асқарына алып шықты. 6-7-сыныпта оқып жүрген кезімде газет бетіне өлең-жырларымыз жарыққа шықса, төбеміз көкке жетердей күй кешетінбіз. Ұстаздарымыздан жылы сөз естіп, қатарлас құрбы-құрдастарымызды да әдебиетке қызықтыра түскен шақтарымыз көп. Сыныптастарымның барлығы дерлік мұғалім сабаққа алып келіп, үлгі-мысал еткен газеттің нөмірін соңғы әрпіне дейін оқып шығатын. Ол кезде оқушылар (бәлкім, интернеттің жоқтығынан) газет-журнал, кітап оқуға құмартатын. Достарымызбен асыға күтіп, аптыға оқитын газеттің бірі «Saryarqa samaly» еді.

Облыстық «Saryarqa samaly» газетінің оқырмандары кішкентай бүлдіршіндерден бастап көнекөз қарияларға дейінгі аудиторияны қамтиды. Сол себепті бұл басылымның қаузайтын тақырыптары ауқымды. Оған қоса, биылдан бастап газет беті қалыңдап, сүбелі сұхбаттар, танымдық мақалалар мен сараптамалық материалдар көбейді. Газет жаңа форматқа ауысып, өтпелі жаңалықтардан қарағанда өміршең мақала, өнегелі сұхбаттарға ден қойып келеді.

Жалпы, бұл облыстық газеттің асуы биікте, тарихы тереңде жатқанын жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Бүгінгі таңда бұл абыройлы міндетті өз мойындарына алған жас журналистер қауымы да алдыңғы толқын аға-апаларының сеніміне селкеу түсірмес. Үнемі ізденістің үстінде жүретін жас тілшілердің сүрлеуі бөлек сұр жолы – бір кездері бұл газетте қызмет еткен қаламы қарымды ардагер журналистердің кең даңғылына алып келері хақ.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ, шолушы.