Аймағымызда тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамауы қайғылы жағдай-лардың орын алуына себеп болуда. Пешті дұрыс пайдаланбаудың салдарынан қайтыс болғандар бар.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов мәлім етті. Оның айтуынша, облыста 3 адам ысты газдан уланған. Қазан айында екі адамның ажалы өрттен болған. Оқыс жағдайдың бірі — Ақтоғай ауданында, екіншісі — Шарбақты ауданында тіркелген. Өрттің шығуына сөнбей қалған темекі тұқылы себеп болған.

— Еліміздің солтүстік өңірлерінде 1 қазаннан бастап жылыту маусымы басталды. Өкінішке қарай, отты дұрыс пайдаланбаудың салдарынан 4 бақытсыз жағдай тіркеліп, 17 адам қаза болды. Оның ішінде 11 қазан күні орын алған алапат өрт бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Қостанай облысында 5 бала ажал құшты. Тілсіз жаудың туындауына пешті қараусыз қалдыру жағдайы себеп болған, — дейді Қ.Шаймарденов.

Мамандар тұрғын үй секторларындағы өрт фактілері электр жабдықтарын дұрыс қолданбау, пешті орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу сынды жағдайлардан туындайтынын айтады. Пеш пен мұржа тазаланбаған жағдайда от жағуға болмайтынын қаперге алу керек. Сондықтан құтқарушылар тұрғындардан жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі мәселесін қатаң ескеруді сұрайды.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.