2025 жыл – қазақ руханияты үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Соның бірі Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы. Жыл басынан бері қазақтың бас ақыны, данышпан Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы жайлы жауһар ойлар, тұщымды әңгімелер айтылып, жазылып келеді. Бір қызығы, ақын туралы қанша адаммен, хакім туралы қанша ғалыммен әңгімелессек те олардың ой-толғамдары, таным-түйіндері бір-біріне еш ұқсамайды. Осы жолы Toraighyrov Unibersity-нің профессоры, белгілі жазушы, әдебиетші Серік Елікбаймен әңгімелестік.
— Серік аға, сіздің таным-түйсігіңіз, сіздің рухани ұғымыңыз Абай әлемі туралы не дейді? Әңгімемізді осыдан бастасақ…
— Жалпы Абайға қайта қайта келе беретін көп себебіміз бар. Менің ұғымымда ол бір алып құз-жартас секілді. Оған соғылушылар, соқтығушылар да көп. Кез келген толқын сол құз жартасқа екпіндеп төніп келіп, соғылып барып парша-паршасы шығып шашылады да кетеді. Ал, Абайдың құзы сол орнында тұр. Абай әрбір пенденің ұлан ғайыр далада адасып, шарлап жүріп қайта оралатын төбесі, шоқтығы биік тұлғасы. Ол – кез-келгеннің табаны тимес Тарбағатайы, адасқанда айланып табатын Алатауы, ұлылықпен келіп басын иетін Ұлытауы. Қазақты үлкен бір сандық деп алып қарасақ, оны жасаушылар бар және сақтап тұрушылар бар. Жасаушылар дегеніміз – хандары, батырлары және билері. Мысалы, Қабанбай, Бөгенбай, Ер Жәнібек секілді. Ал сол сандықтың кілті – Абай. Ол дегеніміз қазақтың жүрегінің кілті деген сөз. Ал, Абайды жоғалту деген сөз, жүрегіміздің кілтін жоғалттық деген сөз. Белгілі абайтанушы, ұстазымыз Төкен Ибрагимов: «Абай менің күнде қасымда жүреді. Бірде сырласамын, бірде ұрсысамын» деп отыратын. Сол секілді менің де сырласыма айналып кеткелі қашан. Менің Абайымның ең бір жаман қасиеті – ол қартаймайды және шаршамайды. Адам кітапты әртүрлі жағдайда оқиды ғой. Мысалы, қуанып, бір нәрсеге риза болған кезімде оқитын, я болмаса назаланған кезімде, не болмаса уақыт өткізу үшін оқитын кітаптар болады. Бірақ, Абайды мен кез-келген уақытта ұстай беремін.
— Қазаққа Абайдан алыстап кететін, ақынның ақыл-парасатын қажет етпей қалатын бір заман келер деген ой мазаламай ма?
— Абайды айналып өту, одан алыстап кету, оны тастап кету деген нәрсе менің санама сыймайды. Ондай заман қай кезде келуі мүмкін? Ондай жағдай біз қазақы танымнан айырылып, қанымыздың орнына басқа бір қан құйылған немес тіліміздің орнына басқа бір тіл келген кезде ғана болуы мүмкін. Міне, Абайды сондай кезде ғана танымай қалатын шығармыз. Ал, одан бергі уақытта Абайға айналып келе беруімізді, ақынға келіп сүйенуімізді тоқтатпаймыз. Себебі, ол – жүрегіміздің кілті. Ұлттың негізгі ұстыны, қағылған қазығы. Бір сөзбен айтқанда қазақтығымызды сақтап қалудың жалғыз жолы – Абайды сақтап қалу.
— Бүкіл алаш көсемдері Абайды мойындады. Ахмет Байтұрсынұлы Қазақтың бас ақыны десе, Мағжан Жұмабаев «Хакім Абай» деп өлең арнады. Бірақ, Абайды аласртқысы келгендер сол кезде де болды. Және ақынның данышпандығына күмәнмен қараушылар қазір де қылп етіп көрініп қалып жатады…
— Дұрыс айтасың «Абай деген кім осы?» деп өзінен өзі шүйіріліп келе жататындар да болды. Мұндай сөзді кезінде Сәбит Мұқанов та, бертінірек Рахымжан Отарбаев та айтқан. Оның несін жасырамыз?! Студент кезімде абайтанушы Төкен Ибрагимов мынадай бір дүние айтты. Ол кезде Абай музейін басқарып тұрған еді. «Мұқағалидың айрықша бір жарқырап шығып келе жатқан уақыты еді, мен де оқи бастадым. Керемет әсер етті, ғаламат дүниелері бар екен. Содан қорқа бастадым. Жүрегіме енді Абай қайда қалады деген қорқыныш ұялады. Абай осымен төмендеп қала бере ме деген үрей жан дүниемді билеп кетті. Содан бір айналып келіп, Абайды қайта қолыма алсам, ол сол қалпында тұр. Сөйтсем, қазақ руханияты үшін Мұқағалидың өз орыны, Абайдың өз орыны бар екен». Яғни, кімді оқысаң да Абай ешқашан өз биігінен аласармайды деген ұғымды білдіріп тұр. Кезінде Сәбит Мұқановқа біреу: «Сен ақын емессің» деген ғой. Сонда Сәбең тұрып: «Иә, айтсаң айта бер кезінде мен де Абайды ақын емес деп ойлаған едім» депті. Сосын, мына бір нәрсені ұмытпау керек. Егер Абайды жұрт білмейтін ел танымайтын болса ешкім оның бойынан қателік іздемес еді. Егер, қаймана көп қазақтың бірі болса онымен ешкім санаспаған, таласпаған болар еді. Адам не нәрсеге көп таласады? Ақылға, ұлылыққа көп таласады. Атаққа жармасады. Немесе ол бізден аулақ, біздің түсінігімізден жат бір адам болса яғни, басқа бір жұрттан шыққан болса онымен санаспаған болар едік. Қоғам өзгереді бірақ Абайдың сөзі ешқашан өзгермейді. Біз оған қай қырымызбен қарасақ та өзімізге керегімізді тауып алып жатамыз. Жалпы, Абайды тірісінде ешкім сүймеді. Себебі онда қазаққа жағыну жоқ, мақтау, өтіну жоқ. Керісінше, кемшілігін батырып айтты, көзге шұқып көрсетті. Кейбір қылықтарына қарап отырып, кейбір сөздерін тыңдап отырып қазақтың жүрегін тіліп отырып тұз сепкен екен ғой дейсің. Ал, не үшін олай жасады? Әрине, ол қазаққа қылған қастандығы, жасаған жаманшылығы емес. Керісінше, қайтсем сасытып алмайын деп шіріген жеріне сеуіп отыр. Және солай жасауға мәжбүр болды. Сондықтан, біз абаймен ең соңғы қазақ қалғанша таласып өтеміз. Бұл қазақтың ішіндегі талас. Бізден кейінгі ұрпақ та өзінің ұлылығын дәлелдеу үшін міндетті түрде солай жасайды. Жалпы, біз Абайды ұлықтаған кезде одан кіршіксіз періште жасағымыз келеді. Ол дұрыс емес. Біріншіден ол да адам. Ол да кезінде билікте болды. Абайдың билікте болған кезінде Жігітектің 17 адамы сотталып кетті. Міне, осы секілді неше түрлі жағдайлар орын алып жатты. Абайдың ең кереметтігі, өзгелерден артықшылығы – сол адамдықтан данышпандық деңгейге көтерілуі.
— Ақын Қара сөздерінде қазаққа қатысты көп түйткілді сөз етті. Жақсылығын да, жамандығын да, артықшылығын да, кемшілігін де жеріне жеткізе айтты. Осынша ақтарылуына не себеп деп білесіз?
— Абайдың Қара сөздері туралы айтқанда бір жағдайды ұмытпау керек. Орыс әдебиетінде, яғни, Лев Толстойдың «арылу» деген ұғымы бар. Жалпы, мұндай таным-түсінік католиктерде де, ватикандарда да бар. Қылмысқа барып, жамандық жасаған әрбір адам өздерінің ғибадатханаларына барып, діндарларына сырын айтады, солай арылады. Ал, менің ойымша, ақынның Қара сөздері де – қазақтың алдына келіп арылуы екен. Ұлдың ұлтының алдында шығып, мұң-шерін төгуі екен. Елінің алдына шығып, өткеніне өкініп, кемшіліктерін мойындағаны екен. Жалпы, ұлы адам ешқашан мен болдым, толдым, биікке шықтым демейді. Ал, қаламгер болсын, кім болсын, «мен ұлымын» дейтін болса, біткен жері сол. Оны сол күні өшті деп біл. Бірінші Қара сөзінде не дейді. «… қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін. Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі». Міне, бұл дегеніміз қолынан ешнәрсе келмейтінін мойындап ақтарылуы. Бірақ, соны қазақ ұқты ма, ұқпады ма белгісіз. Негізі қазақ та Абайдын кейін де де небір ойшылдар келіп кетті. Аты-жөндерін атап жатудың қажеті жоқ. Солардың біреуі ұлттың алдына шығып, мен өкіндім деп арылған жоқ. Бірде бір қаламгер қара сөзін жазып, «әттеген-ай, осым қате болды-ау» демей кетті. Соған қарағанда Абайды әлі түсінбедік пе, танымадық па деп ойлаймын.
— Абайтану – әдебиеттану ғылымының арналы салаларының бірі. Абай әлемі – мәңгілік мұра, қымбат қазына. Осы әдеби мұрасын қазақтың игілігіне жарату жолында кімдердің еңбегін айрықша жоғары бағалайсыз?
-Абайды әлемге танытқан адамдардың бірі – Әлихан Бөкейханов. Ал, көркем әдебиетте суреттеуде Ахмет Байтұрсынұлы мен Мұхтар Әуезовтің есімдері әрдайым алдыңғы орында тұрады. Ақынның текстологиясын зерттеп, шығармаларының мәтіндік бірізділігін жасау жолында көрнекті ғалым, абайтанушы Қайым Мұхаметханов тынбай тер төкті. Сонымен қатар, Абайға қатысты құжаттардың барлығының басын қосып, бір арнаға жинақтаған адамның бірі – Мұздыбай Бейсенбаев деген ақсақал болатын. Ол кісі Абайдың Республикалық әдеби-мемориалдық музейінде жұмыс істеген. Сол тұста Қазақстан мен Ресейдің көптеген архив-мұрағат мекемелеріне барып зерттеу, іздеу жұмыстарын жүргізді. Абай жөнінде толымды еңбек жазғандардың бірі – көрнекті жазушы, жерлесіміз Рамазан Тоқтаров. Бірақ, содан кейін үзіліп қалған секілді боды. Ол кісінің көзқарасы мүлдем өзгеше еді. Рамазанның танымындағы Абайы мүлдем бөлек болатын.
— Биыл ақынның туғанына 180 жыл толды. Жалпы, кейінгі уақытқа «Абайдың мерейтойында осындай дүние жасап едік» деп еске алып отырар не қалу керек?
— Өз басым ұлан-асыр той жасауды құптамаймын. Оның себебін де түсіндіре кетейін. Біздің бала күнімізде мен өскен Көкжыра деген ауылда Сабырбаев Гәйкі деген ақсақал болған. Абайдың бір өлеңін қалдырмай жаттап алған, кез-келген уақытта сұрасаңыз да жатқа айтып беретін. Тірі кітап десең де болады. Сол кісі Семейде болған ақынның 145 жылдығына арнғалған тойға келді. Біз де барып тамашаладық. Сонымен той басталды. Сахнада ақындар айтысып жатыр, біреулер секеңдеп ән салып жатыр. Мына шетте палуандар күресі, алаңда ат бәйгесі болып жатыр. Біреулер бір жартысын көтеріп жатыр, тіпті сенделектеп жүргендер де бар. Бәрі Абай үшін енді. Сол дырдудың ішінде ешкімге керегі болмай, өзімен өзі Гәйкі ақсақал жүрді. Ауылдың әкімі алып барған сияқты. Міне, бүкіл ғұмырын ақын шығармашылығына арнаған және сондай мерейтой кезінде нағыз құрмет-қошеметке кенелетін адам осы еді ғой. Бірақ, ешкімнің ол кісі де шаруасы болмады. Мен сол күні сол дүрмектің бірінен де ақынның рухын сезіне алмаған едім. Сөйтсем, Абайдың рухы бүкіл өмірін өлең жаттаумен өткізіп келе жатқан жаман шалдың бойында ғана қалып қойыптын. Сондықтан, осы сәттен бастап ақынды жас ұрпақтың санасына қалай сіңіреміз дегенді ойластырған дұрыс. Бізде Абайды оқытудың дұрыс формасы жоқ. Соны неге әзірлеп, оқу бағдарламасына енгізбеске?! Абайдың мерейтойының құрметіне өсиет сөздерін қоғамның ішіне енгізейік. Мысалы, мен маңдайшасына «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп жазып қойған бірде бір қызмет көрсету мекемесін немесе өндіріс ошағын көрген жоқпын. Мерейлі датаның құрметіне осы секілді олқылықты толтыру керек деп ойлаймын. Бұдан асқан құрмет, бұған тең келетін ұлықтау жоқ шығар.
— Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.