Ата Заңның 30 жылдық мерейтойын атап өтуге аймағымызда іс-шаралар жоспары түзіліп, кейбірі тамыз айының бірінен басталып та кетті. Жалпы, ірілі-ұсақты 700-ден астам шара жоспарланған.
Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдумановтың мәлімдеуінше, мерекелік іс-шаралар «Ата заң – тәуелсіздік тірегі» жалпыұлттық жоспары негізінде өтеді. Олардың әрбірі Конституцияның мән-маңызын көпшілікке кең көлемде түсіндіруге, азаматтардың құқықтық санасын арттыруға және патриоттық тәрбиені нығайтуға бағытталған. Қазіргі таңда мерекелік бейнероликтер трансляциялануда.
— Ата Заңның 30 жылдығына орайластырылған шаралар жоғары деңгейде өтуі тиіс. Барлығымыз атсалысайық. Қалалар мен аудан әкімдері мерекелік іс-шараларға қоғамдық пікір көшбасшыларын, азаматтық қоғам институттарын, халықтың басқа да санаттарын барынша тарту қажет. Бұл бағытта жиындармен, конференциямен шектелмеу керек, — деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның айтуынша, 700 шараның 60-ы ірі форматта өтеді. Мереке аясында Ата Заң апталығында интеллектуалдық ойындар, танымдық кітап, сурет көрмелері, әдеби кештер ұйымдастырылуда. Мәселен, брайль қарпімен жазылған Конституция кітабының тұсауы кесілді. Негізгі мерекелік іс-шара 30 тамызда 19.00-де Павлодар қаласының жағажайында Ertis Promenade сахнасында өтпек. Мерекелік концертте «Бәйтерек», «Ұлытау», «ABYROI» топтары, Нұржан Керменбаев өнер көрсетеді. Барлық аудандарда 28-30 тамызда мерекелік концерт ұйымдастырылады.
Аймақ басшысы кәсіпорындарды еңбек ұжымдарына елеулі үлес қосқан азаматтарды құрметтеу, көтермелеуге мән беруге шақырды. Жауапты басқармаларға ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруды тапсырды.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.