Жыл сайын ауыл шаруашылығына қажетті мамандарға деген сұраныс артуда. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде еліміздің аграрлық саласында төрт мыңға жуық маман жетпейді екен. Әсіресе, ветеринар, механизатор және кәсіби техниканың тілін білетін жұмысшы табу қиынға соғып отырған жайы бар. Бұл мәселені шешу үшін не істеу керек? Ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша диплом алып жатқан жастар неге өз саласында еңбек еткісі келмейді? Осы тақырып жақында Мәжілістің жалпы отырысында да көтеріліп, халық қалаулылары Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын.
Күн тәртібінде өткір тұрған өзекті мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік.
Қарақат ӘБДЕН, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты (пікір интернеттен әзірленді):
— Аталған мәселені шешу үшін алдымен ауыл шаруашылығы мамандықтарының мәртебесін арттыру керек. Оның бірден-бір жолы – осы мамандықтар бойынша оқитын студенттер мен магистранттардың стипендиясын көтеру. Таяуда «Ауыл» партиясы фракциясына Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бір топ студенті хат жолдады. Сол хатта шәкіртақының төмен болуына байланысты көп студенттің оқудан кетіп жатқаны жазылған. Қазіргі кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша оқитын студенттердің стипендиясы – 58 800 теңге. Ал басқалары, оның ішінде ауыл шаруашылығы мамандықтарының студенттері 38 пайызға төмен, яғни 36 660 теңге алады. Енді аграрлық сала студенттерінің шәкіртақысын да педагогикалық және медициналық бағыт бойынша оқитын жастардың төлемі сияқты көтеру қажет. Сондай-ақ, биыл республика бойынша «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» мен «Ветеринария» бағытына бөлінген 2 400 мемлекеттік грантқа сұраныс болмаған.
Тоқтар БЕКСЕЙІТОВ, Торайғыров университетінің ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің деканы, ғылым докторы, профессор:
— Әр мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуші әрі ел экономикасының ең басты драйвері — ауыл шаруашылығы саласы. Сондықтан осы салаға көп көңіл бөлу керек. Өкінішке қарай, біздің елде жоғары білімді ауыл шаруашылығы мамандары өте тапшы. Орын алған олқылықты жою үшін нақты жұмыстар қолға алынуы тиіс. Біріншіден, ауылда жастар тұрақтап қалуы үшін лайықты жағдай жасалуы қажет. Себебі, 4-5 жыл бойы қаланың тірлігіне үйреніп қалған қыз-жігіттер өркениеттен жұрдай елді мекендерге барғысы келмейтіні ақиқат. Екіншіден, ауылдық жерлердегі ірі шаруа қожалықтары қарамағындағы жұмыскерлердің балаларының оқу ақысын төлеуге көмектесіп, кейін өздеріне еңбекке тартуы керек. Үшіншіден, жалақыны көтерген жөн. Елімізде ең төмен еңбекақы алатын ауыл шаруашылығы саласының мамандары екен. Төртіншіден, бұл мамандық иелерін зейнетке 50-55 жасында шығару қажет. Осы айтылған ұсыныстар орындалса, жастар тарапынан қызығушылық болар еді. Әйтпегенде, аграрлық саланың болашағына қауіп төніп тұр.
Гүлжауһар ЖАНАРБЕК, Ақсу қаласы, Үштерек ауылының тұрғыны:
— Ауылға мұғалім, дәрігер сынды жас мамандар барса, мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Яғни, оларға көтермеақы беріліп, тұрғын үймен қамтылуына мүмкіндік жасалады. Ал ауыл шаруашылығы саласы мамандарына мұндай қолдау жоқ. Бұл әділетсіздік деп ойлаймын. Сол үшін алдымен аграрлық сала мамандарының мәртебесін көтеру керек. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша мемлекеттік білім грантында оқыған жастар кейін кемінде 5 жыл сол салада жұмыс істеуі тиіс деген талап қойып, оны заңдастырған жөн. Соған сай заң жүзінде бекітілген кепілдіктер де болуы қажет. Мәселен, баспаналы болуына, жеңілдетілген пайызбен несие алуына жағдай жасалғаны жөн. Сонда ғана ауылдың аграрлық саласына жоғары білімді кадрларды тарта аламыз.
Жалпы, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама түзіліп, соның аясында жергілікті әкімдіктер, шаруа қожалық иелері мен жоғары оқу орындары жұмылып жұмыс жүргізуі тиіс деген пікірдемін.
«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.