Адал еңбек алға апарады

Нау 13, 2025

Өндірісті өңіріміздің дамуына зор үлес қосып жүрген жұмысшы мамандар аз емес. Солардың қатарындағы «Қазақ соқырлар қоғамы» бірлестігінің Павлодар оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС-інде жұмыс істейтін мамандардың орны бөлек. Олай дейтініміз, онда көзі нашар көретін немесе мүлдем көрмейтін жандар ел қатарлы ерінбей еңбек етуде.

Кеше осыдан бірнеше ай бұрын ғана жаңа орынға көшкен павлодарлық зағиптардың оқу-өндірістік кәсіпорнына арнайы барып, ондағы жұмыс барысымен танысып қайттық. Аталмыш мекеме басшысының орынбасары Сандуғаш Әбдікәрімнің айтуынша, қазіргі таңда ғимарат ішінде әлі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Соған қарамастан мұндағы жұмысшылар жоспарға сай өз міндеттерін ойдағыдай орындауда.

— Біздің серіктестікте 54 адам еңбек етеді. Олардың 36-сы мүмкіндігі шектеулі азаматтар санатында. Жалпы, жұмысшылардың қатарында тігіншілер, бақылаушы, шебер, жүк тиеуші, жүргізуші, медицина қызметкері сынды мамандар бар. Кәсіпорынның негізгі жұмысы – «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамын қажетті сүзгіш қаптармен қамтамасыз ету. Яғни, біздің тігіншілеріміз күні бойы осы зауытқа арнап қаптар тігумен айналысады. Дайын болған заттарды күнделікті аталған өндіріс орнына апарып тапсырып отырамыз, — дейді Сандуғаш Боранбайқызы. Оның айтуынша, осында үш учаске жұмыс істейді. Олар жеңіл, ауыр және жабық деп бөлінеді.

— Жеңіл учаскеде мүлдем көзі көрмейтін тігіншілер, яғни І топтың мүгедектігі бар жандар іс тігеді. Оларға тігетін дүниелерін арнайы мамандар пішіп, әзірлеп береді. Ауыр учаскеде көзі жартылай көретін, яғни ІІ-ІІІ топтың мүгедектігі бар тігіншілер отырады. Бұл кісілер көбінесе үлкен сүзгіш қаптарды тігумен айналысады. Тігіншілердің жұмысын бақылаушылар мен шеберлер үздіксіз қадағалап жүреді. Соның нәтижесінде бізде тігілген заттардың бүлінуі немесе жарамсыз болып қалу деген сияқты мәселелер туындамайды. Қаптарға қажетті материал зауыт тарапынан беріледі және арнайы жоспар жасалады. Сол бойынша жұмыс істейміз. Тігіншілердің жүктемесі бірдей болу үшін жұмысты да бәріне тең қылып бөліп береміз. Бастысы, оқу-өндірістік кешен тігіншілері жоспарды толық орындай алады. Істеген еңбегіне сай жалақылары да уақтылы төленіп тұрады, — дейді мекеме басшысының орынбасары.

Жұмысшылардың айтуынша, мұнда олардың алаңсыз еңбек етуі үшін барлық жағдай жасалған. Мекемеде медициналық кабинет бар. Жұмыс барысында денсаулығы сыр берген жандар сонда барып, маман көмегіне жүгіне алады. Ас ішетін бөлмелер мен ер және әйел адамдарға арналған киім ауыстыру орындары да жасақталған. Қызметкерлер де мекеме іші жылы әрі жұмыс істеуге өте ыңғайлы екенін айтады. Солардың бірі, тәжірибелі тігінші Алтынай Сәбитова:

— Мен бұл кәсіпорында 1984 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Яғни, 40 жылдан астам өмірім осында өтті. Биыл елімізде жұмысшы мамандықтарды насихаттауға көп көңіл бөлініп жатқанына өте қуаныштымын. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, нәпақамды тауып жүргеніме шүкіршілік етемін. Екі көзім көрмесе де шамам келгенше еңбек етіп, елімізге бір пайдам тисе екен деймін. Қазіргі жастарға да шыдамды, еңбекқор болыңдар дей отырып, жұмысшы мамандықтарын мең-
геруге шақырамын. Себебі, еңбек еткен адам ешкімнен қалыспай өмір сүре алады, — дейді ол.

Тігіншілердің жұмысын күнделікті бақылаумен айналысатын шебер Нұржиян Қабылбекқызы да өз жұмысы көңілінен шығатынын айтады.

— Осында еңбек еткеніме 3 жыл болып қалды. Мамандығым – тігінші. Бастапқыда ауыр учаскеде жұмыс істегенмін. Кейін шебер лауазымы беріліп, екі учаскенің тігіншілерінің жұмысын қадағалаймын. Жаңа келген жандарды үйретемін. Ең бастысы, маған ұжым өте қатты ұнайды. Бәріміз бір отбасының баласындай береке-бірлігіміз жарасып, барлық жұмысты бірігіп тындырып тастаймыз, — дейді шебер. Мұндағы жұмысшылар еңбек етумен қатар, әр мерекені жоғары деңгейде атап өтетіндіктерін де жарыса айтты. Екінші үйі саналған кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі, заң талаптары да қатаң сақталғанын атап өткен жөн. Айталық, мекемеде еңбек ететін мүгедектігі бар адамдар заңға сәйкес аптасына 4 күн ғана 7 сағат жұмыс істейді екен. Олардың жұмысқа келіп-кетуіне де жағдай жасалған. Мәселен, І топтың мүгедектігі бар азаматтар инватакси қызметін пайдаланса, өзге қызметкерлерді облыс әкімдігінен тарту етілген арнайы автобус тасымалдайды.

Атап өтерлігі, павлодарлық зағиптардың оқу-өндірістік кәсіпорнының тігіншілері түрлі киім-кешектер, көрпе-жастықтар, орамалдар, құрақ көрпелер тігумен де айналысады. Алайда қазіргі ғимарат қала шетінде орналасқандықтан дайын дүниелерді сату мәселесі қиындық туғызып отырған көрінеді. Мекеме басшылары бұл заттарды әлеуметтік желілер арқылы сатуға шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, кәсіпорын алдағы уақытта жұмысын бұдан да жандандырып, жаңа цехтар ашуды жоспарлауда.

— Көп кешікпей жиһаз шығаратын цех ашу ойымыз бар. Қазіргі таңда бірқатар  құрал-жабдық сатып алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар қызу жалғасуда. Болашақта шкаф, үстел, оқушыларға арналған парта, басқа да тұрмысқа қажетті
жиһаздар жасап шығаратын боламыз, — дейді Сандуғаш Боранбайқызы.

Мемлекет басшысы айтқандай, адал еңбек етіп, адал табыс тауып жүрген мұндағы  жұмысшылардың ісіне сәттілік тілей отырып, алар асуларыңыз биік болсын дейміз.

Нұржайна ШОДЫР.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.