Күні кеше Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Достық үйінде «Адамзаттың асылы – ана» атты республикалық форум өтті. Ауқымды шара аясында Аналар кеңесінің бүгінге дейін атқарылған жұмыстары қорытындыланып, бала тәрбиесі, әке мен ананың отбасындағы рөлі жөнінде ой-пікірлер ортаға салынды.
Аталмыш форумға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, Аналар кеңесінің қоғамдағы мәселелерді шешуге жұмыла атсалысып жүргеніне тоқталды.
— Аналар кеңесі қоғамдағы ұлттық тәрбиені жандандыру мен ұлттық рухты нығайту мақсатында отбасы құндылықтарын, жас ұрпақты тәрбиелеу, құқықбұзушылықтың алдын алу, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелерді басты назарда ұстайды. Бұл бағытта бірнеше мекемемен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Ұйым мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосып, оны шешуге белсенді қатысуда. Оның ішінде құқықтық тәрбие беру мәселесі де бар. Өздеріңізге мәлім, кейінгі кездері жастар арасында құқықбұзушылық көбейді, вандализм, зорлық-зомбылық, балаларға қатысты қылмыстардың артуы алаңдатады. Осы мәселелердің алдын алып адал ұрпақ тәрбиелеу үшін бәріміз бірлесіп еңбек етуіміз керек, — деді Айгүл Қайыртасқызы.
Келесі сөз кезегін алған Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи Аналар кеңесінің бүгінге дейін атқарылған жұмыстарын баяндап, бүгінде жүзеге асып жатқан ауқымды жобалардың бірі — «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының маңыздылығын атап өтті.
— «Аналар кеңесі» орталығының құрылғанына — биыл 10 жыл. Бүгінде 14 мыңнан астам ананың басын біріктіріп отырған консультативтік кеңесші орган ауылдарда да бар. 2021 жылдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асырып келеміз. Жобаның мақсаты — отбасылық құндылықтарды, ұлттық дәстүрлерді сақтау және өскелең ұрпақты тәрбиелеу. Ұлттың тәрбиесі — ананың мойнында. Олай болса, біз ұлтты мәдениетті ету үшін алдымен ананы мәдениетті етуіміз керек, — деді Н.Шанаи.
Жиын барысында «Ана үйі» қоғамдық қорымен меморандумға қол қою рәсімі өтіп, Аналар кеңесінің бірнеше мүшесі мен серіктестері Алғыс хаттармен марапатталды.
Айдана БОРАНБАЕВА.