Дүйсенбінің кеші облыс орталығындағы Естай атын-дағы мәдениет сарайында тағылымды тәрбиеге, имани нұрға толы рухани кеш өтті. Бұл Алланың елшісі, Мұхаммед Пайғамбарымызды ұлықтауға, өнегелі өсиеті мен салихалы сүннетін насихаттауға арналған Мәуліт кеші болатын.
Мәуліт мерекесі дегеніміз – екі дүниенің сардары, адамзаттың асылы Мұхаммед Пайғамбардың дүниеге келген айын ұлықтау мейрамы. Адамзат баласының өміріне үлкен өзгеріс әкелген, жақ-
сылық пен шарапаттың, мейірім мен махаббаттың нұрын сепкен осы күнді ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Әрбір қалада, ауданда және ауылдарда діни-рухани кештер ұйымдастырылып, Алла елшісінің рухына салауатпен сәлем жолданады.
Биылғы мерекелік шараны белгілі айтыскер ақын, көптеген діни өлеңдердің авторы Арман Бердалин жүргізіп, жиналған қауымды адамға өмірлік сабақ алар хисса-дастандармен, ғибратты әңгімелермен сусындатты. Шараның шымылдығын «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің шәкірттері Пайғамбарымызға арналған Мәуліт жырын оқумен ашты. Содан кейін «Омар Фарух» мешітінің бас имамы Ақтөре Әліпбайұлы құран оқып, барша қазақ елінің амандығы, жеріміздің тұтастығы мен тыныштығы үшін дұға жасады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы барша қонақтарға, көрермендерге алғысын айтты.
Осы кештің тағы бір қадірлі қонағы — Шымкент қаласындағы «Сейітжан қари Есжанұлы» мешітінің бас имамы, Ғұламалар кеңесінің мүшесі, елімізге белгілі діни уағызшы Ерсін Әміре. Ерсін ұстаз Мәуліт айының маңызы, Алла елшісінің өнегелі өмірі мен діни қызметі және жас ұрпақтың тәрбиесі туралы уағыз айтты.
— Мұсылмандар үшін өте қуанышты әрі маңызды айды өткізіп жатырмыз. Себебі, ғасырлар бұрын дәл осы уақытта ардақты Пайғамбарымыз дүниеге келген екен. Бұл – жер бетіне Алланың жарық нұры шашылып, адамзат баласы жақсылыққа кенелген уақыт. Пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде «Кімнің басына уайым-қайғы келсе, оны жеңілдету үшін менің дүниеден өткенімді есіне алсын» депті. Себебі, сол кездегі мұсылман қауымы үшін дәл бұдан асқан қасірет жоқ еді. Асыл дінімізде жамағат болып жиналып, Алланың ілімін үйренсе, Пайғамбарымызға салауат айтса, сол жерге жаратқанның мейірімі мен рахымы жауады, жақсылығы мен шарапаты болады екен. Сонымен қатар, осындай салихалы мәжіліске жиналып, пайдалы білім алып, сауапты амал жасағаны үшін барлық күнәларын кешіреді дейді. Тіпті мұндай жиындарға арнайы шықпаса да, өтіп бара жатып кіре салған адам да зор сауапқа кенеліп, күнәлары кешіріледі, — деді Ерсін Әміре.
Осыдан кейін сахнаға Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының әртістері шығып, «Жақсылық» деп аталатын қойылым ұсынды. Ал елімізге белгілі айтыс ақыны, «Алтын домбыра» сыйлығының иегері Аспанбек Шұғатаев арнау айтып, жаратушының ұлылығы мен шексіздігін, Пайғамбарымыздың өнегелі өмір жолдарын көркем жырмен жеткізе білді. Сондай-ақ, әнші-термеші Бауыржан Ахметов те тыңдаған адам үшін тағылымы мен тәлімі зор термелерін жұртқа арнады. Осы шара барысында кәсіпкер азаматтар да жомарттығы мен патша көңілдері арқылы көзге түсіп, көрген жанға қуаныш сыйлады. Белгілі меценат Бахриддин Аблазимов «Әбу Бәкір Сыддық» медресесіне 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады.
Тілеуберді САХАБА.