Жер бетінде ең қауіпті мамандық – өрт сөндіруші. Бұл салада еңбек ету үшін үлкен жүрек керек. Олар — лапылдаған өртпен күресіп, қызыл жалын ортасында қалған адамдарды құтқаратын нағыз батырлар! Өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін бірінші орынға қоятын батыл мамандар! Қызмет барысында қауіппен күнде бетпе-бет келетін ержүректер!
Тілсіз жау салғырттықты кешірмейді. Қызыл жалын орын алған сәтте жылдам шешім қабылдап, табанды әрекет ету маңызды. Жауапты қызметті жанына серік еткен маманның бірі – Алмас Карпбаев. Ол — Павлодар қаласындағы №4 өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары. Төтенше жағдайлар қызметінде еңбек етіп жүргеніне – 20 жыл. Осы уақыт ішінде өрт сөндірушіден бастап қарауыл қызметінің басшысы, аға инженер лауазымдарына дейін көтерілген. Оқыс оқиға орын алған кезде өрт сөндірушілерді дұрыс әрекет етуге бағыттап, қажет болса қызыл жалын ортасына өзі де кіреді.
— Өрт сөндірушілердің есінде қалатын оқиға көп болады. 2023 жылы Восточный шағын ауданында Малайсары көшесі бойында орналасқан «Пельменная» асханасы өртке оранды. Тамақтану орнының екінші қабатында қонақ үй орналасқан болатын. Бұл хабар түскен бойда өрт сөндірушілермен бірге жедел оқиға орнына аттандық. Мен қонақ үйді тексердім. Іштегі адамдарды сыртқа шығару үшін әр бөлменің есігін қақтым. Бірақ қатты тарсылдатқан дыбысқа ешкім мән бермеді. Дәлізде тыныштық сақталды. Содан уақыт тығыз болса да, бөлме ішіне есіктерді сындырып кірдім. Сөйтсем, бір бөлмеде құлағы естімейтін мүгедек адам жатқан. Зейнеткер менің есік қаққанымды, дауысымды естімеген. Қалың ұйқыда болған. Өздігінен қозғала алмайтын қарияны дереу арқама салып, бірінші қабатқа түсірдім. Өрт кезінде тек сол қария жатқан бөлме жанып кетті. Бірінші қабаттағы асхана жанынан тағы бір нысанның құрылысы жүргізілген. Сол қосымша ғимарат ішінен жанып, қызыл жалын екінші қабатқа тараған. Анықталғандай 10 бөлменің біреуінде ғана адам болған. Абырой болғанда, асхананы және қарияны қызыл жалыннан құтқарып қалдық, — дейді Алмас Серікұлы.
Тәжірибелі қызметкер алғаш рет өрт ортасына түскен сәтін де ұмытпаған. Төтенше жағдайлар қызметінің қатарына 2006 жылы қосылған маман Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп – Толстой көшелері қиылысындағы жылыту құбырларындағы ақаудың себебін анықтауға аттанған. Алмас Серікұлы қақаған аязда тұрғын үйдің бесінші қабатында орын алған өрт кезінде екі адамды құтқарған. Оқиға орнына арнайы баспалдақпен көтеріліп, жанып жатқан пәтерге терезе арқылы кірген. Алдымен ер адамды, кейін әйелді подъезге түсірген.
Тәжірибелі қызметкер қауіпті саланы таңдағанына еш өкінбейтінін айтады. Өйткені отбасында жауынгерліктің не екенін көріп өскен. Әкесі талай жыл ішкі істер саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан. Атасы — Ұлы Отан соғысының ардагері.
— Жалындап тұрған жастық шағымда төтенше жағдай қызметінде жұмыс істеуге ерекше құлшындым. Өрт ортасына кірген сәтте біздің міндет — адамдарды құтқару және қызыл жалынды сөндіру. Міндет орындалғаннан кейін ғана оқиғаға оралып, тілсіз жау кезінде ғимараттың төбесі құлап немесе тірідей жанып кетуім мүмкін еді деп ойланасың. Бірақ оқыс оқиға орнында санамызға мұндай ой келмейді. Адам өмірін арашалап қалған сәтте, қызыл жалынмен күрескен кезде өз салама адаспай келгенімді түсінемін. Бұл — тек батыл мамандар жұмыс істейтін қызмет. Өйткені лапылдаған өрт ортасына кез келген адам кіре алмайды, — дейді Алмас Карпбаев.
Алмас Серікұлы қызмет барысында қарамағындағы жеке құрамды оқытады. Арнайы сабақ өткізеді. Өрт сөндіру кезінде орын алатын әр жағдайда дұрыс шешім қабылдай алу әрекетін тәжірибе барысында көрсетеді. Өйткені өрт сөндіру қауіпсіздігі мен ережелерін толығымен кітаптан табу қиын. Оқыс оқиға кезінде жеке құрамға дұрыс жол көрсетіп, бірін қызыл жалын сөндіруге, енді бірін адамдарды құтқаруға бағыттайды.
— Мысалы, бір ғимарат қатты жанып жатыр делік. Нысан иесі сыртта тұр. Ғимарат ішінде ешкім жоқ. Мұндай жағдайда жеке құрамға өрт ортасына кірудің маңызы жоқ екенін түсіндіремін. Өйткені ішке кірсе, нысанның төбесі немесе едені құлап кетуі мүмкін. Өрт сөндірушілердің өміріне қауіп төнеді. Бұл жағдайда қауіпсіздік ережелерін сақтап, терезе арқылы өртті сөндіреміз. Осындай тәсілдерді тәжірибе арқылы үйрендім. Мұндай әрекет кітапта жазылмайды, — дейді А.Карпбаев.
Алмас Серікұлы спортпен шұғылданғанды жақсы көреді. Оның айтуынша, шаһардағы өрт сөндіру бөлімшелеріндегі спорт залдарында теннис ойнауға арналған үстел орнатылған. Бос уақытта осы спорт түрін үйреніп, республика бойынша командалық құрамда чемпион атанған. Атап өтерлігі, жуырда төтенше жағдайлар қызметкерлері арасында өткізілген үстел теннисінен Павлодар облысының құрамасы республикалық деңгейде чемпион атанды. Жақында өрт сөндіру бөлімшелері қызметкерлері арасында волейболдан жарыс өтпек. Алмас Серікұлы бұл жарыста да бақ сынайтынын айтты.
Алмас Карпбаев — өз ісінің маманы ғана емес, отбасында адал жар, балаларына ардақты әке. Жұбайы сот саласында қызмет атқарады. Екеуі — төрт баланы тәрбиелеп отырған отбасы. Ұлдары әкесі сияқты спортты жақсы көреді. Тұңғышы ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде Отан алдындағы борышын өтеуде. Үйге оралған соң өмірін әскери қызметпен байланыстырып, Отан үшін қызмет етуді қалайды. Екінші ұлы колледжде білім алса, үшінші ұлы – 6 жаста. Кенже қыздары балабақшаға барады.
Қауіпті салада табанды еңбек етіп, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеген Алмас Серікұлының қызметіне табыс тілейміз!
Айдана ҚУАНЫШЕВА.