1986 жыл. Ызғарлы желтоқсан. Ұлт азаттығы жолында бас көтерген рухты жастар дүниені дүр сілкіндірді. Кеңестік жүйенің қанжары қылпылдап тұрған шақта алаңға шығып, Алаштың үнін жоғары билікке жеткізіп, Тәуелсіздік үшін алғаш қадам жасаған нағыз ерлер. Сол жастардың қатарында біздің жерлестеріміз де бар. Солардың бірі — тарихшы Амантай Құдабаев. Ол кісі «Желтоқсан тарихы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалының төрағасы қызметін қоса атқарып, желтоқсаншыларды ақтау және олардың құқығын қорғаумен айналысып келеді. Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ағамызбен сұхбаттасып, өткен тарихты еске түсірдік.

— Амантай Жетпісұлы, 1986 жылғы 16 желтоқсанда алаңға шыққан белсенді һәм рухты қазақ жастарының қатарында сіз де болдыңыз. Сол оқиғадан бері арада қанша жыл өтсе де жадыңызда жаңғырып тұратын болар…

— Әрине, оны ұмыту мүмкін емес. Желтоқсан оқиғасын Тәуелсіздіктің алғашқы қадамы деп толық айта аламыз. Ал сол кезде ұлт азаттығы үшін бас көтеріп алаңға шыққан жастарға Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары деген баға берілді. Мұны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де айтты. Бір сөзінде: «1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деген болатын. Рас, олар — қаһармандар. Жетпіс жылдай өмір сүрген тоталитарлық жүйе қанша жерден әрекеттенгенімен азаттық жолында ширыққан, буырқанған қазақ жастарының рухын өлтіре алмады. Кеңестік жүйенің ұлттар мен халықтардың мәдениеті мен тарихын, ұлттық сана-сезімін тұншықтыруға бағытталған әрекеттеріне қарсы жаңа наразылық пен жаңа күш туып келе жатты. Бұл күш 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақ жастарының бойынан көрінді. Желтоқсан оқиғасының басталуына республика басшылығын ауыстыру жөніндегі Мәскеудің әміршілдік әрекеті ғана себеп болған жоқ, жаңа басшылыққа республика халқына мүлдем таныс емес Колбиннің келуі жылдар бойына жинақталған ашу-ыза мен наразылықтың буырқана сыртқа атылып шығуына түрткі болды.

— Сіз алаңға қалай және кіммен бардыңыз? Соны тағы бір мәрте еске түсірсеңіз…

— Мен көрнекті жазушы Рымғали Нұрғалиевтің шақыруымен Алматыдағы «Қазақ энциклопедиясына» жұмысқа орналасқан кезім еді. Менің үйім Брежнев алаңынан бір көше ғана жоғары болатын. 1986 жылдың желтоқсан айында «Социалистік Қазақстанның» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің жаңа нөміріне Д.Қонаевтың орнына Колбин деген адамның келгені туралы жазылды. Бұл халықтың ашу-ызасын туғызып, көтерілуіне әсер етті. Сол күні алаңға көп жас жиналды. Мен де солардың қатарынан табылдым. Бастапқыда жалғыз шығып, алаңға жиналған жастардың қатарына қосылдым. Орталық алаңның мінберіне сол кездегі билік өкілдерінен, компартия басшылығынан Зақаш Камалиденов, Нұрсұлтан Назарбаев, Николай Князев, Зинаида Федотова, Саламат Мұқашев шықты. Осы сәтте З.Камалиденов: «Бұл не жиналыс, кім айтады?» деді.  Мен бірден қолымды көтеріп, жиналған жастардың атынан өз талабымды айтуға оқталып, мінберге шықтым. Сол кезде менің алдымда тұрған Нұрсұлтан Назарбаев: «Мына жастарды алаңға алып келген сен бе?» деп сұрады.

— «Жоқ, мен емеспін», дедім мен.

— «Сен кімсің?» деп тағы сұрады.

— «Мен студентпін, «СХИ»-дің студентімін деп өтірік айттым. Себебі, бұл көтерілістің соңы үлкен қасіретке ұласатынын білдім.

— «Атың кім?» деді. — «Менің атым – Аманжол» деп тағы бұрмалап айттым.

Содан кейін Назарбаев маған қарап: — «Онда мына жастарды өзіңмен алып кете аласың ба?» деді. Мен олай жасай алмайтынымды айттым. Сонымен, ортаға шығып, бүкіл қазақ жастарының атынан талабымды жеткіздім.

— Азаттық рухы ширық-тырған қазақ жастарының ең басты талабы мен тілегі қандай болды?

— Ең басты талабымыз мынау болды: Қазақстанды қазақ басқаруы тиіс, егер өзге ұлт болған жағдайда қазақтың арасында өскен, қазақтың салтымен және дәстүрімен санасатын, халықты сыйлайтын адам сайлануы керек. Мысалы, Қостанайда Андрей Бородин, Солтүстік Қазақстандағы Василий Демиденко, Қарағандыда Александр Коркин секілді облыстық комитет төрағаларының есімдерін айттым. Сол сәтте Камалиденов ишарат жасап, біреуді шақырғандай болды, сол жаққа қарасам, мінберге солдаттар жақындап келе жатыр екен. Мұны Назарбаев та байқап, маған бұл жерден «кет» дегендей белгі берді. Мен дереу халықтың арасына кіріп кеттім. Сондықтан, мені сол кісі құтқарып қалды деп айта аламын. Содан кейін іздеу басталды. Мен оған дейін КазПИ-де оқыған болатынмын. Солдаттар мені іздеп сонда да барған. Бірақ менің қайда екенімді ешкім айтпаған екен. Басшымыз Рымғали Нұрғалиевтің қамқорлығының арқасында ұсталмай, қудаланбай аман қалдым. Тіпті, отыратын кабинетіме дейін ауыстырып, техникалық қызметкерлер отыратын жерге көшіріп тастады.

— Павлодар облысында Желтоқсан оқиғасына қатысқан қанша адам бар және олардың қаншасы ақталды?

— Біздің өңірде Желтоқсан оқиғасына қатысқан 46 адам бар. Барлығы сол кезде Алматыға арман қуып барып, білім алып жатқан қазақтың қайсар ұл-қыздары болатын. Бүгінгі таңда сол азаматтардың оны ғана ақталды. Алдағы мақсатымыз — барлығын ақтап алу. Қазір сол бойынша жұмыс жүріп жатыр. Келесі жылы Желтоқсан оқиғасына 40 жыл толады. Бүгінде осы үлкен тарихи оқиғаға байланысты кітап жазып жатырмын. Оған 16 желтоқсанда алаңға шыққан жерлестеріміздің барлығын енгізіп, естеліктерін аламыз. Яғни, сол уақытта қандай оқиғаларды бастан өткергенін толық жазатын боламыз.

— Қазіргі таңда желтоқ-сандықтар үшін қандай әлеуметтік жеңілдіктер бар?

— Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға мемлекет тарапынан ешқандай жағдай жасалып отырған жоқ. Бізге тағайындалған жеңілдіктер мен жәрдемақының түрлерін естісеңіз жылағыңыз келеді. Мысалы, «Үй телефонын тегін орнату» деген тетігі бар. Қазір оның кімге керегі бар?! Сонымен қатар, үйді жекешелендіруге тегін купон беру, қарттар үйіне кезексіз кіру деген секілді «жеңілдіктеріміз» бар. Бұл бізді қорлау және мазақ ету деп білемін. Қандай мемлекет үлкен кісілеріне қарттар үйіне тегін жолдама беріп отыр? Бұл – сонау Кеңес үкіметі кезінде түрлі әлеуметтік топтарға көрсетілген қызметтер. Ал ең сорақысы -желтоқсаншыларға тағайындалған жәрдемақы көлемі — айына төрт мың теңге. Қазіргі уақытта мұндай ақшаға не алуға болады? Тіпті, бір келі май да ала алмайсыз. Менің картама 4 мың теңге түскен сайын жүрегім дір етеді. Себебі, мазағын еске салып тұрғандай. Мұның барлығы заңда әлі күнге дейін жазылып тұр. Бір қызығы, осы заңға 18 рет өзгеріс енгізілсе де, желтоқсаншыларға арналған жеңілдіктер туралы тарауға ешкім тиіспеген.

— Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.