Жуырда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық деңгейіндегі жеңімпаздарын анықтау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Қазылар алқасының шешімімен Ақтоғай ауданының ұстаздар әулеті үздік атанды.
2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан аталған конкурс адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің оң имиджін дамытуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған.
Биыл өңірлік байқауға қатысуға 124 өтінім түскен. Облыстық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Ақтоғай ауданындағы Теміровтер отбасы бірінші орын иегері атанды. Павлодар ауданынан келген Апештер әулеті екінші орынды, Май ауданының Адамжановтар отбасы үшінші орынды иеленді.
Бірнеше жыл бойы сайысты бақылап жүрген ұстаздар отбасы осы жылы әлеуметтік желілерден сайыс ережесімен танысып, қатысуға бел байлаған. Осылайша, өздерінде бар ақпаратты, жеткен жетістіктерін жинап, жүйелеп, отбасылық құндылықтарды, дәстүрлерді видеода көрсетіп, әулеттің фотосуреттерін дайындаған.
Отағасы Рыспек Теміров қатардағы электр маманынан «Павлодар энергия тарату компаниясында» шебер қызметіне дейін көтеріліп, 30 жыл бойы осы салада еңбек етуде.
– Қараоба ауылына келін болып түскелі балабақша тәрбиешісі, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, мектеп директоры қызметтерін атқардым. Қазіргі таңда Қараоба ауылдық округінің әкімімін. Екі қызым, ұлым мен келінім мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Күйеу баламыз да еңбек жолын қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып бастаған. Мұндай сайысқа бірінші рет қатысып отырмыз. Біз үшін жақсы тәжірибе болды. Осы күнге дейінгі өмірімізге талдау жасауға мүмкіндік берді, – дейді Шолпан Байдильдина.
Айта кетейік, қыркүйек айында Теміровтер әулеті ұлттық конкурстың республикалық кезеңінде Павлодар облысының намысын қорғайды.
Өз тілшіміз.