Тіл білімінің сарапшылары мен ғалымдары мемлекеттік тілді үйретуді мектептен бастап нығайту керек дегенді жиі көтереді. Себебі, аралас және орыс тілді мектептерін бітірген түлектердің қазақша тілі әлі күрмеліп тұрғаны жасырын емес. Иә, орыс сыныбын бітіріп шыққандардың көбі мемлекеттік тіл — қазақ тілін тиісті деңгейде меңгеріп шығып жатқан жоқ. Сонда орта мектепте оқыған 11 жылдың нәтижесі қайда? Бұл ретте оқушыдан талап ете алмаған мұғалімді кінәлаймыз ба әлде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін пән деп санамаған оқушыны айыптаймыз ба? Осы және өзге де тақырып төңірегінде Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Шерубай Құрманбайұлымен сұхбаттастық.

— Шерубай аға, Павлодар өңіріне хош келдіңіз! Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы орыс тілді мектептерінде мемлекеттік тілді үйрету әдісте-месін күшейтуге көңіл бөліп жатыр екен. Оған не себеп болды?

— Орыс мектептерінде қазақ тілін он бір жыл оқып шықса да университетке барғанда қазақша атын жаза алмайтын жастар көп. Бұл біріншіден, мұғалімнің оқыту әдістемесі мен ол қолданатын оқулықтың сапасына тікелей байланысты екені сөзсіз. Сондықтан, осы мәселе төңірегінде жұмыс жүргізе бастадық. Яғни, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жұмысының негізгі бағыттарының бірі — қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне ғылыми, әдістемелік қолдау көрсету. Себебі, мемлекеттік тілді үйрету, оның қолданыс аясын кеңейту шаруасы сол тілді тартымды, қызықты оқытумен тығыз байланысты. Міне, осылай ғана жас жеткіншектің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттырамыз. Бұл жұмыс әлбетте мектептен басталуы қажет. Яғни, мектеп оқушысы мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгеріп шығуы үшін шебер мұғалімнен сабақ алуы керек, ол үшін мұғалімнің кәсіби деңгейі жоғары болуы қажет. Екіншіден, оқулық құралдары да сапалы, баланың жасына, ой-өрісіне сай болуы керек. Осы бағытта еліміздің жеті облысында тіл форумын өткіздік.

Жақында Павлодар қаласында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған форум өтті. Форум барысында орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту мәселесі кеңінен талқыланды. Сол форумға қазақ тілі пәнін оқытудың тиімділігін арттыра алатын білікті мамандар, озық тәжірибелі ұстаздар шақырылды. Ол өздерінің білімі мен тәжірибесін көрсететін шеберлік сағаттарын өткізді. Атап айтқанда, теория мен тәжірибені ұштастыра отырып дәрістер оқиды. Әдіскер мамандар оқытудың нақты проблемаларын атап, оны дұрыстаудың жолдарын көрсетуде. Негізі, оқушы баланың болашақ мамандығын таңдауына пән мұғалімінің ықпалы зор. Сол үшін қазақ тілі пәнінен сабақ беретін мұғалімдер де білімді, мәдениетті әрі өз мамандығының шын жанашыры болғаны абзал. Бұл — оқушының қазақ тіліне деген құрметі мен құлшынысын арттыратын ең тиімді тәсілдердің бірі. Енді алдағы жоспарларымыздың бірі — сапалы әдістемелік құралдар дайындау, оқыту құралдарының сапасын жетілдіру. Қысқасы, оқушы мен мұғалімге не керек екенін анықтай отырып, сол бағытта жұмыс жүргізетін боламыз. Сонымен қатар, оқушының ата-анасының мемлекеттік тілге деген көзқарасын өзгерту, дұрыс көзқарас қалып-тастыру жағын да назардан тыс қалдырмаймыз.

— Бұл жерде мұғалім мен оқулықтан басқа да факторлар бар ғой. Ол жөнінде не дейсіз?

— Әрине, мемлекеттік тілдің өз тұғырына қона алмай тұруына әсер ететін факторлар өте көп. Бірақ, алдымен оның «диагнозын» анықтау жағын ойламайды екенбіз. Мысалы, ағылшын тілінің ғалымдары мәселені басқа қырынан зерттей отырып, тіл оқытылып жатқан елдің географиялық жағдайы, саяси бағыты және әлеуметтік-экономикалық ахуалы да айрықша маңызға ие екенін анықтаған. Сонымен қатар, қоғамдағы сол тілге деген сұраныстың болуы да өзекті. Яғни, біздің жағдайда қазақ тілі осы елде өмір сүруге ең қажетті құралдардың біріне айналған болуы керек. Міне, сонда ғана адам өзіне керек нәрсені іздеп табады немесе үйренеді. Сондықтан, мемлекеттің негізгі саясаты осыған бағытталуы тиіс. Сондай-ақ, қазақ тілі ғылым мен білімнің, мәдениет пен қызметтің тілі деген ұғым қалыптастыруымыз қажет болып тұр. Иә, географиялық жағдайымыз баршамызға мәлім, бір ғасырға жуық одақтас ел құрамында болып, сол одақтың тізгінін ұстап келген Ресеймен шекаралас көршіміз.

Іргелес ірі елмен әлі күнге дейін саяси-экономикалық байланыста болуымыз орыс тілінің беделінің сақталуына өз ықпалын тигізіп отырғаны анық. Оның үстіне қазақ тілімен қатар орыс тілінің де еркін қолданылуын заңмен бекітіп қойдық. Ал енді КСРО кезінде зор беделге ие болған орыс тілі мен еркіндігіне жаңа ие болған елдің тілін қатар қойғанда қайсысының мүмкіндігі мол болатынын болжау қиын емес. Оны өткен 30 жылдан астам уақытта әбден көрдік. Мен мемлекеттік тілдің өз биігіне жете алмауына осы факторларды келтірер едім. Ең бастысы — тілге деген сұраныс, сұраныс артқан жерде  қажеттілік туындайды, қажеттілік туындаса құлшыныс артады, құлшыныс болған жерде нәтиже болады.

— Жоғарыда елдің экономикалық жағдайы туралы сөз еттіңіз. Экономикалық тұрақсыздық өз тілімізді үйренуге қаншалықты кедергі болады?

— Әрине, экономикалық жағдай барлығынан маңызды. Мысалы, алдыңғы қатарлы Еуропа елдерін алатын болсақ, ол елдегі адамдардың тілді үйренуге, басқа мәдениеттермен танысуға мүмкін-дігі мол. Халықтың қарны тоқ, жағдайы жақсы болған кезде ғана ғылым-білімге ұмтылып, өзінің қалаған ісіне көңіл бөлуге мүмкіндігі болады. Ал ашқұрсақ адамның қарынның қамынан басқамен ісі болмайтыны анық. Сондықтан, біздің экономикалық жағдайымыз — қазақстандықтардың қазақ тіліне деген көзқарасын қалыптастыруға әсер ететін негізгі факторлардың бірі.

— Қазақстанда қазақ тілі ғылым мен техниканың тіліне айнала алды ма?

— 1930-90 жылдар арасындағы кеңестік саясат орыс тілінің еліміздегі үстемдігін арттыруға орасан зор ықпал етті. Біздің көптеген жоғары оқу орындарда, әсіресе техникалық білім беретін оқу орындарында, әскери жоғары оқу орындарында, шекара училищесінде қазақ бөлімі болған жоқ. Алғаш қазақша сөйлейтін офицерді көргенде таңқалғанымыз рас. 90-шы жылдардың басында ҚазГУ-де жұмыс істеп жүргенде халықаралық қатынастар бойынша маман даярлау мәселесі көтерілгенде халықаралық құқықтан сабақ бере-
тін профессор болмады, оқулық та жоқ еді.  Өкінішке қарай, сол кезде көптеген қабілетті жастар орыс бөлімдерінде білім алып, кәсіби тілі орысша қалыптасып кетті. Міне, осы мәселе әлі толық шешіле қойған жоқ. Техникалық білім беру саласында қазақ тілді ғылыми кадр бүгін де жеткілікті деп айта алмаймыз. Соның кесірінен қазақ тілі толығымен ғылым мен техниканың тіліне айналды деп айта алмаймын.

— Тіл жанашырлары мен қоғам белсенділері мемле-кеттік тілдің мәртебесін арттырудың түрлі жолдарын айтып жүр. Соны бірі — ҰБТ-ны орыс тілінде тапсыратын түлектерге қазақ тілін енгізу мәселесі. Міне, сонда олар қазақ тілі пәнін өздерінің болашағы үшін оқиды. Бұл қаншалықты мүмкін?

— Мемлекеттік тілді білу, үйрену — Қазақстан Республикасының әрбір азаматының міндеті. Бірақ мұны көп адам мойында-ғысы келмейді. Сондықтан, мектеп түлектеріне ЖОО-на түсу үшін мемлекеттік тілде сынақ тапсыруды міндеттеу — өте маңызды қадам. Бұл мәселе бұрыннан көтеріліп келеді, түптің түбінде соған жетеміз деп санаймын. Екіншіден, кез келген лауазым иесіне мемлекеттік тілді А1, Б1, С1 деңгейінде білу керек деген талап қойылуы шарт. Яғни, мемлекеттік қызметке келетін адамнан қазақ тілі заң арқылы талап етілуі тиіс. Онсыз біз тілге деген қажеттілікті туғыза алмаймыз.

— Орыс сыныптарына қазақ тілінде сабақ  беретін мұғалімдердің айтатын бір ғана уәжі бар. Бұл —  оқушылардың осы пәнді оқуға құлықсыздығы, яғни, қазақ тілін оқып үйренуге деген құлшыныстың жоқтығы. Бірақ біліміне сай төмен баға қоя алмайды, анығында басшылық мектептің рейтингі үшін лайықты бағасын қойдырмайды…

— Әрине, бұл — түйткілді дүние. Жалпы, баланың бағасын өтірік көтермелеу дегеніміз — оның болашағына балта шабу деген сөз. Бұл — алдымен мұғалімнің және мектептің кемшілігі. Біз осылайша қазақ тілінің абырой-беделін аяқасты етудеміз. Бұрын класқа қалдыру дейтін болатын еді. Бір сыныпта 30 бала оқыса, соның бір-екеуі келесі сыныпқа өтпей қалады. Қазір бұл тәсіл мүлдем қолданылмайды. Сондықтан, бұл жерде тағы мұғалімнің алдындағы оқушыға қатаң талап қоя алмай отырғанын айтамыз.

— Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тағы қандай бағытта жұмыс жүргізуде?

— «Қазақ тілі» қоғамы қолға алған тағы бір жұмыс — ІТ технология саласын дамыту мәселесі.  Бұл — қазақ тілін цифрландыру, түрлі қосымшалар жасау, қазақ тілінде сапалы өнімдер даярлау бағытындағы жұмыстар. Сонымен қатар, мектеп жасындағы оқушыларды сапалы қазақ тілді контентпен қамтамасыз ету. Себебі,  қазақ тілінің іргетасы білім жүйесінен бастап қаланатынын ұмытпауымыз керек. Оқушы өз ана тілінде не іздесе сол табылуы қажет, сонда олар өзге тілге мұқтаж болмайды, өзге тілдегі контентпен сусындамайды. Оның сыртында түрлі үгіт-насихат жұмыстары да жүргізіледі.

— Әңгімеңізге рақмет! Мемлекеттік тілді өрістету бағытында жемісті еңбек тілейміз!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.