Өткен аптада көктемгі су тасқыны кезінде орын алған төтенше жағдайларды жоюға атсалысқан азаматтар марапатталды. «Достық үйінде» өткен салтанатты жиын барысында елімізде және облыста орын алған апаттық жағдайларға қол ұшын созған кәсіпкерлер, құтқарушылар, полиция қызметкерлері, еріктілер және жанашыр ел азаматтарына құрмет көрсетілді.

Облыс әкімі Асайын Байханов бейбіт күннің батырларына төтенше жағдай кезіндегі жанқиярлық еңбектері мен көмектері үшін алғысын білдірді.

— Аймағымызда жыл басынан бері бірнеше апаттық оқиға орын алды. Төтенше жағдай-лармен күресте атса-лысқан жанашыр азаматтарға алғысымды білдіремін. Сіздер бірлік пен төзімділіктің жоғары үлгісін көрсете алдыңыздар. Өздеріңіз білетіндей, «Майқайың-алтын» кәсіпорнында орын алған апаттың салдарынан 4 адам көз жұмды. Майқайыңдағы су құбыры жарылып, аудандарда көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдай орын алды. Осындай қиын жағдайда сіздер бірге болып, қолұшын созып, бар күш-жігерлеріңізді көрсеттіңіздер. Елмен бірге болдыңыздар. Сол үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Ел басына күн туған шақта еріктілер, кәсіпкерлер, құтқарушылар аянып қалған жоқ, — деді Асайын Қуандықұлы.

Бұл күні 15 адам «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Оның ішінде демеушілік көрсеткен кәсіпкерлер бар. Сонымен қатар, 20 адам облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, 40 адам Алғыс хатпен марапатталды.

Жергілікті биліктің құрметіне ие болған-дардың қатарында Павлодар қаласы №27 мектептің оқушылары Әмина мен Мирас Имантаевтар да бар. Бір үйдің екі баласы тиын салғышқа жинаған азын-аулақ қаржысын төтенше жағдаймен күрескен мамандарға берген.

— Қарындасым екеуміз теледидардан көктемгі су тасқыны кезінде болып жатқан оқиғаларды көрдік. Халықтың ақша жинап, көмек көрсетіп жатқанын естідік. Анамызға біз де қол ұшын созғымыз келетінін айттық. Сөйтіп, тиын салғышқа бір жыл жинаған ақшамызды алып бердік. Қарындасым 2 мың, мен 3 мың теңге жинадым, — дейді Мирас Имантаев.

Бұл күні марапат иелеріне шағын концерт ұйымдастырылды. «Нұр» би ансамблі «Шашу» биін тарту етсе, «RUH» этно-микс ансамблі «Қамажай» күйін арнады. Сонымен қатар, жергілікті әнші Наталья Процкая «Сильные люди» әнін шырқаса, әнші Бахтияр Қожанов «Атамекен» әнін айтты.

Марат  ОСПАНОВ, Екібастұз қаласындағы құтқару бөлімшесінің басшысы:

—  «Майқайың-алтын» кен орнында болған оқиға еліміз бойынша кәсіпорында тіркелген алғашқы төтенше жағдай деп ойлаймын.  Жер опырылып, 4 адам мінген автобус жер астына кетті. Құтқарушылар 2 адамның денесін алып шықты. Өкінішке қарай, ауа райының қолайсыздығына, мамандардың өміріне қауіп төнуіне байланысты іздестіру шарасы тоқтатылды. Өте қиын кезеңді бастан өткердік. Осы салада 20 жылға жуық уақыт еңбек етіп келемін. Бүгін еңбегіміз еленіп, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісін алғаныма қуаныштымын. Адамдарды құтқару — біздің міндетіміз. Мұндай алапат апат орын алмасын деп тілеймін.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.