Әрбір жас өреннің әскер қатарында борышын өтеуі — абыройлы міндет. Қырағылық пен жауапкершілікті бойына қалыптастырып, қайсарлық пен өжеттілікті үйрететін әскери өмірді сезінген жас сарбаздардың Отанға деген адалдық анты сенімді әрі нық айтылуы тиіс. ҚР Ұлттық ұлан 5512 әскери бөлімінде ант қабылдау рәсімі асқақ абыроймен өтті. Бұл күні әскери қызметшілер мен жас сарбаздар аналар комитеті мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінен аналық ақ батасын алды.
Павлодар облысының Аналар кеңесінің мүшелері No5512 әскери бөлімінде қонақ болып, жас жауынгерлердің ыстық сағыныштарымен бөлісті. Кездесу барысында сарбаздарды әскерге бейімдеу, командирлердің әскери және құқықтық тәртіптің жай-күйі үшін жауап-кершілігін арттыру, әскери қызметшілердің құқықтарын сақтау және тамақтану сапасы секілді өзекті мәселелер де талқыланды. Ақ жаулықты аналар мен сарбаздар арасындағы еркін форматта өткен отырыста отбасы құндылықтары, салауатты қарым-қатынас туралы ақпараттар айтылды. Сондай-ақ, құқықтық тәртіп әскерінің қызметкерлері әскери ұжымдарда салауатты атмосфера құру, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, «Өміріңді сақта» бағдарламасын іске асыру, ашықтық пен әділеттілік қағидаттары, сондай-ақ, әскери қызметтің имиджі мен әлеуметтік кепілдіктерді арттыру үшін ведомство қабылдайтын шаралар туралы хабардар етті. Кездесу барысында «Аналар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова жас ұрпақтың бойына мәдениет пен өнерді дарытудың маңызы туралы сөз қозғады. Көптеген әскерге шақырылғандардың кітап оқуға деген құштарлығы зор екенін айтқан ол, «Аналар кеңесімен» бірлесіп, жауынгерлерге кітап сыйлау туралы шешім қабылдапты. Кітапхана сөрелері әлемдік классиканың басылымдарымен, ғылыми-көпшілік әдебиетімен, сондай-ақ, детективтер мен заманауи романдармен толықты. Бөлімшенің аға офицері Арман Әбдірасылов әскери бөлімінің аумағында «Аналар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ақын, жазушы, философ, тарихшы әрі
композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай сарбаздармен тақырыптық кеш өткенін жеткізді. Кеште ақынның өмірі мен шығарма-шылығына қатысты тың ақпа-
раттар айтылып, өлеңдер оқылды. Сонымен бірге шараға Шәкәрім Құдайбердіұлының жиеншары Құралай Уақпаева қатысып, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» өлеңін қазақтың қара домбырасына салып, сарбаздармен қоса шырқады. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Светлана Шин әскери бөлімшенің сыртқы келбетіне назар аударып, қорғаныс бекінісін абаттандыру мәселесіне тоқталды. Ол алдын ала келісім жасалғаннан кейін белгілі эколог, «Туған жер» отбасылық игілігінің басшысы Юрий Гашекпен бірге іргелес аумақтағы ауру көшеттерге сараптама жасалып, оларға күтім жасау бойынша ұсыныстар берілетінін атап өтті. Айта кетейік, Ұлттық ұланның қоғам өкілдерімен ынты-мақтастығы тұрақты әрі белсенді жүргізіледі. Мысалы, «Аналар жүрегі» сарбаздар аналарының комитеті әскерге шақырылған жас толықтырулармен және ата-аналармен үнемі кездесулер өткізеді. Жұмыстың бұл форматы ата-аналардың көкейін-дегі сұрақтарына жауап тауып, мәселелрін шешуге, әскери ұжыммен байланыс орнатуға және әскер жасындағы жастардың күмәнін жоюға мүмкіндік береді. Өз кезегінде қоғамдық бірлестік мүшелері әскер басшылығының бірлескен диалогты жолға қоюдағы қадамдарына оң баға берді және әскери бөлімдердің командирлері мен жергілікті жерлердегі тиісті құрылымдардың басшылықтары аталған ұйымның жұмысына ықпал етеді деген үмітін білдірді.
— Біздің қоғамдық ұйым әр сарбаз үшін өз баласындай алаңдайды. Біз бәріміз анамыз және балаларымыздың әскери борышын қалай және қандай жағдайда орындайтынына қатты мән береміз. Біз әскери бөлімдермен мүмкіндігінше тығыз жұмыс істеуге тырысамыз, сондықтан сарбаздардың ата–аналары ұлдары үшін уайымдамаса болады, — дейді аналар.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.