Павлодар қаласындағы Центральная көшесі 6 мекенжайындағы 24 пәтердің тұрғындары 16-қазанға дейін көшуі тиіс. Себебі, бұл үй апатты деп танылды. Қабырғалары сөгіліп, төбесінің түсу қаупі бар. Сондықтан төтенше жағдай қызметінің мамандары белгіленген уақытта тұрғын үйді босатуға кеңес берді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтылды. Үйлерінің қабырғасының сөгіле бастағанын тұрғындар биыл тамыз айында қалалық әкімдікке хабарлаған. Дереу комиссия құрылып, тексерілді. Мамандар Центральная көшесіндегі 6-үймен қатар әрі дәл сондай технологиямен салынған 2-ші және 8-ші үйлерді де қарап шыққан. Жан-жақты тексеру үшін сараптама жасайтын ұйым тартылған. Сөйтіп, тамыз айының соңында үш мекенжай бойынша жергілікті деңгейдегі техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. №6 үйде қауіп жоғары болғандықтан осында тұратын тұрғындарды дереу көшіру шешімі қабылданып отыр. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның мәлімдеуінше, тұрғындар тұрғын үйді және оның орналасқан жерін мемлекеттік қажеттілікке қайтарып алу іс-шаралары аяқталғанға дейін жалдамалы пәтерлерге көшіріледі. Жалдамалы пәтерлердің жалдық құны мемлекет тарапынан төленеді. Оған қаржы қалалық әкімдіктің төтенше жағдай резервінен бөлінді. Ал Центральная көшесі 2 және 8-үйлерінің тұрғындары әзірге көшірілмейді. Мұнда әлі де қосымша тексеру жүргізіліп, үйлерді сақтап қалу мүмкіндігінің бар-жоғы, қауіптілігі жіті қаралады. Содан кейін шешім шығарылады.
Павлодар қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығының міндетін атқарушы Тілекжан Галямов №6 үйдің тұрғындарына уақытылы пәтерлерін босатуға кеңес берді. Бұл үйлер 1989 жылы салынған. Яғни, аса ескі деп саналмайды. Алайда, блоктарының арасындағы дәнекерлеу тігістерінің ажырай бастауы кезінде құрылыс нормаларының бұзылуынан болуы мүмкін деген болжам айтты. Тұрғындарға 16-қазанға дейін көшу қажеттігі туралы хабарлама қолдарына ұстатылған. Осы мерзімнен кейін мамандар электр қуатынан ажыратып, үйдің кіреберістері мен терезелерін бекітетін болады.
Өз тілшіміз.