Ертіс-Баян өңірінде араб және парсы жазуларын оқып, оны қазақшаға тікелей тәржімалайтын мамандар жоқтың қасы. Бұл бағытта қыруар еңбек атқарып санаулы маманның бірі — филология ғылымдарының кандидаты, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры Әділбек Әміренов. Ұлтымыздың талай баға жетпес құнды мұраларын құпия сақтаған араб-парсы жазуларының бетін ашқан ғалыммен әңгімелесіп, осы төңіректе атқарылып жатқан жұмыстар хақында сөйлеттік.
— Әділбек Дәуітбекұлы, сіз араб және парсы тілдерінің маманы ретінде алғаш қай бағытта, қандай тақырыпта зерттеу жасадыңыз?
— Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің араб тілі бөлімін бітірдім. Бірақ онда тек араб тілі ғана емес, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, түркітану, шығыстану және басқа да пәндерді оқыдық. Бізге мүйізі қарағайдай мықты ғалымдар сабақ берді. Мысалы, араб тілінен Ленинград университетінің түлегі Мәрзия Мәженова, араб әдебиеті тарихынан белгілі шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлі сабақ берді. Парсы әдебиетінен Өтеген Күмісбаевтың дәрісін тыңдасақ, қазақ тілінен Талғат Сайранбаев, Алтай Аманжолов, Зейнолла Қабдолов сынды тілші ғалымдардың алдында отырып, тәлімін алдық. Менің бұл бағыттағы ең алғаш зерттеген тақырыбым Мақыш Қалтайұлының шығармашылығы еді. Ол – Ақмола облысы Қараөткел ауылының тумасы. Руы – қыпшақ. Кезінде Қазаннан 8 кітап шығарған, барлығы араб әрпімен басылыпты. Бұл — өте күрделі ақын. Себебі, өлеңдерінің көбі дін тақырыбында жазылған. Шығармаларында діни терминдерді көп қолданған. Содан болар, бұған көп зерттеушінің тісі батпай жүрді. Ал өзім араб тілінің маманы болғандықтан зерттеу тақырыбым ретінде алдым. Алдымен сегіз кітаптың барлығын Қазаннан алдырып, қазақшаладым және араб, парсы сөздеріне түсініктеме жаздым. Жазған еңбегім кітап болып шықты. Менің бір таңқалғаным — Әлкей Марғұланның Омбы мұрағатынан Мәшһүр Жүсіпке жазған хатында осы Мақыш Қалтайұлы туралы сөз қозғайды. Әлкей өзінің хатында Мәшекеңе «Мақыш Қалтайұлы, Нұржан Наушабаев дегендерді танисыз ба? Мұнда Нұржан Наушабаевтың «Алаш» деген кітабы, Мақыш Қалтайұлының «Аяр қатын» деген дерегі жатыр» деген сауал жолдайды. Кейін мен Мақыш Қалтайұлының мұрасын іздеу барысында жазған хатыма жауап келмеді. Болашақта іздеп, табуға болады деп санаймын. Мақыш — араб тілін терең білген адам, 1911 жылы Сағынай байдың тілмашы болып, қажылыққа бірге барып келген. Соның өтеуі ретінде Сағынай бай Мақыштың барлық кітаптарын шығарып берген.
— Қазақ халқы ХХ ғасырдың бірінші жартысына дейін араб графикасын қолданып келді. Демек, біздің көп мұраларымыз, ұлттың әдебиеті, тарихы, фольклоры, шежіресі осы тілде жазылып қалғаны анық. Бүгінде осы мұраларды зерттеу, тәржімалап, оқырманға жеткізу жағы қалай жүріп келеді?
— Алдымен «бізге араб және парсы тілдері не үшін керек?» дегенге тоқталайын. Көбі бұл тілді меңгеру тек дінді тану үшін, Құран оқу үшін ғана керек деп санайды. Бұл — мүлде басқа бағыттағы, басқа мақсаттағы мәселе. Нақтырақ айтар болсақ, қазақтың, соның ішінде мұсылманданған түркітілдес халықтың рухани мұрасы араб және парсы тілдерімен тікелей байланысты. Орта ғасырлардағы түркі зияткерлерінің барлығы араб және парсы тілдерін жетік меңгерген. Соның ішінде Махмұт Қашғари, Жүсіп Баласағұн, әл-Фараби сынды ұлы ғұламаларды айтуға болады. Қазір біз зерттеп жүрген ортатүркілік жазба мұраларының барлығы араб жазуымен, ортақ түркі тілінде жазылған. Бірақ мына дүниені ескеру керек: бұлардың жазу қарпі арабша болғанымен, түркі тілінде жазды. Тек әл-Фараби ғана араб тілінде жазған. Бірақ әл Фарабидің қай шығармасына үңілсеңіз де, түркілік сарын барын байқайсыз. Мұны фарабитанушылардың барлығы айтып жүр. Әсіресе, «Музыканың үлкен кітабы» деген еңбегінде музыкалық аспаптардың барлығын түркі тілінде атайды. Сонымен қатар, орта түркілік жазба мұралардың ішінде Жүсіп Баласағұн еңбектеріне араб-парсы сөздері араласқанымен, түркі тілінде жазылған. Негізі араб әрпімен жазылған дүниелердің барлығын араб тілі деп шатастырып жатады. Бұл олай емес. Кезіндегі Қараханидтер дәуірінде, Боғра хан кезінде бастап қабылданған Ислам діні негізінде араб, парсы мәдениетін өзімізге сіңірдік. Әсіресе, оқу-ағартуға, діни философияға қатысты терминдердің барлығы сол кезден бастап келді.
— Сонда араб жазуын біздің түркітілдес халықтар қай ғасырдан бастап қолданды?
— Ортатүркілік араб жазуы бізге 11-12-ғасырлардан бастап ене бастады. Мұны ескі араб жазуы немесе қадым жазуы деп те атады. Бұл жазулардың күрделі болуының себебі бар. Яғни, араб, парсы тілдерінің грамматикалық, фонетикалық ерешеліктері сақталып жазылған. 19-ғасырдың соңғы ширегінде қазақтың оқығандары тілге байланысты көп мәселе көтерді ғой. Әріптерімізді, тілімізді сақтап қалу жөнінде газет-журналдарда көп еңбектері жарық көрді. Одан кейін 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліпбиін қолға алып, таза қазақ тіліне негіздеп қайта жасады. Мұнда қазақтың тілінің барлық табиғаты сақталған. Бұл жазуды «төте жазу» деп атады. «Төте жазу» деп атайтын себебі – бірден қазақ тілі негізінде жасалды. Ол шеттен келген сөздердің барлығын қазақшалады. Мысалы, «бөрене», «бөтелке», «шәжік» секілді сөздеріміз сол тұста қалыптасты. Міне, кезінде осы жазумен жазылған жәдігерлер қазір де көптеп табылып жатыр. Жалпы, ортатүркілік кезеңнен, яғни, 11 ғасырдан бастап біздің тілге араб, парсы тілі араласқанын жоғары айттық. Себебі, ол кезде араб тілі ғылым тілі, парсы тілі поэзия тілі болды. Сондықтан болар, Ахмет Яссауидың «Диуани хикметінде» парсы сөздері көп кездеседі. Себебі, Ахмет Яссауидың шығармасы сопылық поэзияға жатады. Сопылық ағым бұрын парсы елдерінде жақсы дамыған. Онда араб, парсы сөздері қатар қолданылады. Негізі бұл екеуі екі бөлек тіл болғанымен, бір-бірімен ықпалдастығы өте зор. Кейін осы екі тіл тоғыса келіп, біздің түркітілдес халықтарының ортақ тіліне, ортақ әдеби тіліне айналды. Осы тілде барлығы оқыды, барлығы түсінді. Біздің Абайға дейінгі ұлы ғұламаларымыздың барлығы осы тілде жазды. Жалпы, 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басына, тіпті 1950 жылдарға дейін араб қарпін қолданып келген қазақтар болды. Оған Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйым-дастыруымен болған экспедиция барысында көзіміз жетті.
— Осы жоба барысында аудан және ауылдарды аралап жүріп, көптеген құнды жәді-герлерді таптыңыздар. Енді соған тоқталсаңыз…
— Иә, осы экспедициямен Ертіс-Баян өңірін аралау барысында қарапайым халық арасында сақталған көптеген құнды мұраларға қол жеткіздік. Соның бірі – 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында басылған Абайдың шығармалар жинағы. Бұл жинақ кезінде 100 данамен ғана шыққан екен, ал қазіргі таңда Қазақстан бойынша алты данасы ғана бар. Соның ішіндегі ең сапалысы — біз тапқан нұсқасы. Сонымен қатар, Алаш қайраткерлерінің еңбектері де табылды. Атап айтсақ, Қошке Кемеңгеровтің «Қазақ тарихынан» деп аталатын өте бір құнды еңбегі қолға түсті. Ол кезінде бір рет қана басылып, одан кейін цензураға ұшырап кеткен екен. Сонымен қатар, ертеректе шығып тұрған «Qazaq», «Социалистік Қазақстан», «Еңбекші қазақ» сынды газеттердің түрлі сандарын да қолға түсіріп, музей қорына өткіздік. Одан бөлек, табылған рухани олжаларымыздың қатарында көптеген қолжазбалар да бар. Соның ішінде, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаевтың әкелері Кенжетайдың қолжазбасын, өлеңдерін ерекше атап өтуге болады. Олар әлі жарияланған жоқ, оған да уақыт келеді деп ойлаймын. Сол секілді, Қисса-дастандар, діни шығармалар бар. Олардың барлығы — бұған дейін шыққан 100 томдық қисса дастандардың жинағына енбеген шығармалар. Ел ішін аралап жүрген кезде діни кітаптар да көп кездесіп жатты. Экспедиция барысында табылған құнды қолжазбалардың, кітаптардың барлығы Бұқар жырау музейінде сақталып тұр. Олардың кейбірі төте жазумен жазылған болса, кейбірі латын қарпінде жазылған. Солардың ішінде бізді таңдандырған бір дүние — ол соғыс кезінде күйеуі мен екі баласынан айырылған әйел адамның жоқтауы. Жоқтау мәтіні латын қарпінде жазылған екен. Сөздері сай-сүйегіңнен өтеді. Міне, осының барлығы жарыққа шығып, халыққа жетуі керек. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі осы жоба арқылы бүкіл Қазақстанға танымал болды. Бірнеше рет республикалық баспасөз беттеріне шықты. Республикалық телеарналарда жаңалықтар көрсетілді.
— Соған қарағанда кеңес үкіметі кезінде де ел ішінде сауатты адамдар көп болған ғой…
— Иә «Кеңес үкіметі кезінде халық сауатсыз болды, қазақ балаларын оқытқан медреселерде жөнді білім берілмеді» деген қате түсінік қалыптасты ғой. Ал сол кезден қалып, қазір табылып жатқан кітаптарды, қолжаз-баларды қарасаңыз онымен мүлде келіспейсіз. Сол кездің өзінде діни философия, логикалық ойлу, математикалық ойлау сынды сабақтар оқытылған. Міне, осы табылған құнды мұралардың барлығын оқып, тәржімаладық.
— Осы экспедиция барысында табылған құнды рухани жәдігерлердің бірі Қошке Кемеңгеровтің «Қазақс тарихынан» еңбегі ғой…
— Иә, дұрыс айтасың. Жалпы, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін қазақ тарихына деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, таза тарихи-ғылыми еңбектердің шығуына шектеу қойылды. Әрине тарихи дастандар, әдеби шығармалар болды. Қошкенің кітабын ерекше жәдігерлер қатарына жатқызуға болады. Себебі, оған дейін қазақтың саяси тарихынан сөз қозғаған қаламгер жоқ. Кітаптың титул беті сақталған. Орта тұсында «Қ.Кемеңгерұлы. Қазақ тарихынан» деп автор мен кітаптың атауы беріліп, төменгі жағына «СССР халықтары кіндік баспасы. Мәскеу – 1924 жыл» деп басылған жері, мезгілі жайлы мағлұматталған. Күйі өте нашар, парақ шеттері мүжіліп тозған, қолға ұстап оқуға жарамсыз. Небары он бес беті сақталған. Мазмұнына қарағанда 57 бет болуы керек. Мазмұнында «Басқармадан», «Меңгеру жайы», «Рамет жайы», «Әскерлік жайы», «Дін жайы», «Оқу жайы», «Жер жайы», «Ру жайы», «Қарсы қозға-лыстар», «Қазақ хандарының мәдени мақсудтары», «Мәденилеу орыс қандай үлгі береді», «Мінез, хуқуқ жайы», «Ауыл шаруа-шылығының жайы», «Кәсіпшілдік жайы», «Денсаулық жайы» дейтін тақырып атаулары берілген. Кітапты оқыған адам мұның еш цензурасыз жазылғанын бірден аңғарар еді. Патша өкіметінің қалаларды орналастыру, форпостар салу саясаты жөнінде де талдап жазады. Кеңес дәуіріне дейінгі қазақтың өткеніне қысқаша шолу жасап, халқымыз «рулық коммунизмді» ұстанды деген түйін келтіреді. Кітап араб қарпінде жазылған. Одан кейін Қошке Кемеңгеров қуғынға ұшырағанда осы еңбектің де көзін құртқан. Ахмет Байтұрсынұлының да көптеген еңбегі енді шығып жатыр. Бірақ, «Мәдениет тарихы» деп аталатын бір еңбегі табылмай жатыр. Болашақта бір архивтен шығады деп ойлаймын. Міржақып, Жүсіпбектердің алғашқы кітаптарының бәрі осы араб жазуымен басылып шықты.
— Бір сөзіңізде Омбы, Мәскеу, Санкт-Петербург мұражай-ларында, архивтерінде Абайдың, Әлкей Марғұланның мұралары болуы мүмкін дедіңіз…
— Абайдың мұралары толық зерттеліп болған жоқ. Негізі 1909 жылы шыққан шығармалары Кәкітайдың қолжазбалары негізінде басылды. 1905, 1907, 1910 жазылған қолжазбалар Семейдегі Абай Мұра-жайында, Алматыдағы орталық кітапханада, ғылыми академия қорында сақтаулы. Абайдың шығармасының толық текстологиясы жасалмай тұр. Өйткені, Абай шығармасындағы араб-парсылық, философиялық, логикалық терминдер әлі ашылған жоқ. Оған ешкім әлі бара қойған жоқ. Абай өзі сопылық бағыттағы Нақышбандия тариқатының шәкірті болған Ахмет Ризан медресесінде оқыды ғой. Сондықтан Абайдың да сопылық көзқарастағы қолжазбалары болуы мүмкін. Менің ойымша, Омбының архивінде Абайдың өміріне қатысты құнды құжаттар бар. Осыны елге жеткізу керек. Ал Әлкей Марғұланға келер болсақ, ол — архивтерді өте көп аралаған ғалым. Мысалы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Түмен, Ташкент қалаларының барлығында болып, құнды архивтерді ақтарған адам. Өткен жылы ғалымның 120 жылдық мерейтойында «Әлкей Марғұланның ізімен» деген экспедиция ұйымдастырып, жоғарыда аталған қалалардағы архивтерді бір аралап, сонда қалған қолжазба мұраларының барлығын алып келу керек деген ұсыныс айтқанмын. Бірақ, өкінішке қарай, бұл ұсынысым іске аспай қалды.
— Болашақта өзіңіздің ізіңізді жалғар студенттер бар ма? Қазіргі жастарға араб тілін оқытуға қаншалықты ден қойылып жатыр?
— Болашақта бізден да араб тілі мамандары шығады деген үміттеміз. Себебі, қазір Марғұлан университетінде араб тілі курсы ашылып жатыр. Талаптанып, оқимыз деген студенттердің қатары көбейіп келеді. Жалпы, кейінгі ұрпақ үшін, соның ішінде тіл ғылымымен шұғылданатын жастар үшін араб тілін оқу, түсінудің маңыздылығы жоғары екенін тағы да айтамын. Бізге араб тілі Абайды, Ахметті тану үшін қажет. Сонымен бірге, Алаш қайраткерлерінің алғашқы түпнұсқа кітаптарын тура оқу үшін және орта түркі жазба мұраларын дұрыс тану үшін керек. Яғни, араб жазуы — біз үшін ғылымның жаңа көкжиегін ашатын үлкен жол. Марғұлан университетін бітіргендер мұғалімдікпен ғана шектелмейді. Біздің түлектер арасында түрлі бағытта ғылыммен айналысатындар көп. Сондықтан, мұндай араб тілі курстары болашақта өзінің жемісін береді деп ойлаймын.
— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Әңгімелескен — Тілеуберді САХАБА.