Облыстық «Saryarqa samaly» газетінің редакциясында аймағымыздың ауыл шаруашылығы ардагерлері мен ғалымдары «дөңгелек үстел» шарасында бас қосты. Ардагерлер мен ғалымдар аграрлық салада қалыптасқан жағдайға қатысты алаңдаушылық танытты. Ұтымды ұсыныстарын айтып, ахуалды жақсартудың жолдарымен бөлісті. Әсіресе, топырақтың тозып бара жатқанына қынжылады. Бүгінде облыстағы жердің 40 пайызының өнімділігі төмендеп кеткен. Жер құрыса, елдің де құты қашатынын білетін көнекөз қариялар елдік іске өздері де етене араласуға әзір.

Ұсыныстар легі

«Дөңгелек үстел» шарасына ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Павлодар облысының және Шарбақты ауданының «Құрметті азаматы» Мойылжан Қанаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Юрий Дубовицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Құдайберген Қанапиянов, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Павлодар ауданының «Құрметті азаматы» Владимир Левченко, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Абылай Жантөрин және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруа-шылығы бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов қатысты. Ақсақалдар, алдымен, ауылдан адамдардың үдере көшуін тоқтату үшін кешенді істер керектігін алға тартты.

— Бүгінгі мәселе — өзекті. Ел туралы, жер туралы. Біз, ардагерлер, ауыл шаруашылығының жағдайына алаңдаулымыз. Жыл басында үндеу де жарияладық. Құзырлы министрлікке хат та жолдадық. Алайда, алған жауабымызға көңіліміз толмады. Жауап «бәрі жақсы» дегенге саяды. Бірақ, біз мәселелерді шешуді жылдам қолға алмасақ, салдары ауыр болатынын білеміз, — дейді Мойылжан Сүлейменұлы. Ардагерлер үндеудің мазмұ-нымен де бөлісті. Біріншіден, олар топырақтың өнімділігінің төмендеуі өте тез қарқынмен жүріп жатқанын айтты. Соңғы жылдары өнімділік 40 пайызға төмендеген. Екіншіден, шабындық пен жайылымда көпжылғы шөптер егу еленбей келеді. Сөйтіп өріс те тозып барады. Мұндай жайылымдарды жаңарту жұмысы бес жыл сайын өткізілуі керек, дейді ардагерлер. Бұл мал азығының жұтаңдануына әрі азаюына әкеліп отыр. Үшіншіден, жеке аулалар мен шағын шаруа қожалықтарының өнімдеріне қатысты заң талаптары да орындалмауда. Салдарынан ауыл тұрғындары мал ұстаудан ада болып бара жатыр, дейді ақсақалдар. Осылайша, ауылда аз қамтылған отбасылар қатары артып отыр деген пікірде.

— Қазіргі кезде ірі шаруашылықтарға қаржы молынан құйылып жатыр. Бірақ, нәтиже байқалмайды. Азық-түлік даярлау көлемі бұрынғы қалпында. Жалпы азық-түлік өнімдерінің 30 пайызын ірі шаруашылықтар дайындағанымен, 70 пайызы – жеке аулаларға тиесілі. Ал шағындарына, жеке аулаларға қолдау жоқ. Ірілерінен өнім де жоғары бағамен қабыл-данады. Ұсақтары мен жеке аулалар ұтылып жатыр, — дейді ардагерлер қауымы. Тағы бір ұсыныстары ауылдық-тардың тұрмыстық жағдайларын жақсартуға қатысты болды. Яғни, үйді жылытудың өзі оларға қала-лықтарға қарағанда 4-5 есеге қымбатқа түседі, дейді. Осыған байланысты нақты шаралар қолға алынса деп тілейді. Ең алдымен, өнімді егін шаруа-шылығына қарағанда 2,5 есеге көп беретін мал шаруашылығына басымдық беруді ұсынып отыр. Ардагерлердің айтуынша, жайылымдық мал шаруашылығы арзанға түседі. Сапалы әрі бағасы қолжетімді өнім алуға болады. Осы ретте, мамандар өнімділігі төмендеген алқаптарды жер пайдаланушы мен ауылдық округтер әкімдерінің жауапкершілігіне көпжылғы шөптермен жаңартуға беру керек деп есептейді. Бұл іс аса қиын емес, дейді ардагерлер. Бірақ, бүгінде бір гектар да жасалып жатпағанына қынжылады қариялар. Ардагерлердің төртінші ұсынысы шөптер тұқымына деген қажеттілікті ескере отырып, арнайы орталық құруға қатысты болды. Яғни, ардагерлер өңірімізде көп жылғы шөпті көбейтетін ұйым болуы керек дегенді алға тартты. Осы ретте, Красноармейка тәжірибе станциясын тұқым шаруашылығы орта-лығына айналдыруды ұсынып отыр. Бесінші ұсыныс — бонитет балы төмен жерде ауыл шаруашылы-ғымен айналысатын азаматтарға материалдық тұрғыдан ынталандыру тетігін қарастыру. Себебі, мұндай алқаптарда өнім аз шығады, сондықтан, оның бағасын жоғары қою ұсынылып отыр. Сонымен қатар, көлік шығындарын субсидиялауға көңіл бөлу керектігі айтылды. Алтыншыдан, ардагерлер асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға ден қою керек деген ойда. Бұл ретте, мұхиттың ар жағынан аймағымыздың климатына төзбейтін мал тұқымын тасуды доғару керек, деді. Оның орнына біздің жағдайға бейімделгендерін көбейту қажеттігін айтып отыр. Осы ұсыныстардың бәрі түптеп келгенде, елімізде байлығымыз – Жер-Ананы сақтауға, азық-түлік қауіпсіздігіне жеткізеді, дейді М.Қанаев.

Топырақ тозды

Ардагерлер мен ғалымдарды қатты алаңдатып отырғаны – топырақтың тозғандығы. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Құдайберген Қанапиянов Қазақстанның солтүстік-батысында жағдай тым ауыр, дейді.

— Бұл аумақ 124 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Батыс Еуропаның Дания, Голландия, Бельгиядай үш дамыған мемлекеті сыйып кететін аумақта егіншіліктің топырақты тоздыратын түрі қолданылып келеді. Жер қарашіріктен қағылып отыр. Оған қоса, солтүстікте топырақ құрылысының ерекшелігінен тұздану процесі жүріп жатыр. Ал қатты тұзданған алқап мәңгілікке кәдеге жараудан қалады, — дейді Құдайберген Ешімұлы. Ғалым 2016 жылы Ертіс ауданында тәжірибелік станцияның бірінші алқабында түсірген суреттермен бөлісті. Сол кезде тұздана бастаған топырақ бүгінде тіпті нашарлап кеткенін көрген. Қалпына келген болар деген үмітпен биыл қыркүйектің басында сол аумақты тағы тексеріп көрген. Тұзданған жерге күнбағыс егіліпті, өспеген. Ғалымның сөзінше, суарылмайтын алқаптағы топырақтың жыртылатын қабатында бір рет тұздану орын алса, ол ешқайда кетпейді. Ол аумақты ащышөп басады. Бұл тікенек әрі ащы өсімдікті ешбір мал аузына алмайды. Ғалым Ертіс ауданының жері ең құнарлы саналады ертеден, дейді. Бүгінде сол ең жайлы жерден айырылуға шақ қалдық деп алаңдаулы.

— Биыл қуаңшылық қай жерде тұздану нақты жүріп жатқанын анық көрсетіп берді. Егер біз енді көпжылғы шөп егуге көшсек, ауыл шаруашылығын жүргізу стратегиясын түбегейлі өзгертуіміз қажет. Яғни, мал шаруашылығына басымдық берілуі тиіс. Тұзданған жермен күрестің ең тиімдісі – көп жылғы шөптер егу. Мәселен, жоңышқа егілсе, топырақ құнарлығы артады. Содан кейін бидай егілсе, өнім молынан болады. Әйтпесе, бүгінде бидайдың да сапасы төмендеп барады. Ескі ой қалыптасқан көпшілікте. Солтүстікте бидай сапалы деген. Қазіргі таңда жағдай басқаша, сапасы төмендеп кеткен. Павлодар облысы бұрыннан жел эрозиясының орталығы саналатын, енді міне, тағы бір қауіп – топырақтың тұздануы қосылып жатыр, — дейді профессор Құдайберген Ешімұлы. Ардагерлер бір шаруашылыққа 50-100 мың гектардан жер беру әлемнің ешбір елінде жоқ екенін алға тартты. Сондықтан, бір шаруаға 5 мың гектарды иелігіне берсе, 5 мың гектарды уақытша пайдалану құқығымен беру қажет деген ой айтылды. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Владимир Левченко да жердің дұрыс пайдаланылуына бақылаудың жоқтығын сөз етті.

— Ірі шаруашылықтар бүгінде мал жаюды қойды. Қамап өсіруге көшкен. Осылайша оларға жайы-лымдық жер қажет болмай қалды, дейді. Сондай-ақ, ірі шаруалар ауыспалы егісті де естен шығарып алды. Жерді жаңартып отыруды да ұмыт қалдырды. Көп жылдық шөп ектің бе, топырақты сауықтырдың деген сөз. Ешбір химиясыз топыраққа азот енгізілді. Міне, осыны іске асыруға болады ғой, — дейді Владимир Иванович.

Жайылымның жайы

«Дөңгелек үстел» басында қызу талқыға түскен тақырыптың тағы бірі – жайылым мәселесі. Ардагерлер елімізде «Жайылым туралы» заң бар болғанымен, ондағы әр тармақ тарқатылып, іске аспайтынына қынжылады. Әрбір құзырлы мекеменің міндеті жеке-жеке жазылғанымен орындалып жатқан жоқ, дейді В.Левченко.

— Заңда жайылым пайдаланушыларды қарапайым серіктестікке немесе консорциумға біріктіру жолы айқын жазылған. Әрбір ауылдық округте серіктестік құрылып, төрағасы сайланады. Жарна енгізіліп, бірігеді. Демек, жерді өңдеу ісіне келгенде құзырлы басқармаға тендер өткізіп, әлек болудың қажеті жоқ. Бар жұмысты серіктестік өзі атқара алады, — дейді Владимир Иванович. Яғни, ардагерлер жайылымды жақсартуды тендерге байламай, жайылым пайдаланушылардың басын біріктіру арқылы шешу жолын таңдаған жөн деген пікірде. Тендер демекші, жайылымдарды шалғындандыру шарасына биыл облыста 72 млн. теңге бөлінген. Ардагерлер, көпшілік болып, мәселені көтеріп, қаржы бөлуге қол жеткізілген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімовтің айтуынша, арнайы әдістеме әзірленген. 7 рет тендер жарияланған. Бірақ, ниет танытқан шаруашылық табылмапты.

— Ауылдық округтердің мемле-кеттік қорындағы мал жаятын жерлерді шалғындандыруға түрлі көлемде алқаптар айқындалды. Бөлінген қаржыны кәдеге жарату үшін бағдарламасын, техникалық сипаттамасын, технологиялық картасын толық дайындадық. Алайда, ешкім қолға алуға ниет танытпады. Көбі бөлінген қаржының 30 пайызы бірден беріледі деп күттік. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша мұндайға жол жоқ. Қаржы іс толық жүзеге асырылып, нәтиже қабылданғаннан кейін аударылады. Міне, осы тұста көпшілігі бас тартты. Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаруашылықтар мемлекеттік қордағы жайылымдарды өңдеп, шалғындандыру ісімен айналысса, оларға бұл жерге тыңайтқышқа, тұқымға ешқандай жеңілдік жасалмайды. Себебі, жер — шаруашылықтың меншігі емес, — дейді Есентай Базарбайұлы. Басқарма өкілінің айтуынша, кейбір аудандарда бұрын жоңышқа өскен егістерді үстіртін жаңарту ұсынылған. Оны да құп көргендер табылмапты. Бағдарламаны әзірлеушілер шөп егілетін алқапты аралап, қадағалайтын адамға да айлық қарастырған. Алты айға 450 мың теңге бөлген. Өйткені, қараусыз жерге қой не жылқы кірсе, жайпап тастайды.  Бағдарлама қолға алынғанда ешкім шөп егілген аумақты күзетіп жүрмейтінін, оған қоршау орнату қосымша шығын екенін алға тартқандар да болған. Бірақ, В.Левченко жұмысты олай қиындатудың қажеті жоқ, дейді. Бар болғаны ауылдардағы қоғамдық жұмыскер тізіміндегі азаматтарға ақша төлеп, атпен аралап шығуын ұйымдастыру керек. Сонымен бірге, бақташыларға да шөптің тұқымы себілген жерге малды жақындатпауды ескертіп қойса, болғаны. Ардагерлер жайылым мәселесін шешуде төртінші деңгейлі бюджеттің де мүмкіндіктерін пайдалануға кеңес беріп отыр. Ауылды асырайтын ауыл шаруашылығы үшін де қазына қаражатын пайдаға жаратқан жөн деп есептейді ел ағалары. Сонымен қатар, жер, жайылым туралы заңдар талаптарының орындалуын қадағалайтын жер инспекторларының жұмысы шираса, дейді ардагерлер.

— Ел үшін маңызды істе күш біріктіруге біз әзірміз. Ауылдық округ әкімдерін жинап, жайылымды жақсарту бойынша тәжірибемізбен, жүзеге асыру тетіктерімен бөлісе аламыз. Бәрінің есебін де жүргізуге дайынбыз. Биыл күзде сеуіп үлгермесек те, тым болмағанда келесі көктемде бұл жұмыс жасалуы тиіс, — дейді Владимир Левченко.

Қадағалау қатаң болмаса…

Ауыл шаруашылығы саласының қыр-сырын бір кісідей білетін ардагер Юрий Дубовицкийдің айтуынша, жерді пайдаланғаннан кейін оған қамқорлық жасауды ұмыт қалдыратындарды қатаң жазалаудың кезі келді.

— Жерден несібемізді алып отырмыз. Алайда, соған сай қайтарым, қамқорлық жоқ. Кезінде тың игеру дәуірінде айналаны жыртып, жердің тоз-тозын шығарды. Содан кейін отыз жыл қалпына келтіруге күш жұмсалды. Қазір қайтадан сол қалыпқа түсіп бара жатырмыз. Облысымызда 750 мың гектар жер тозған, 225 мың гектар тіпті жағдайы нашар саналады.

— Бір жылы Америкада болдым. Онда жер инспекторларынан барлық шаруалардың қорқатынын көрдім. Себебі, иелігіндегі жерден арамшөп табылса немесе ауыспалы егіс талабы орындалмаса, шаруашылықты сол олқылықтары үшін жер инспекторлары банкроттыққа дейін жетелеуі мүмкін екен. Бұл – жерге деген қамқорлық деп түсінемін. Бізде жерді қанша тоздырып жатса да, шара қолданылғанын көрмейміз. Заң бар, бірақ оның тармақтары орындалып жатқан жоқ. Қол қусырып отыра берсек, жерсіз қаламыз, — дейді Юрий Иванович. Аграрлық саланың майталмандары мал азығын әзірлеуде тағы да ірі қожалықтардың есесі кетіп жатпағанын еске салды. Мысалы, өңірдегі малдың бір жылдық азығына 1 млн 200 мың тонна шөп дайындалуы керек болса, соның 500 мың тоннадан астамы жеке аулалардағы ағайынның малына қажет. Алғашқыларына мемлекеттен субсидия, жанар-жағармай жағынан да қолдау бар, дейді ардагер. Мәселен, жауапкершілігі шектеулі серіктестік иелеріне шөптің тоннасына 40 мың теңге, шаруа қожалықтарға бір тоннасына
15 мың теңге субсидия бөлінеді екен. Ал жеке аулаларда мал ұстайтындарға мұндай мүмкіндік мүлдем қарастырылмаған.

 

Ауыл көшін тоқтату керек!

Саланың білгірлері ауыл тұрғындарының тіршілігін жақсарту да ауыл шаруашылығы үшін маңызды мәселе екенін айтып отыр. Яғни, тұрмыстық түйткілдер шешілмесе, ауылдық елді мекенде тұрақтайтындар қатары жыл санап сирей береді, деді.

— Билік халыққа бұрылуы тиіс. Бүгінде көмірдің тоннасы 20 мыңнан асып кетті. Ауылдықтардың үйді жылытуға кететін шығыны қалалықтардан 4-5 есеге қымбат. Мал ұстайын десе, шөптің бір тіркемесі 100 мың теңге шамасында. Ауылда табысы мардымсыз адам мұндай шығындармен ұзаққа бармайтыны анық. Сөмкесін жинайды да, қалаға тартып тұрады. Бұл дегеніңіз ертеңгі күні ауыл шаруашылығында еңбек ететін адам тапшылығына әкеледі, — дейді Мойылжан Қанаев. Осы ретте, ардагер өңіріміздің алып кәсіпорындары ауыл-
дықтарды тезекпен жанатын пештермен қамтыса деген ұсынысын айтты. Алты ай қыста ауылдықтардың жылытуға кететін шығыны азайса, ол да бір демеу еді деген пікірде.

— Ауылдықтар үшін тағы бір қолдау – малдан алып отырған сүт пен етін сатып алу бағасын көтеру керек. Мал ұстағаннан табыс көре бастаған ауыл тұрғыны ол жерден алыстауды ойына да алмайды. Ал ауылдағы аз қамтылған отбасыларға тұрақтандыру қорларынан азық-түлікті жеткізіп отыру қажет, — дейді ардагер. Сондай-ақ, елімізде көп жылдан бері ірі шаруашылықтарға берілетін субсидияны қарапайым тұрғындарға, жеке аулада мал ұстайтындарға, көп жылғы шөп өсіріп, жерді құнарландыруға ден қойғандарға үлестіріле бастаса, ауылда айтарлықтай табыс табуға болатынын көпшілік ұғынар еді деген ойда мамандар. Ардагерлер аграрлық саладағы мамандар тапшылығын да тілге тиек етті. Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын білім ордаларының өндірістік базаларының жоқтығын айтты. Бірде студенттермен кездесіп, ақсақалдар бір топта білім алып жатқан
18 шәкірттен ауыл шаруашылында қаншасы қалатынын сұраған екен. Біреуі ғана өмірін аграрлық саламен байланыстыратынын айтыпты. Сондықтан ардагерлер қауымы студенттерді қызықтыруға ден қою керек. Әйтпесе, білімге берілген ақша желге ұшып, ал маман тапшылығы сол қалпында қала береді деп дабыл қағып отыр. Ауыл шаруашылығына шетелден маман шақыру, тіпті, ойға қонымсыз тірлік, дейді ардагерлер. Осы олқылықты жою үшін мектептердің жоғары сынып оқушыларына техника тілін үйрету керек деген ұсыныс айтып отыр.

 

Түйін:

 

Ауыл шаруашылығы мәселелері әрбір азаматтың өміріне қатысты екенін ескерген ардагерлер түйінді тұстарды құзырлы органдармен бірлесіп, шешуге әзірліктерін білдірді. Бәрі бір сәтте шешімін таппайтынын да біледі. Бірақ, бір-бірімен тығыз байланысты ауыл мен ауыл шаруашылығын қатар дамытудың өңірімізде пилоттық бағдарламасын іске асыруға ниетті. Мүдделі, жауапты мекеме мамандарымен, жер иеленушілермен, аудан әкімдерімен ұлттық мәселе үшін қоян-қолтық жұмыс істеуге ниетті. Кейбір кедергілерді жою жергілікті деңгейде мүмкін еместігін ескерген ардагерлер ұжымдық хат жазып, құзырлы министрліктермен бірлесіп, заңдық құжаттарға өзгертулер енгіздіруге күш салсақ, дейді ардагерлер. Жеке аулаларды қолдаудың тың идеяларын, түрін әзірлеудің кезі келді деп ой түйді.

 

«Дөңгелек үстелді» жүргізген — Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.