Ардагер жауынгер – ұлағатты тәлімгер

Нау 13, 2025

Биыл адамзат әлеміне қасірет әкелген, миллиондаған адамның өмірін жалмаған екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Бұл майданда халқына адал, жауына қатал қаншама ерлер шейіт болды. Ал майданнан оралғандар ел экономикасын қалпына келтіруде жанкешті еңбек етіп, аянбай тер төкті. Әрине, уақыт өткен сайын олардың қатары сиреп, саны азайып барады. Сондықтан майдангерлерді еске алып, ерекше тағзым ету — бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Міне, осындай абзал ел ағасы Темірқожа Масабаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Ол — кезінде орынсыз таратылып, 1965 жылы қайтадан ашылған Лебяжі ауданының басшылары Т.Шарапиденов, У.Сыздықовтармен тізе қосып, еліміздің экономикасы мен мәдениетін нығайтып, өркендеуіне өзіндік үлес қосқан басшы азаматтардың бірі. Табиғатынан байсалды, асып-сасуды білмейтін, аз сөйлеп, көп тыңдайтын, ерекше еңбекқор, ісіне тиянақты, табанды басшы Темірқожа ағамыздан көп нәрсені үйрендік. Ол адал еңбек етіп, жастарға үлгі, тәлімгер ұстаз атанды.

Темірқожа Масабаев Лебяжі ауданы Төсағаш ауылында 1925 жылы наурыз айының 15 күні туған. Ауылдағы жетіжылдық мектепті тәмамдап, тұрмыс жағдайына байланысты Зор Октябрь колхозына мүше болып, еңбекке ерте араласты. 1943 жылдың наурыз айында 18 жасында Отанын қорғау үшін майданға аттанды. Ол 2-ші Беларусь майданының 274-атқыштар дивизиясының 961-полкінің барлаушысы ретінде соғысқа кіріп, жауды толықтай жеңгенге дейін майдан шебінде ерлікпен шайқасты. Неміс фашистерінің астанасы Берлин қаласы үшін шайқастың белсенді қатысушысы болды.

Майдандағы ерліктері үшін бірінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», «Суворов» ордендері, екі рет «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары, Польша Республикасының «Заслуженным на поле славы Войско Полько» арнайы медалімен, Маршал Жуков атындағы және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталды. 1945 жылы 16 маусымда дивизия командирінің бұйрығымен «Үздік барлаушы» белгісі табысталды. Соғыс аяқталғаннан кейін 1945-1950 жылдары Кинисберг қаласында арнайы комендатурада қызмет атқарып, елге офицер шенінде оралды.

Жаратылысынан талапшыл, ізденгіш болған ол білімін жетілдіруді мақсат етіп, Семей пединститутын сырттай бітіріп, ауданда әртүрлі қызметті атқарды. 1965 жылы Лебяжі аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, жауапты хатшысы болып еңбек етіп, елі құрметтеген абыройлы басшы, абзал ақсақал атанды.

«Қара қылды қақ жарған – жақсылардың белгісі» деген екен Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз. Осындай биік талаптарға сай Темең-аға алқалы жиындар мен мәжілістерде пікірін ашық айтып, оңтайлы ұсыныстар жасап, әділетті шешім қабылдауға тырысты. Аудан басшылары оған сенім артып, тұрғындардың тұрмыс-әлеуметтік жағдайларын, кадрларды іріктеп, орналастыру мәселелері бойынша ақылдасып отыратын. Ол өскелең жастарға айрықша көңіл бөліп, тиісті кеңес беріп, бағыт сілтеп, өзінің өмір тәжірибелерімен кеңінен бөлісетін. Оларды қолдап, қамқорлық жасайтын.

Міне, осылай қалыптасқан бейресми «Масабаев мектебі» талай талапкер жастарды «сүзгіден» өткізіп, тәрбиелеп, «тұсауларын» кесіп, болашақтарына жолдама берді. Олардың қатарында Қайырбек Сәдуақасов, Назым Әлібаева аудандық партия комитетінің хатшылары, Төлеуғазы Ібішев Екібастұз аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, Еркін Сыздықов, Сатыбалды Әмірғалиев кеңшар директорлары, Сәуле Шотова, Майкен Жұмабекқызы ауылдық кеңес төрайымдары болып, жүктелген міндеттерін абыроймен атқарып, көрсетілген сенімді толықтай ақтап шықты. Темірқожа Масабайұлының ерекше үміт артқан шәкірттерінің бірі Садық Нұрғалиев 10 жылдан аса Ә.Баймолдин атындағы кеңшар партия комитетінің хатшысы болып, елеулі еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған аудандағы алғашқы бастауыш партия ұйымының жетекшісі еді.

Әр адамның қоғамдағы орны, халқына істеген жақсылығы оның іс-әрекетіне байланысты. Майданнан оралған Темеңнің замандастары Омархан Өмірзақов, Жұмабай Сматаев, Хамза Жұмабаев, Қапан Махметов сынды жігерлі азаматтар белсенділік танытып, аудан жұртшылығын еселі еңбекке жұмылдыра білді. Ауданда бұрын-соңды болмаған білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау нысандарын салу қолға алынды. Ауыл шаруашылығында жаңа технологиялық әдістер кеңінен қолданылып, өндіріс мәдениеті жоғарылады. Әсіресе, қой шаруашылығы елеулі табыстарға жетіп, аудан екі мәрте республикалық жарыстардың жеңімпазы атанды. Ерекше нәтижелері үшін 3 шопан Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, олардың саны бесеуге жетті. Бұл Павлодар облысы аудандары арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш болатын.

Аудан экономикасы мен мәдениетінің өз деңгейінде қалыптасып, нығаюына Темірқожа Масабайұлының қосқан үлесі аз болмағанын жұртшылық жақсы біледі. Одан көп нәрсені үйреніп, тәлім алған біз тәрізді шәкірттері марқұм ағамызды ұмытпайды.

Оның бейбіт өмірдегі белсенділігі ескеріліп, 1970 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін», 1980 жылы «Еңбек ардагері» медальдары табысталды. 1975 жылы Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталды. Отан соғысы жеңісінің 50 жылдық мерекесіне Қазақстан Республикасы Президентінің шақыруымен Алматы қаласында өткен мерейтойлық жиынның құрметті қонағы болды. Ауданның Құрметті азаматы. 10 жылдан аса аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, жастарға патриоттық тәрбие беруге елеулі үлес қосты.

Ол ұзақ жыл лауазымды қызметтерді атқарып, көптеген марапаттарға ие болса да, өте қарапайым, көркем мінезді, абайша айтқанда «толық адамға» тән ізгі қасиеттерді бойына сіңіре білген адал жан еді. Саналы ғұмырын салауатты өткізіп, бәйбішесі Марған Қаппасқызымен өмірге бір қыз, екі ұл әкеліп, ұрпақ өсірген ол 77 жасында дүниеден озды.

Марқұм өзінің адал еңбегімен, адамгершілік қасиетімен артында айшықты із қалдырған айтулы ел ағаларының бірі еді. Туғанына 100 жыл толып отырған абзал жанның ізгілікті істері көпшіліктің есінде сақталатыны сөзсіз.

Қадыр ӘЖІМҰРАТҰЛЫ,

Аққулы ауданының Құрметті азаматы.