Осыдан тура 35 жыл бұрын Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Яғни, дербес ел екеніміз заң жүзінде бекітілді. Қазақстан өзінің дара мемлекет ретінде даңғылына түсуге бет алды. Бұрын қаншама елмен бірге бір орталықтан басқарылған мемлекет ендігі кезекте бүкіл билігін қолына алып, әлеуметтік-экономикалық бағытын айқындауға кірісті. Қазақ қоғамы тіліміз бен салт-дәстүрімен қайта қауышатын шақ туғанына қуанды. Қуанып қана қойған жоқ, жер-жерде әрекетке көшті. Бұрыннан бар ұлттығымыздың ұшқынын маздатуға маңыз бере бастады. Мұндай жұмыстар облысымыздың шекара шебінде орналасқан Железин ауданында да атқарылды. Әлбетте, кез келген ұлттық мәселені шешу бір адамның қолынан келмейді. Тұтас қоғамның, белсенді азаматтардың араласуымен алға басады. Міне, осындай азаматтық ұстанымы мығым, мемлекеттік тілдің қанат жаюын бір кісідей қалаған жандардың бірі — железиндік ардагер ұстаз, Железин ауданының Құрметті азаматы Нағима Алдыбаева. Ол тоқсаныншы жылдары аудан орталығында қазақ сыныптарының, араға бір мүшел салып мемлекеттік тілде білім беретін қазақ мектебінің ашылуына атсалысқан. Егемен еліміздің өркендеуіне үлесін қосқан белсенді жанмен тілдесіп, азаматтық ұстанымы, қазақ сыныптарын ашу жолындағы ауқымды жұмыстары турасында аз-кем әңгімелескен едік.
— Нағима Ләдінқызы, егемен еліміз бүгінде әлемге әйгілі. Қазақстан деген дербес мемлекетті дүниежүзі тани бастады. Жалпы, кез келген ел тұтас қоғамның, жеке азаматтардың тамшыдай болсын үлесімен қалыптасып, дамып, нығаятыны анық. Осы ретте, сіз Қазақстан азаматы ретіндей қандай үлес қосып келесіз?
— Қазақстан егемен ел атанғанда ерекше шаттанған жандардың бірімін. Ең алдымен, ана тілімізде алаңсыз тілдесіп, аясы кеңитініне қуандым. Қазақстанның тәуелсіздік алуы тіліміздің, салт-дәстүріміздің, төл тарихымыздың жаңа бағытта дамуына мүмкіндік туғызды. Кеңес үкіметі кезінде қазақ тілінің аясы тарылып, қазақ мектептері жабылып қалған еді. Ауданымызды алсақ, қазақ мектептері санаулы ғана болды. Мәселен, Екішоқ, Жаңа-бірлік ауылдарында ғана таза қазақ мектептері болды. Абай, Есқара, Еңбекші елді мекендерінде аралас мектептер деп есептелді. Ал аудан орталығында ешқашанда қазақ мектебі болмады. Осы жанымызға бататын.
— Естуімізше, сол олқылықтың орнын толтыруға, яғни, Железин ауданы орталығында қазақ мектебінің қалыптасуына бір адамдай атсалысқан екенсіз. Бұл жағдай туралы кеңірек айтып берсеңіз…
— Ол кезде іс қағаздары тек орыс тілінде жүргізілетін. Аудан орталығындағы екі орта білім беру мектебінде оқушылар орыс тілінде оқыды. Егемендік алғаннан кейін бірден ауданымызда қазақ тілінің қолданылуын кеңейту мақсатында қазақ сыныптарын ашу үшін ата-аналар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіле бастады. Сөйтіп, 1990-1991 оқу жылында Железин №1 орта мектебінде бірінші қазақ сыныбы ашылды.
— Орыс тілді ортасы басым өлкеде қазақ мектебін ашу, қазақ балаларын мемлекеттік тілде білім алуға шақыру оңайға соқпаған болар…
— Ол рас, бұл қазақ сыныбы оңай ашыла қоймаған еді. «Қазақ сыныптарының болашағы жоқ, бұл — кезекті науқан» деушілер де кездесті. Алғашқы кезде ата-аналарға да қиын болды. Себебі, олар білімді орыс тілінде алғандықтан, балаларға көмек көрсете алмай, қазақ сыныптарынан орыс сыныптарына ауыстырғандар да болды. Қазақ сыныптарын тұрақтандырып, қатарын арттыру, кадрларды дайындау және ата-аналармен жұмысты жүйелі жүргізу қажет болды. Сол кездегі аудандық білім бөлімінің бастығы Баукен Қабышұлы Қималиденов қайтсек те қазақ сыныптарын сақтап қалуымыз және тіл мәселесін дұрыс жолға қоюымыз қажет деген ұстанымда болды. Сөйтіп, мені Железин №1 орта білім беру мектебіне жіберді. Мен мектепті де, университетті де қазақ тілінде бітірген едім. Аудандық партия ұйымында нұсқаушы, білім бөлімінде әдіскер болып қызмет атқардым. Халықпен жұмыс істей алатын тәжірибем бар еді. Сондықтан, маған сенім артты. 1993 жылынан бастап Железин №1 орта білім беру мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқардым. Маған жүктелген міндет қазақ сыныптарының оқу-тәрбие жұмысы және орыс сыныптарында қазақ тілін дұрыс жолға қою болды. Қазақ сыныптарына кадрлар жетіспеді. Кадрларды дайындау қажеттілігі туды.
Қазақ сыныптарындағы оқушыларды көбейту үшін шалғайдағы негізгі мектепті бітірген оқушылар аудан орталығына тартылды. 1993-1994 оқу жылында оныншы қазақ сыныбы ашылды. Оған Жаңабірлік, Екішоқ мектептерінің түлектері келді. Балалардың өз тілінде емін-еркін қарым-қатынас жасауына жағдай туғызу үшін интернаттың бос тұрған бөлігін қазақ сыныптарына бөліп беру туралы ұсыныс жасаған едім. Бірақ аудан әкімшілігі мектепте ұлтаралық жік туғызады дегенді сылтау етіп, рұқсат бермеді. Кейін осы интернаттың бос бөлігін жылудан ажыратып тастады. Ауылдан, таза қазақы ортадан келген балалар орыс мектебіне бірден сіңіп кетуі оңайға соқпады. Интернатта тұратын балалардың орындары мен тамақтану мәселесі де толық шешілмей, қиыншылықтар орын алды. Ауылдан келген балалар өздерін жан-жақты аша алмай, жергілікті балалардан қысым көріп, оқуды тастап кетуге мәжбүр болған жағдайлар да кездесті.
— Оқушылар санын көбейту, кадрлармен қамту да бір бөлек шаруа ғой. Мұны қалай іске асырдыңыздар?
— Қуантарлығы, аралас мектеп болса да, өз балаларының ана тілінде білім алғанын қалайтын ата-аналар қатары аздап артты. Біртіндеп оқушылар саны көбейді, кадрлар келе бастады. Қазақ сыныптарының ата-аналар комитетін құрдық. Олар интернатта тұратын балаларды, тұрмысы төмен отбасыларды қамқорлыққа алып, аудан орталығында тұратын кәсіпкерлерді, ауыл азаматтарын қазақ сыныптарына демеу көрсетуге шақырды. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Сол кездегі жанашырлық танытқан кәсіпкерлер Талапкер Жүнісов, Жамбыл Ахметов сияқты азаматтарды айрықша атап өткім келеді. Қазақ сыныптарындағы оқушылар санының жыл сайын өсуі, шалғай ауылдағы балалардың аудан орталығына келіп оқуға ағылуы, қазақ тілінің қолданылу өрісінің кеңеюі қазақ мектебін ашу қажеттігін туғызды.
— Қазақ сыныптарын ашудан басталған ауқымды жұмыс мемлекеттік тілде білім беретін мектептің
салынуына қалай ұласты?
— Мектеп мұғалімдері мен ата-аналар қазақ мектебін ашу қажеттігі туралы аудан әкіміне және облыстық білім басқармасына бірнеше мәрте хат жолдаған еді. Тіл жанашырлары да шет қалмады. Ел азаматтары осы мәселені жан-жақты көтеріп жатты. Көптің талап-тілегі негізінде Железин ауданының бұрынғы прокуроры, кейін Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Ермек Жұмабаев 2002 жылы Ресеймен шекаралас жатқан Железин ауданы орталығында қазақ мектебін ашу мәселесі турасында сол кездегі Премьер-Министр Досмағамбетовке хат жолдады. Ұсыныс оң шешімін тапты. Тарихқа көз жүгіртсек, 1991 жылы Железин ауданы №1 мектеп қабырғасында мемлекеттік тілде оқытатын алғашқы сынып ашылса, арада тек 13 жыл өткен соң аудан орталығында қазақ мектебі бой көтерді. 2003 жылы сәуірде мектептің алғашқы кірпіші қаланды. Осы жылдың қыр-күйегінде қолданысқа берілді. 198 орынды білім ордасы заманауи тұрғыда жабдықталған, талапқа сай еді. Бірі қуанса, бірі қызғанышпен қарағаны да жасырын емес.
— Қаншама жылдан бергі еңбектің, тартысты жұмыстың нәтижесін көргенде қандай күй кешесіз?
— Жаңа мектепке келгенде оқушылар да, мұғалімдер де қуанышқа бөленді. Мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене қатыса кетті. Бұған дейін аралас мектепте қысылып жүргендері анық аңғарылды. Жаңа мектепте тыныстары ашылып, айтарлықтай өзгергенін көріп, таңқалғанымыз бар еді. Содан, ендігі мақсат қазақ мектебін алға жетелеп, озық ойлы оқушы тәрбиелеу болды. Ана тілімізбен қатар шет тілдерді оқыту, жекелеген пәндерді тереңдету мәселесін жолға қойдық. Намысқа тырысып, алдыңғы қатардан көрінуге талпындық. 5-сыныптан қазақ тілі, шет тілі, математика информатика пәндері тереңдетіп оқытылды. 2007-2012 жылдары америкалық волонтерлер келіп, ағылшын тілін тереңдетуге көмектесті. Олар бізден қазақ тілін үйренсе, біздің балалар ағылшынды меңгерді. Кейін тірек мектепке айналды. 2021 жылы Міржақып Дулатұылының есімі берілді.
Оқушылардың ізденушілік дағдыларын шығармашылыққа бейімдеу мақсатында ғылыми жоба, олимпиадалық резерв мектептері ашылды. «Ертіс дарыны» мектебінде шәкірттеріміз сырттай оқыды. Оқушыларымыз жыл сайын облыстық, республикалық білім додаларында топ жара бастады. Ғылыми жобаларда үздіктер қатарынан көрінді. Пән олимпиадаларында да жүлделі орын алды. Спорттан да жеңімпаздар тәрбиеленді. Бұл оқушыларымыздың білімге, ғылымға деген құштарлығы, атқарған жұмыстың зая еместігінің дәлелі еді. Бұл — бүкіл ұжымның еңбегі.
— Ұлттық мүдде, ұрпақ тәрбиесінде табандылық таныту көптің қолынан келе бермейді. Сіздің бойыңыздағы бұл мінез қалай қалыптасты? Жалпы өмірлік ұстанымыңызға тоқталсаңыз…
— Бүгінде ұстаз ретінде шәкірттерімнің, ана ретінде балаларымның жетістіктеріне марқаямын. Ал мінез, табандылық маған әкемнен дарыды деп санаймын. Жалпы, тұлға болып қалыптасуыма әкемнің әсері көп болды. Ол кісі кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. 17 жыл өмірін түрмеде өткізді. Бірақ ол кісі білімі мен білігі толысқан жан еді. Ел тарихын тереңінен білетін. Міне, осы асқар тау әкемнің көзқарасы менің дамуыма, адам болып қалыптасуыма, өмірлік ұстанымыма көп әсер етті. Кез келген істі аяғына жеткізгенді жөн көрем. Адал қыззмет атқаруды азаматтық борышым санаймын. Қазір ардагер ұстазбын. Зейнет демалысында болсам да, мектептің іс-шараларынан қол үзбеймін. Жас кезімнен ұстаздық жолды таңдадым. Мұғалімдік қызметке құштар болдым. Оған алғашқы ұстаздарым себеп болды деп есептеймін. Директорымыз Жылқайдар Смағұловтың басшылығымен білім нәріне сусындап өстік. Сол білім, тәрбиені шәкірттеріме беруге өмірімді арнадым. Еңбегім елеусіз қалған жоқ. ҚР Білім министрлігінің, облыс, аудан әкімдерінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталдым. Бірқатар мерейтойлық медальдар табысталды.
— Өзіңізді еліміздің патриотымын деп санайсыз ба? Бұл сезім қандай болуы керек? Қандай әрекеттер арқылы қоғамда көрініс табуы тиіс деген ойдасыз?
— Әлбетте, елімнің патриотымын. Алайда, кеуде соғып, мен патриотпын демеймін. Өзім таңдаған мамандығымнан қол үзбей, осы жолда адал еңбек еттім. Шәкірт тәрбиелеуде талмадым. Бар күш-жігерімді салдым. Себебі, алдымызға келген оқушылар ойлы болсын, еліне еңбек етер азамат болып өсіп-жетілгенін қаладым. Жалпы, патриоттық еліне адал қызмет етумен өлшенеді деп ойлаймын. Әркім өз саласында барынша адал еңбек етсе, жауапкершілікпен міндетін атқарса, міне сол нағыз патриоттықтың көрінісі дер едім.
— Болашақ жастардың қолында дейміз. Қазіргі жастардың аяқ алысына көңіліңіз тола ма?
— Мен жастарға сенемін. Талантты жастар қаншама?! Алысқа бармай-ақ, өзіміздің түлектеріміздің қазіргі таңда ел экономикасының әр саласында жемісті еңбек етіп жатқанына қарап, марқайып қаламыз. Бірі ұстаздық, бірі экономист, қаржыгер, енді бірі құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқаруда. Ауыл шаруашылығында тер төгіп жүргендері де жетерлік. Жастар заман көшінен қалмай, білімді, білікті болуға ұмтылуда. Егемен елдің еркін ұрпағы өсіп келе жатқанына куәміз.
— Республика күні -тарихи маңызы жағынан еліміз үшін орны бөлек мереке.Еліміздің егемендігі туралы декларация қабылданғанын естігенде қандай күй кештіңіз?
— Бұл күн қазақ үшін қастерлі күн ғой. Жеке мемлекет болып отау тікті. Егемен ел болатынымызды естігенде, әлбетте, ерекше қуандық. Тіліміз бен салт-дәстүріміз жаңғырады деп үлкендердің қуанышында шек болмады. Содан бері еліміздің әлем мемлекеттерімен иық тіресе дамып келе жатқанына куәміз. Әлгі ұзақ әңгімелеген ауданымыздағы қазақ мектебінің ашылуы да — дәл осы егемендіктің жемісі. Тәуелсіздік бізге берілген үлкен сый. Бүгінгі ұрпақ дербестігімздің қадіріне жетіп, нығайтуға күш салуын тілеймін.
-Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.