Арманым қажылық парызын өтеу еді

Қаз 9, 2025

Жақында қажылық парызын орындауға жинаған қаражатын сырқат балаларға таратып берген қария естеріңізде болар. Сағадат Жұмабеков есімді ақсақал осы бір батыл шешімімен бүкіл елдің жүрегін елжіреткен болатын. Алайда ақсақалдың тағдырына Алланың қасиетті жеріне бару әуелден-ақ жазылып қойған екен. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайта қажылық сертификатын табыстап, Ұмра қажылығын орындап қайтты. Атамыз елге аман-есен жетті деген хабарды естіген соң, арнайы сәлем бере барып,  өткен өмірі, қазіргі жағдайы туралы әңгімеге тарттық.  Қария дәстүрден аттамай, өзі Меккеден алып келген Зәмзәм суынан ұсынып, ары қарай әңгімесін жалғады.

– Сағадат ата, өзіңіз қай өңірде туып-өстіңіз? Әңгімені осыдан бастасаңыз…

– Мен негізі Баянауылдың тумасымын, бірақ кішкентайымнан Тереңкөл ауданы Байқоныс ауылында өскенмін.  Менің балалық шағым аштық жылдарымен тұспа-тұс келді. Алты айлығымда Баяннан көшіп, осы Ертістің жиегіне қарай келіппіз. Сол жолғы сапарда әкем бір тобылғының түбіне отырған қалпы қатып қалыпты. Содан Ертістің жиегіне келіп, одан кейін Байқонысқа жетіппіз. Әкем аштықтан көз жұмған соң анам екінші рет тұрмыс құрған. Сол кісіден үш бала дүниеге келді. Қазір олардың барлығы өмірден өткен. Олардан да ұрпақ қалмады. Туысқандарымыздың көбі аштықтан қырылды, одан қалғандары соғысқа кетті. Мен дұрыс оқу да оқи алған жоқпын, небары төрт сынып қана оқығанмын. Бірақ, сауатты болдым. Соның нәтижесінде түрлі салада қызмет атқардым. Кеңшарда есепші, шаруашылық меңгерушісі, сатушы сынды жұмыстар атқардым. Одан кейін химзаводта, трактор заводында жұмыс істеп, 56 жасымда зейнетке шықтым.

– Ата, дінге қашан бет бұра бастадыңыз?

– 1990 жылдары Байқоныста мешіт ашылды. Сол ауылда Бапан молда деген кісі болды. Дінге жақын адамдарды шақырып, намаз оқуды үйретті. Менің маңдайымды сәждеге тигізген сол кісі еді. «Алдымен бір ай уақыт намазды жария түрінде оқимын, одан кейін өздерің оқып үйренесіңдер» деді. Міне, содан бастап бес уақыт намазымды тастамай, Құдайға құлшылығымды жасап келемін. 1996 жылы қалаға көшіп келдік. Ол кезде қалада үйіміз болды. 2000 жылы сол үйді сатып, Павлодар ауданының Мичурин ауылынан үй алдық. Бізде бала болған жоқ. Бірақ, тіршілігіміз жақсы болды. Мал ұстадық. Қымыз ашытып саттық. Мен бейнет көрмедім, жоқшылық болмады. Жаныма бататын жалғыз қайғы – жалғыздық. Іздейтін жақын жанашыр, халімді сұрап келетін бір адам жоқ.

– Қарттар үйіне қашан, қалай келдіңіз?

– 2009 жылы жұбайым дүние салды. Өмірлік серігім өмірден өткен соң жалғыз сопайып қалдым да осы қарттар үйіне келуге шешім қабылдадым. 2011 жылы осы мекемеге келіп, содан бері осында өмір сүріп жатырмын. Мұнда да мен секілді шалдар көп. Алғаш келген кезде басшымыз Сапарбек Абдуллин бір бөлме босатып беріп, сол ақсақалдарға намаз үйретіп, бата жаттат деді. Мен қуана келісіп, барлығын намазға шақырдым. Бірақ, ешқайсысы мойын бұрғысы келмеді. Намаз сабағын рет-ретімен жазып, қағазға шығарып, бәріне үлестіріп бердім. Тіпті, қарапайым батаны да үйренгісі келмейді. Қазір біреуі бата бергісі келмейді, астан соң «Иләһи әумин» деп қол жайсаң, «Өзің айт, өзің айт» деп бастарын алып қашады.

– Сіз өз қабіріңізді өзіңіз қазып дайындап қойыпсыз. Оған не себеп болды?

– Марқұм кемпірім қайтыс болған соң көп кешікпей бейітін көтердім. Міне, содан кейін жанына өзіме де бір орын қазып дайын-дадым. Өзімнің қабірімнің бетін
бір қабат таспен жауып қойдым, себебі, ішіне топырақ түсе береді ғой. Құдай қаласа, топырақ бұйыратын болса, бәйбішемнің жанына барып жатсам деймін.  Жылына бір-екі рет барып көріп қоямын. Көбі менің бұл әрекетіме таңданып жатады. Өйтпеске амалым жоқ. Мен өлген соң көмусіз қалудан қорқамын. Дұрыс жерге жерлейтін жақын жанашырым тұрған жоқ. Осында қайтыс болғандарды да көріп жүрмін, бірден моргке алып кетеді. Одан кейін қайда апаратынын білмеймін. Тіпті, құлпытасыма дейін жаздырып қойдым. Оны осы қарттар үйінің басшысы Сапарбек мырзаға көрсеттім. Онда «Жұмабайдың немересі Сағадат Шәкенұлы. Туған жылы – 1932 жыл, 15 мамыр» деп жазылған. «Ал өлген жылымның орны бос тұр. Оны мен өткен соң өздерің жаздырасыңдар» деп тапсырдым. Жақында басшылыққа тағы бір өтініш айттым. Ол – Павлодардан Мичуринге ауыссам деймін. Себебі, Мичуриндегі қарттар үйі мен біздің зираттың арасы өте жақын. Алда-жалда өліп қалсам, ешкім көлік жалдап шаршамайды, көтеріп апарып қоя салады. Міне, менің соңғы өтінішім осы болды. Егер оны өз басшылығымыз қабылдамаса әкімдікке шығатын боламын.

– Қажылыққа баруға қашан ниет еттіңіз?

– Мен 2022 жылы қажылыққа баруға ниеттеніп, шетелге шығатын паспортын алдым. Ежелден бергі бір арманым қажылыққа бару болатын. Содан Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешітке барғанымда жауапты имамдар жасыңыз асып кетті деп рұқсат берген жоқ. Ал кіші қажылыққа баруға болады деді. Бір жыл өткен соң Жолдас қажы өзі хабарласып, қажылыққа барғалы жатқанын айтып, ала кетейін деді. Бірақ, ол кезде мен аздап ауырып жүрген болатынмын. Алғысымды айтып, бас тарттым. Содан жыл өткен сайын хәлім азайып бара жатқанын аңғарып, 3,6 млн теңгемді сырқат балалардың ата-аналарына таратып бердім. Содан бір-екі күн өтпей бөлмеме Жолдас имам кіріп келіп, аман-сәлемнен соң «Сізге бас мүфтидің атынан қажылыққа жолдама береміз» деді. Сөйтсем, ол кісі интернеттен бәрін көрген екен. Осылайша, Алланың қасиетті жеріне барып, зиярат ету менің маңдайыма әу бастан жазылып қойғанын аңғардым. Жаныма бір адам ертіп берді, қасиетті Қағбаға барып, бар білетін ғибадатымды жасап, елім үшін дұға тілеп қайттым. Алла қабыл етсін. Ең алдымен мен Аллаға шүкірлік етемін және осыған себеп болған азаматтарға алғыс білдіремін.

— Әңгімеңіз үшін рақмет, жасаған қажылық ғибада-тыңыз қабыл болсын!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.