Биыл елімізде зиянды жұмыс орындарында 7 жылдан астам үздіксіз жұмыс өтілі бар азаматтарға арнайы мемлекеттік жәрдемақы алу мүмкіндігі қарастырылғаны белгілі. Өндірісті өңір тұрғындары да бұл қолдауды пайдаланып жатыр. Мәселен, аймағымызда 1100 азамат арнайы жәрдемақыны жұмыс беруші арқылы рәсімдеп үлгерген.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық фили-алының директоры Владимир Питраков мәлім етті.

— Өңіріміз өндірістік аймақ саналады. Бүгінде 48 мыңға жуық азамат зиянды жұмыс орындарында еңбек етеді. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған арнайы мемлекеттік жәрдемақыны 55 жасқа толған, зиянды жұмыс орнында жеті және одан да көп жыл еңбек еткен тұрғындар алады. Егер мұндай санатқа жататын азамат жұмыс беруші арқылы жәрдемақы рәсімдесе, төлем төрт түрлі қаржы көзінен түседі. Алғашқысы, 2 күнкөріс минимумы көлемінде республикалық бюджеттен, 1 күнкөріс минимумы шамасында жұмыс берушіден, сондай-ақ, сақтандыру компаниясы мен зейнетақы қорынан аударылады, — дейді Владимир Питраков.

Одан бөлек, кезінде зиянды жұмыс орнында істеген әрі еңбек өтілі жәрдемақы тағайындауға жеткілікті 240 адам бұл арнайы төлемді халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы рәсімдепті. Мұндай санаттағы азаматтарға төлем екі қаржы көзінен аударылатын көрінеді. Сонымен қатар, зиянды жұмыс орнында еңбек етіп жүрген азаматтан жәрдемақыға қатысты өтініш түскенде жұмыс беруші өзге зиянсыз орын ұсына алады. Бірақ, кәсіпорында мұндай орындар өте аз көрінеді. Кейде азаматтар тағайындалған жәрдемақыны қанағат тұтса, жұмыстан шығып, өзге зиянсыз жұмысқа орналасуына болады. Яғни, төрт қаржы көзінен тағайындалған 200-300 мың теңге көлеміндегі жәрдемақыдан бөлек айлығын да алады. Десе де, мамандар экономикалық белсенді жандарға жұмысты жалғастыра беруге кеңес береді.

Ағымдағы жылы енгізілген тағы бір жаңашылдық — «Ұлттық қор — балаларға» ұлттық жобасы. Аталмыш жоба аясында елімізде 18 жасқа дейінгі 6,9 млн баланың шоттарына 100 АҚШ доллары сомасында алғашқы аударым түсті. Оларға аударылған жалпы сома – 150 мың АҚШ доллары. Аймағымызда 213 934 балаға аударылған. Олардың түскен жалпы сома – 21 504 646 АҚШ доллары. Естеріңізге сала кетейік, бұл жоба аясында Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызын жыл сайын балаларға бөліп беріледі. Алдағы жылы қандай сома аударылатыны әлі белгісіз. Филиал мамандарының айтуынша, 2025 жылдың басында Ұлттық банк Ұлттық қор жайында есебін жасап, инвестициялық кірісін санап, содан кейін мөлшері айқындалады. Биыл 18 жасқа толған азаматтар шоттағы ақшаларын пайдалану құқығына ие болды. Облыста ағымдағы жылы кәмелет жасына толған 10 мың бала бар. Олардың 1774-інен қордан түскен ақшаны кәдеге жаратуға өтініш түскен. Олардың 937-сі Ұлттық қордан алған үлесін тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттаса, 837 азамат білім ақысын төлеуге жұмсауды жөн көрген. Айта кетейік, бұл қаражатты аталған мақсаттарға жұмсауда екі оператор белгіленген. Тұрғын үйге қатысты Отбасы банкіндегі депозитке аударуға болады. Ал оқу ақысын төлеу немесе білім депозитіне жинақтауды шешкендер Отбасы банк пен Қазақстан Халық банкіне жүгіне алады. Әлі шоттағы ақшасын аудармағандар БЖЗҚ филиалдарының кеңсесіне барып, қаржысының барын растап, ары қарай қолдануына болады.

Сонымен қатар, зейнетақы жинағындағы белгіленген жеткілікті шектік мөлшерден асатын соманы тұрғын үй жағдайын жақсартуға алуға елімізде 2,6 млн азаматтан өтініш түскен. Осылайша, зейнетақы қоры уәкілетті банктерде ашылған арнайы шоттарға барлығы
3,6 трлн теңге аударған. Облысымызда мұндай 100 мың тұрғыннан өтініш түскен. Бәрі дерлік тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатына жұмсауға сұраған. Одан бөлек, Қазақстанда биыл 861 мың азамат қордағы жасына қарай шектік жинақ сомасынан асатын қаржыны еміне жұмсауға алған. Аймағымызда 24,5 мың адамнан осы мақсатта өтініш түсіп, 16,6 млрд теңге аударылған.

Он айда атқарылған жұмыс-тарды сараптаған филиал өкілдері биыл еліміз бойынша зейнетақы қоры тарапынан 33,9 млн қызмет көрсетілгенін атап өтті. Оның 16,6 миллионы электронды форматта, қалғаны автоматты тәртіпте іске асырылған. Автоматты жүзеге асырылған қызметтер қатарына «Ұлттық қордан — балаларға» жобасы аясындағы аударымдарды атауға болады. Осылайша, мекеме биыл қызметтердің 96 пайызын қашықтықтан көрсеткен. Түрлі мақсаттағы шоттарды қосқанда он айда елімізде жаңадан 4,9 млн шот ашылған. Зейнетақы қорындағы жинақтардан түскен биылғы инвестициялық кіріс 12,6 пайызды құрапты.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.