Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керек» деп осы саланың жұмысына түбегейлі өзгерістер енгізу жөнінде тапсырмалар берді. Ал еліміздегі археологиялық зерттеулер жұмысы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының үйлестіруімен жүргізіледі. Осы ретте аталған институттың бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлын әңгімеге тартып, қазақ археологиясының бүгіні мен болашағы жайлы сұхбаттастық.
— Ақан Оңғарұлы, Қазақ-станның археология ғылымын дамыту мәселесіне Мемлекет басшысы назар аударып, жаңа серпін беру керектігін айтты. Содан кейін қандай жұмыстар қолға алынды?
— Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институт — археология саласында күрделі зерттеу жұмысын жүргізетін академиялық сипаттағы еліміздегі ең үлкен мекемелердің бірі. Біздің институтта 100-ге жуық ғылыми қызметкер бар. Астана және Петропавл қалаларында екі филиалымыз жұмыс істейді, енді Ақтөбеде үшіншісін ашу жоспарымызда бар. Бүгінгі таңда Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан ұсынылған он шақты жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Басты мақсат – археология ғылымының игілігін елдің Тәуелсіздігін нығайту жолында пайдалану. Ол үшін Қазақстан археология ғылымының арнайы тұжырымдамасын жасау керек деген бастама көтеріп, осы іске кірістік. 1946 жылдан бері жүргізілген ғылыми экспедиция-ларда жинақталған материалдарды, яғни, есептер, архивтік деректер, далалық деректер және тарихи жәдігерлерді толық жүйелеп, қайта қарау жұмысын қолға алдық. Сонымен қатар, «Қазақстан архео-логиясы: деректер мен зерттеулер» атты сериялық басылымды шығаруды жалғастырамыз. Мұнда барлық археолог ғалымдардың көп жылдық зерттеулері, далалық және зертханалық жұмыстары жариялануда. Бүгінгі күнге дейін 14 томы шықты, үш жылдың ішінде 50 томға жеткізетін боламыз. Осылайша, барлық қазба зерттеулердің басын қосып, үлкен мәліметтер қорын құрамыз деген жоспар бар. Сонымен қатар, жаппай табылған олжалардың қорын жасақтау да ойымызда бар. Бұл — бірегей жәдігерлердің қатарына жатпайтын материалдар. Яғни, музейге тапсырылмайды, бірақ ғылым үшін құнды болып есептеледі.
— Алдағы уақытта археология саласы жаңа серпін алу үшін не істеу керек?
— Сұрағыңыз өте орынды. Бұл мақсатқа жету үшін бұған дейінгі әдістемесін қайта қарап, түбірімен өзгерту қажеттігі туындап отыр. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибе саналатын мультипәнаралық зерттеулерді енгізу талап етілуде. Бұл мәселе бойынша министрлікпен және басқа да құзырлы органдармен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы, археология дегеніміз бір емес, бірнеше бағыттан тұрады. Атап айтар болсақ, палеогенетика, археоботаника, антропология, зооархеология салаларын қатар дамыту көзделуде. Яғни, археология дегеніміз — барлық ғылымдардың басын қосатын деректі жүйе.
— Қазақ археологиясының негізін салған көрнекті ғалым, академик Әлкей Марғұлан
екені баршаға мәлім. Ал сол кісінің бүгінгі ізбасарлары академиктің сол кезде қолға алған жоспары және ойға алған идеясын қаншалықты жалғастыруда?
— Қазақ археологиясының атасы атанған Әлкей Марғұланның есімін иелену — әрбір мекеме үшін абырой және жауапкершілік. Біз Марғұлан атындағы институт болғандықтан, сол атқа лайық болуға тырысамыз және сол абырой биігінен түспей келеміз деуге болады. Біз археолог болғандықтан, академик Әлкей Марғұланның табаны тиген және зерттеген жерлерін жиі аралаймыз, сол кісінің ізімен жыл сайын жүреміз десем, артық айтқандық болмайды.
Кезінде өте үлкен археологиялық қазба жұмысын жүргізген Қарағанды, Ұлытау, Торғай өңіріне қашан барсақ та, сондағы халық Әлкей Марғұланның осыдан 40-50 жыл бұрын жүріп кеткен жолын, ашып кеткен археологиялық қазбаларын айтып отырады. Тіпті, балаларына да академиктің есімін берген. Міне, содан-ақ, ғалымға деген құрметі ерекше екенін байқаймыз.
Қазіргі күні ғалымдар археологиялық салада көптеген зерттеулер жасап, түрлі жаңалықтар ашуда. Бір қарасаңыз, оның барлығын кезінде Әлкей атамыз айтып, көрсетіп кеткен десе, болады. Сондықтан біз тек сол кісінің ғылыми мұрасын, салып кеткен сара жолын жалғастырып келе жатырмыз деп қана айта аламыз. Біз Әлкей Марғұланның идеясымен Орталық Қазақстан бойынша үшжылдық жоба жасадық. Одан бөлек, 2025-2027 жылдарға арналған тағы бір жоба әзірленеді. Онда архитектура мұрасын зерттеу бойынша көне дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі мұраларды қамтитын боламыз. Жалпы, Әлкей Хақанұлының негізгі мақсаттарының бірі көне дәуір ескерткіштер мұрасын қазақтың салт-дәстүрімен байланыстыра зерттеу еді. Яғни, генетикалық сабақтастығын көрсетуді көздеген. Біз де осы бағыттан, осы идеологиядан айнымауымыз керек. Қазір Қазақстан тарихының көп томдық академиялық жинағы жазылып жатыр. Оның негізгі концепциясы да далалық өркениеттің даму тарихынан алынды. Сонымен қатар, біздің институттың негізгі бағыттарының бірі — Еуразиядағы далалық белдеудегі өркениетті ашу. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі құрылтайда да археологиялық зерттеулер мәселесіне тоқталып, өте маңызды әрі күрделі тапсырмалар берді. Осыған байланысты археологиялық сала бойынша біздің ғалымдар төрт бағытта жұмыс жүргізуді бастады.
— Ендеше осы төрт бағытты рет-ретімен түсіндіріп берсеңіз…
— Бірінші бағыты — археологиялық мұраларды жарыққа шығару арқылы жастардың патриоттық санасын қалыптастыру, екінші — осы салада кәсіби мамандар дайындау, үшінші — аймақтардағы бәсекелестікті күшейту, төртінші — археологиялық мұраларды сақтау және құжаттау мәселесі. Жоғарыдағы төрт бағыт бойынша алдағы үш жылда жасалуы тиіс жұмыстардың нақты жоспары әзірленді. Оның бірі — Қазақстандағы археология ғылымын дамытудың тұжырымдамасын бекіту. Қазір институт ғалымдары осы жұмыспен айналысуда. Жобасы дайын болған соң күзде болатын халықаралық симпозиумда талқылауға шығаратын боламыз. Биыл аталған симпозиум Кемел Ақышевтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылады.
Біздің жоспарымыздағы маңызды бағыттардың бірі – қазақ археологиясын қазақ тілінде сөйлету. Қазіргі күнге дейін терминдерді түсіндірген бірде-бір сөздік жоқ. Осы жұмысты да қолға алатын боламыз. Яғни, археология ғылымының қазақ тіліндегі сөздіктері мен терминдерін жасауды қолға алып жатырмыз. Осының өзін кезінде академик Әлкей Марғұлан бастап кеткен. Содан кейін осы жоспарлар оңымен іске асып жатса, «Қазақстан археологиясы» атты көптомдық академиялық басылымды шығаратын боламыз.
— Осы күнге дейін еліміздің археолгиялық мұралары толық зерттелген бе?
— Археологиялық бағыт бойынша толық зерттеу жүргізілген жоқ деуге болады. Бұл толық картинаны қалыптастыруға кедергі келтіреді. Мысалы, ерте қола дәуір бойынша Солтүстік Қазақтан және Шығыс Қазақстан өңірлері жақсы зерттелген. Бірақ бүкіл Қазақстанды тұтас қамтитын еңбектер жоқ. Біздің ендігі бір міндетіміз – еліміздегі әр зерттеушінің еңбегін құрастыра отырып, көптомдық жинақты жазуды бастап кеттік. Оған археологиялық салада еңбектеніп жүргендердің бәрін тартамыз. Айталық, өткен жылдан бері 3 томдық еңбек шықты, енді жыл сайын 5 томдығы шығып отырады.
— Әлкей Марғұлан атындағы архео-логиялық институты Марғұлан университетімен бірлесіп қандай жобаларды жүзеге асыруда?
— Марғұлан университетімен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеміз. Университет жанындағы археологиялық институттың директоры Тимур Смағұловпен орта ғасырдағы қала мәдениетін зерттеу бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Тимур Нұрланұлы 2005-2006 жылдары археологиялық институтта арнайы ізденуші болып жұмыс істеген. «Мәдени мұра» бағдарламасы басталған кезде Қалбасын мұнарасын және Әулиекөл кешендерінде жүргізілген қазба жұмыстарына атсалысқан. Енді алдағы уақытта Алтын Орда туралы зерттеуін бізбен бөлісемін деп отыр. Бұл — ғалымның тек бір өңір бойынша жүргізген зерттеу жұмысы. Яғни, Марғұлан университетімен әріптестік байланысымыз ертеде басталған деуге болады. Қазіргі күннің өзінде біздің жас мамандарымыз осы университетке келсе, олардың жас мамандары бізге келіп, тәжірибе алмасудамыз. Осындай әріптестік жұмыстар, бірлескен жобалар алдағы уақытта да жалғаса береді деп сенемін.
— Сіз жоғарыда күн тәртібіндегі жұмыстардың бірі кадр дайындау дедіңіз. Бұл жерде қандай қадамдар жасалуда?
— Біз археология саласында мықты маман даярлау жұмысын мектептен бастадық. Осы жоба бойынша түрлі үйірмелер ұйымдастырудамыз, одан бөлек барлық университетпен жұмысты қолға алдық. Яғни, әр облыста өңірлік мектеп қалыптастыруға бейілдіміз. Бұл бастаманы өңірлік университеттердің ректорлары да қолдап отыр. Дегенмен, бұл бір жылда шешілетін жұмыс емес. Әжептәуір уақыт керек. Жалпы, археология саласы ішінен бірнеше бағытқа бөлінеді. Мысалы, бізге болашақта палеоантрополог, зооархеолог, реставратор, документалист, археометаллург, антрополог, керамист, реконструкция маманы сынды мамандықтар қажет. Бұл бағытта шетелдік әріптестермен байланыс орнаттық. Атап айтсақ, маман даярлау бойынша Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия еліндегі университеттермен әріптестік бар. Қазақстан археологтарының алдындағы маңызды міндеттердің бірі археологиялық мұраны сақтау және құжаттау екені белгілі. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда.
— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.
Суреттер газет мұрағатынан алынды.