Асылбек Туғанбай: Тілдің өрісін кеңейту — түпкі мақсат

Мау 12, 2025

Биыл халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 35 жыл толды. Бұл – еліміздегі қазақ тілі жанашырларының басын  біріктіруші ең үлкен алаң. Аталған ұйым мемлекеттік тіл мүддесі жолында ел ішінде ғана емес, түрлі шет мемлекеттерде де ауқымды жобаларды жүзеге асырып, ұлт руханияты мен ана тіліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Қоғамның әр облыста филиалы жұмыс істейді. Биылғы мерейлі датаға байланысты халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбайды әңгімеге тартқан едік.

— Асылбек Туғанбайұлы, биыл халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 35 жыл толған екен. Алдымен осы ұйымның ұлт мүддесі мен тіл күресі жолындағы орнын айшықтап көрсетсеңіз…    

— Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белгілі академик, тіл ғылымының көрнекті ғалымы, түркітанушы Әбдуәли Қайдардың бастамасымен құрылды. Бұл ұйымның негізгі мақсаты – ең әуелі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілді жан-жақты дамыту. Осы күнге дейін халықаралық ұйымды көптеген беделді қоғам қайраткерлері, тіл білімінің ғалымдары басқарғаны белгілі. Бүгінгі күні елімізге танымал кәсіпкер, жаңа бағыттағы IT саласының маманы Рауан Кенжеханұлы басқаруда. Сонымен қатар, Президенттің орынбасары ретінде меценат, руханият жанашыры Дулат Тастеке, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, академик Шерубай Құрманбайұлы сынды тіл жанашырлары қызмет етуде.

Жалпы, қазіргі таңда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытына билік тарапынан айрықша басымдық беріліп, ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында қазақ тілінің бүгінгі қоғамдағы мәртебесіне нақты бағасын берді:  «Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады», — деп атап өтті. Мемлекет басшысының осы бір ауыз сөзінің өзі мемлекеттік тілді меңгеруді қажетсіз санап жүрген талай адамның ойын өзгертіп, оларға қозғаушы күш болғаны анық.

Міне, осы бағытта халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының атқарып жатқан жұмысы ұшан-теңіз. Ол туралы толығырақ алда айтатын боламын. Ал мұндай ұйымдардың Ертіс-Баян өңірі үшін маңыздылығы қандай? Өздеріңіз білесіздер, Павлодар облысы — шекараның шетінде, желдің өтінде орналасқан аймақ. Теріскейдегі мемлекеттік тіл мәселесі  қашанда күрделі әрі өзекті. Тіл халықты ұйыстыратын, бұқара арасындағы бірлік пен берекені сақтайтын басты құрал болуы тиіс. Бұл ұстаным өзге этнос өкілдері көп шоғырланған Павлодар өңірі үшін аса маңызды. Сондықтан мемлекеттік тіл мүддесін қорғау, қазақ тілінің қолданысын кеңейту, кейінгі ұрпаққа насихаттау жолында «Қазақ тілі» қоғамына жүк-телген жауапкершілік салмақты.

— Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы соңғы жылдары медиа кеңістікте және  цифрлық контентті дамыту саласында ауқымды жобаларды жүзеге асырғанын байқап жүрміз. Осы бағыттағы жұмыстарға кеңінен тоқталсаңыз…

— Қазақта «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Бүгінгі тілмен айтсақ, ел болу үшін экранымызды түзеу бәрінен маңызды. Міне, осы бағытта бірқатар жоба сәтті іске асырылды. Соңғы уақытта «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен DISNEY, PIXAR және SONY студияларының балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдерінің қазақша дубляжы жасалып, үлкен экранда көрсетілді. Бұл жоба аталған студиялардың Қазақстандағы өкілі «Meloman/Marwin» компаниясымен бірлесе іске асырылуда. Атап айтсақ, өткен жылы DISNEY/PIXAR студиясының «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша» және SONY студиясының «Веном» атты фильмдерінің қазақша дубляжы жасалып, көрсетілді. Негізі бұл — халықаралық тәжірибеде ежелден дәлелденген жоба. Яғни, мұндай жобалар әлемнің отыздай елінде іске асырылады. Жуық арада «Лило мен Стич», сондай-ақ «Элио» анимациялық фильмдері, қарашада «Хайуандар шаһары 2», ал желтоқсанда «Аватар: от пен күл» анимациялық фильмдерінің қазақша нұсқасы кинотеатрға шығады. Сонымен қатар, Freedom Holding компаниясының қолда-
уымен қазақ тілі сөздігі жарық көріп, 10 мың данамен таралды. Кітап еліміздің барлық кітапханалары мен жоғары оқу орындарына тегін жеткізілді. Қазақ тілі қоғамы бүгінде жаңашылдықпен  жұмыс жасай бастады. Ұйымның қасынан Qazaq Tili Endowment Qory құрылды. Бұл қорға түскен қаражат тек тіл саласында атқарылатын жоба-ларға жұмсалады. Қорға үлкен кәсіпорындар тарапынан ірі көлемде қаражат бөлінуде. Өткен жылы Мемлекет басшысының атынан да қолдау ретінде қаражат аударылды. Президенттің бұл өнегелі қадамы өзге меценаттарға жақсы үлгі болды. Жалпы, бұл — әлемнің алпауыт елдері қолданып келе жатқан тиімді тәжірибе.

— Сіз облыстық филиалдың тізгінін алған уақыттан бері қандай шаралар мен жаңашылдықтар орын алды?

— «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының тізгінін өткен жылдың тамыз айында қолға алдық. Содан бері ірілі-ұсақты бірқатар шара өткізілді. Соның ішінде аралас және ресми тілде білім беретін мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған «Қазақ тілін дамыту: заманауи әдістеме және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбын-дағы облыстық форумын ерекше атап өтуге болады. Аймақ бойынша 300-ге жуық мұғалімнің басын қосқан тәжірибе алмасу алаңында мемлекеттік тілді оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері талқыланды. Оған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма мүшелері, елімізге белгілі тіл ғалымдары қатысты. Мақсаты – қазақ тілін оқытудағы жаңашылдықтарды мұғалімдерге үйрету, танымал тіл мамандарының тәжірибесін көрсету. Алдағы уақытта да осындай дәрістер, семинарлар өткізіліп тұрады. Неге десеңіз, мемлекеттік тілді алдымен мектеп жасынан бастап меңгеру керек. Бұл жерде қазақ тілі мұғалімдеріне жүктелген жауапкершілік өте зор. Жақында Павлодар облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен мемлекеттік тілді дамыту туралы меморандумға қол қойылды. Аталған келісімшарт негізінде қызмет көрсетету орындарында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бағытында жұмыс жүргізіледі. Кәсіпкерлік субъектілер төңірегінде қазақ тіліне қатысты мәселелер жиі туындайтыны  белгілі. Яғни, халыққа түрлі қызмет ұсыну, көрнекі ақпараттар мен жарнамалар тарату кезінде мемлекеттік тіл көлеңкеде қалып қойып жатады. Бұл әлбетте халық арасында түрлі наразылықтар туындауына себеп болады. Сондықтан біз «Атамекен» кәсіпкерлер палата-сының базасында кәсіпкерлерге тілдік қолдау көрсетуді жөн санадық. Атап айтар болсақ, бизнес өкіл-деріне мемлекеттік тіл заңнамасын сақтау жөнінде семинарлар, дәрістер, кездесулер өткізетін боламыз. Сонымен қатар, біздің мамандар көрнекі ақпараттарды,  жарнамалық материалдарды сапалы дайындау, хабарландыруларды сауатты аудару бойынша жұмыс жүргізеді. Оның сыртында, кәсіпкерлік ұйымдарына қажетті сөздіктер, жадынамалар әзірлеп, таратылады. Бұл қызметтердің барлығы тегін көрсетіледі.

— «Қазақ тілі» қоғамының барлық қалалар мен аудандарда бөлімшелері жұмыс істеп келеді. Бүгінде олардың белсенділігі қандай?

— Енді барлығы белсенді жұмыс жасап келеді деп айта алмаймыз. Бірақ, бұған ешкімді кінәлауға болмайды. Себебі, біздің қала, аудандардағы өкілдеріміздің барлығы ақысыз жұмыс істейді. Оларды осы бағытта топтастырып тұрған жалғыз нәрсе — ол ұлтқа, тілге деген жанашырлық.

— Соңғы уақытта аудан, қалалардағы филиалдарды дербестендіру мәселесі көтеріліп жатыр екен, осыған тоқталсаңыз...

— Жақында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық филиалының алқа отырысын өткіздік. Онда ұйым жұмысын жетілдіру және қала, аудандардағы филиалдарды дербестендіру мәселесі сөз болды. Жасыратыны жоқ, жиын барысында дербестендіру мәселесіне қатысты біршама пікірлер айтылды. Алдымен, дербестендіру деген ұғымға түсінік бере кетсек. Бұдан былай «Қазақ тілі» қоғамының қала, аудандардағы филиалдары ресми, құжат жүзінде ұйымдарын жауып, мемлекеттік тіл төңірегінде жұмыс істейтін жеке, дербес қоғамдық бірлестік құруы тиіс. Егер, жеке бірлестік құрғылары келмесе, онда, облыстық филиалдың өкілі ретінде жұмысын жалғастыра береді. Ескерте кететін жайт, қала-аудандардағы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қазіргі филиалдарының төрағалары мен мүшелері сол қалпында жұмысын жалғастыра береді. Тек құжат жүзінде заңдық статусы өзгереді.

— Мұндай қадамға баруға не себеп болды?

— Бүгінде республика бойынша қала, аудандарда жүздеген филиал тіркелген. Олар ұйымды ресми тіркеу үшін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының орталық аппаратынан ұсыныс хат алады. Заң бойынша солай. Яғни, барлығы құжат бойынша Астанадағы орталық аппаратқа «байланған». Енді, оларға дербестік беру мәселесі қаралып отыр. Ол –
бір. Екіншіден, өкінішке қарай, жүздеген ұйымның ішінде аласы да, құласы да бар. Заңдылық солай. Біразы жауапкершілікпен жұмыс істесе, «біразының тіршілігі көңіл көншітпейді», дейді орталықтағылар. Көбі тіпті, статистика, салық бойынша тоқсандық, жарты жылдық, жылдық есептерін де уақытылы тапсырмайтын көрінеді. Немесе мүлде тапсырмайды. Салдарынан айыппұл арқалап, шоттары бұғатталып, біршама келеңсіздіктер орын алуда. Бұл ұйымның орталық аппаратының жұмысына кері әсерін тигізіп отыр. Міне, осындай себептерге байланысты біз өз тарапымыздан облысымыздың аудан, қалалардағы өкілдіктерінің жұмысын реттеуге, табысты жалғастыруға мүдделіміз. Сондықтан барынша жан-жақты қолдау көрсететін боламыз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.