Бейбіт ШӘНІМ, Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының әртісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері:
— Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Азаттық жолындағы күрестердің бәрі бірегей. Ал 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі бабалар аманатын арқалаған балаларының рух серпілісі болды. Желтоқсан оқиғасы менің өмірімнен бұрын тұтас қазақ халқының тағдырында үлкен із қалдырғанын тарихтың өзі дәлелдеуде. Әлі есімде, 1986 жылы біз Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы көркемсурет және театр институтында оқып жүргенбіз. 17-сі күні таңғы сағат тоғыздың кезінде ел басқарып отырған азаматтың орнынан алынып, жат елдік азаматтың тағайындалуына байланысты біз де ойымызды айтуға алаңға жиналдық. Жиналғандардың көбі студент жастар еді. Сол күні билікке өз қарсылығын бейбіт түрде білдіруге келген жап-жас қыз-жігіттерге жасалған аяусыз қиянаттарды өз көзімізбен көрдік. Қарусыз жастарды бес қаруын сайлап келген әскерилер жан-жақтан қамап тұрып, сапер күрегімен жантүршігерлік соққының астына алды. Бәріміз таяқ жедік. Келесі күні бізді жатақханадан шығармай қойды. Он тоғызы күні сабаққа барған жерімізден ұстап, тергеуге алып кетті. Біздің өнер институтының студенттері: Құрманғазы Айтмұрзаев, Бақтыбек Иманқожаев, Үсіпхан Сейтімбет, Аманбай Кәнетов пен тағы бірқатар жігіт желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылар ретінде айыпталып, үстерінен іс қозғалды. Тергеу жеті айға созылды. Басқа институттардың студенттері де тергеліп, алды сотталып жатты. Күнітүні жүргізілген тергеуден «ішкеніміз — ірің, жегеніміз — желім» болды. Ақыры жылға бергісіз жеті айға созылған айыптаулардың соңғы нүктесі қойылып, бес жігіттің соты болды. Үкім шығарылғаннан кейін бізді қуғындау тоқтатылды.
Еліміздің тәуелсіздік алғаны 1991 жыл болғанымен, бастамасы сол 1986 жылдың 17 желтоқсанында Алматыдағы алаңға жиналған жастардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігінен басталды. Енді тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, елімізді биік белестерге жетелеу бүгінгі жастардың жауапкершілігінде. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау – біздің басты мұратымыз. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болсын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры әрқашан биік болғай!