Жастайынан қалам мен қағазға әуес болса да, өмір ағысы оны ауыл шаруашылығына алып келді. Қырық жылға жуық осы салада қажырлы еңбек етіп, Ертіс өңірінің дамуына сүбелі үлес қосты. Шығармашылықтан да қол үзбеді. Бала күнгі арма-нының жетегінде журналистикаға аяқ басып,
15 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Бүгінгі әңгімемізге аймағымызға белгілі қаламгер, Ертіс ауданының Құрметті азаматы, журналист, басылымымыздың сенімді серігі, тұрақты оқырманы әрі авторларының бірі — Самат Мәненов арқау болмақ.

Журналист мамандығы – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы бола алатын осы бір кәсіп өзіне талайды ғашық етті. Сол «ғашықтық» Самат Мәненұлын егде тартқан шағында журналистикаға алып келді. Шындығында, ол ешқашан қолынан қаламын тастаған емес. Себебі, журналистика шығармашылықпен тығыз байланысты.

Шығармашылыққа мінез керек. Ал Самат Мәненұлының мінезі ауыл шаруашылығы саласында шыңдалды десек болады. 1973 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын техникалық инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған. Сол жылдан бастап  ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеді. Әр жылдары Ертіс ауданына қарасты Қарақұдық ауылында бақылаушы механик, шеберхана меңгерушісі, техникалық қауіпсіздік жөнінде инженер болды. Кейін совхоздың бас инженері болып жұмыс атқарды. Артынша, Ертіс аудандық ауыл шаруашылығы құрылымында түрлі қызметтерде абыроймен еңбек етті. Тек, 2009 жылы аудандық «Ертіс нұры» газетіне тілші болып орналасқан. Осылайша, бала күнгі арманы орындалады.

— Содан бері басыбайлы осы журналистика саласында еңбек етіп келемін. Оған дейін өлеңдерім Ертіс аудандық және облыстық «Saryarqa samaly» газетінде жарияланып тұратын. Қарашаңырақ, облыстық басылымды «Қызыл ту» кезінен жаныма серік еттім. Ал мақала жазуды аудандық басылымнан бастадым, — дейді С.Мәненов.

Шығармашылықтан қол үзбей келді дедік қой. Оған өмір жолындағы мына бір жайттар дәлел бола алады. Сонау 1978 жылы облыс бойынша жас таланттар байқауы ұйымдастырылған екен. Самат Мәненұлы осы байқауға қатысып, ақындық өнерімен көзге түседі. Ауданда бірінші орын алып, облыста жүлделі екінші орынды қанжығасына байлапты. Бірақ ауыл шаруашылығы саласындағы қауырт жұмыс бәрібір өз ережесіне бағындырған. Дей тұрғанмен, ара-тұра өлең жазуды әдетке айналдырыпты.

Журналистика саласына келгеннен кейін өндіріп жазуға кірістім, — дейді кейіпкеріміз. Өзге салада өткерген жылдарының орнын толтыруға тырысқандай. Поэзия бағытында жазылған «Жыл мезгілдері», «Атамекен», «Қазаннан желтоқсанға дейін», «Мен ауылдың баласымын», «Дала жырлары» атты бес кітабы бар. Бұдан бөлек, Ертіс ауданының Құрметті азаматы, ерен еңбек иесі, қазақтың жабы тұқымды жылқысын өсірумен айналысқан елге белгілі ақсақал Амантай Мусин жайында өмірбаяндық кітап жазған. Сондай-ақ, Кеңес үкіметі тұсында қуғын-сүргін құрбаны болған, малы тәркіленіп, жер аударылған Ертіс өңіріне белгілі азамат Жансұлтан Байсанұлы туралы жазылған тағы бір кітабы жарық көріпті.

Мінекей, Самат Мәненұлы жылдар бойы аудандық «Ертіс нұры» газетінде еңбек етіп келді.

— Ауыл шаруашылығы, онда еңбек етіп жүрген азаматтар жаныма жақын. Сондықтан осы салаға ерекше шабытпен қалам тербеймін. Қазір зейнеттемін. Бірақ  әлі күнге дейін шығармашылықтан, журналистикадан қол үзбедім. Ауданның тыныс-тіршілігін қағазға түсіріп, мақала жазамын. Материалдарым облыстық «Saryarqa samaly» газетінде де жарық көруде, — дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде 75 жасқа аяқ басқан Самат Мәненұлының шығармашылыққа жақын, журналистика жағалауына жеткісі келіп жүрген жеткіншектерге де, тіс қаққан тілшілерге де айтары бар.

— Заман ағымына сай кез келген жағдайға бейімделе алмайтын, сөзге шорқақ адам журналистика саласында табан тіреп тұра алмайды. Бәсекеге төтеп бере алатын білікті, білімді, шебер маман ғана тұрақты қызмет ете алады. Өкінішке қарай, бүгінде кейбір жас тілшілердің тілі жұтаң. Журналистика тіліне ерекше тартымдылық қажет. Журналистер қауымы осыны ескерсе екен деймін.

— Билік пен қоғам арасында алтын көпірге айналған БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Шығармашылық шабыт, мол табыс тілеймін, — дейді ол.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.