2019 жылғы қыркүйекте Үкіметтің қаулысымен ҚР Мерекелік күндерінің тізбесіне толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес 16 қазан Нан күні болып белгіленді. Әр дастарханның сәні, ас атасы — нанды ежелден бабаларымыз ерекше құрметтейді. Қай ұлтты алсаңыз да нанға қатысты бұрыннан келе жатқан өзіндік наным-сенімдері бар. Бұл халықтың ас атасын қалай құрметтейтіндігін білдіреді. Бүгінде бұл мерекені әркім әрқалай қарсы алады. Тамақ өнімдерін өндіруші мамандарға құрмет көрсету үшін ұйымдастырылған атаулы күн ешкімді бейжай қалдырмағаны дұрыс.
Өңіріміздегі тәтті күлшелер жасайтын наубайханалардың бірі — «Ertis nan» наубайханасы.
Бұл наубайхана қала тұрғындарын әртүрлі нан өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылы ашылды. Қазіргі таңда 60-тан аса нан түрін шығарады.
Наубайхана қызметкерлерінің айтуынша, бастапқыда білікті мамандар жетіспеушілігі туындаған. Бірақ кейін ол мәселелер өз шешімін тапты. Бүгінде жұмыскерлерге қолайлы жағдай туғызып, барлық қажеттіліктер жасалған. «Ertis nan» өңіріміздегі алдыңғы қатарлы наубайханалар қатарында. Бастысы – өнімдері халық сұранысына ие.
— Нан бағасы да қолжетімді. Кейде шикізат бағасының өсуі нан бағасына әсерін тигізетіні анық. Алайда, мемлекет тарапынан қолдау да баршылық. Нан бағасын ұстап тұру үшін әкімшілік наубайханаларға төмен бағамен ұн беріп отырады. Бізде заманауи құрылғылар орнатылған. Сондықтан жұмыстың өнімділігі анағұрлым жоғары, — деді «Ertis nan» басшысы Мадина Жақыпова.
Осы күні халқымызда ертеден сақталған нанды құрметтеуге қатысты ережелер мен тыйымдарды еске сала кеткен жөн болар:
1.Нанды кері қайтаруға болмайды. Біреу нан ұсынып, оны кері қайтарса, береке қашады.
- Нанды отқа тастауға болмайды. От — тазалықтың белгісі, ал нан — берекенің нышаны. Екеуін қарсы қоюға болмайды.
- Нанды дастарханның ортасына қою керек. Сол арқылы береке, бірлік нығаяды.
- Нанды мейлінше бөлісіп жеген жөн. Себебі, ол — ортақ асымыз.
Әлбетте, нанды екі қолмен үзіп жеген жөн. Бұл — нанды құрметтеудің белгісі.
Бүгінде дүкен сөрелерінде алуан түрлі бөлкелер көздің жауын алып толып тұрады. Соның салдарынан белгілі бір ұнамсыз әрекеттер қалыпты жағдайға айналған. Біреу байқаса, біреу мән бермес. Алайда, нан алуға келген жандар нанның жұмсақ-қаттылығына мән беріп қана қоймай, иісін де көріп жатады. Бұл — тағам этикасына жат әрекет. Есімізде болса, тура бір ғасыр бұрын бір үзім нан табу оңайлықпен келмейтін еді. Тоқшылықта күн кешіп жатсақ та, күрең күлшелердің қиын жолмен дайындалатынын естен әсте шығармайық!
Сара АВДОЛ.