2024 жылдан бастап елімізде «Ұлттық қор — балаларға» жобасы аясында кәмелет жасына толмаған әрбір қазақстандықтың шотына қордан алғашқы аударым түседі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған бағдарламадан барлық бала үлесті болады. Осы ретте, балалардың заңды өкілдері қазірден бастап қалай қамдануы қажет?
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы еліміздің 18 жасқа толмаған балаларына үлестіріліп отырады. Бұл ретте, құжаттық тұрғыдан балалардың заңды өкілдері, яғни, ата-аналары, қамқоршылары қандай жұмыс жасау керектігі жайында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Владимир Питраковтан білген едік. Бірден айтайық, ата-аналарға банкке немесе басқа органға барып, шот ашып, құжат тапсырудың еш қажеті жоқ. Мекеме басшысының айтуынша, 2006 жылы және одан кейін дүниеге келген әрі мемлекеттік дереккөзде тіркеуде тұрған балаларға арнайы шот автоматты түрде ашылып, бағдарламаға да автоматты түрде қатысады. Ал ата-ана тарапынан сол дереккөздегі мәліметтерді бір тексеріп өткені жеткілікті.
— Балалардың заңды өкілдері азаматтығын айқындау үшін баланың жеке басын куәландыратын құжат және жеке сәйкестендіру нөмірін алуы тиіс. Сонымен бірге, баланың деректемелерінің баржоғын және олардың дұрыстығын тексеруі тиіс. Нақтысы, кәмелетке толмаған азаматтың аты-жөнін, туған күнін, жеке сәйкестендіру нөмірін, азаматтығын бір шолып өткен жөн. «Электрондық үкімет» веб-порталындағы Жеке кабинетінен ата-аналар «Балалар туралы мәліметтер» бөліміне кіріп, сондағы балалары туралы деректердің бар-жоғын тексеруі қажет, — дейді Владимир Юрьевич. Айта кетерлігі, алдыңғы жылында балаларға аударылған соманы да Ұлттық қор активтерінің құрамында инвестициялау жалғаса береді. Нәтижесінде оған қосымша кіріс есептеледі. Жобаның операторы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры анықталғанын білесіздер. Демек, нысаналы жинақтың төлемдерін есепке алуды және оны жүзеге асыру аталмыш мекеменің құзыретінде болмақ. Нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтарды есепке алу АҚШ долларымен жүргізілмек. Осы орайда, ата-аналар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан баласының жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу арқылы оның нысаналы талаптар қатысушылары санатына енгізілген-енгізілмегенін және аударылған соманың көлемін тексере алады. Ал бірнеше жылға түскен қаражатты eGov порталындағы жеке кабинетке кіріп, «Балалар туралы мәліметтер» бөлімінен көре алады. Сонымен, шотқа ақша аударылды делік, оны қашан және қандай мақсатта алуға болады? В.Питраковтың айтуынша, жинақты бала 18 жасқа толғаннан кейін ғана қолына алады. Оған дейін мерзімінен бұрын кәдеге жаратуға рұқсат жоқ. Бала 18 жасқа толғаннан кейін БЖЗҚ-да нысаналы жинақтау шоты ашылады. Қаражат нысаналы жинақтау шотына аударылғаннан кейін ол ары қарай инвестицияланбайтынын ескеру керек. Бұл шоттағы қаражатты қажетіне жаратады. Бірақ, жарататын екі бағыт айқындалғанын ұмытпау керек. Біріншіден, тұрғын үй жағдайын жақсартуға, екіншіден, білім алуға пайдалануға болады. Егер жобаның қатысушысы, қарапайым тілмен айтсақ, кәмелетке толмаған азамат қайтыс болса немесе соттың шешімімен оны қайтыс болды деп жарияланған сот шешімі күшіне енгеннен кейін қордан оның атына аударым жасау тоқтатылады. Қазақстан азаматтығынан айырылған жағдайда да нысаналы талаптар есептеу доғарылады. Тағы ескеретіні, Қазақстаннан өзге елге тұрақты тұруға кеткен тұлғалар Ұлттық қордың қаражатын пайдалану құқығынан айырылады. Егер кәмелетке толғаннан кейін нысаналы жинақтарды ол азамат 10 жыл ішінде қажет етпесе, яғни, алуға өтініш бермесе, бұл қаражат оның жеке зейнетақы қорына түседі. Ары қарай түсімді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ала алады. Нысаналы талаптарға қатысушының, жинақ алушының қайтыс болуына байланысты олардың мұрагерлері нысаналы талаптарды немесе жинақтарды алу үшін белгіленген тәртіппен БЖЗҚ-ға жүгіне алады. «БЖЗҚ» АҚ облыстық филиалының мәліметінше, аймағымызда желтоқсанның 1-індегі ақпарат бойынша 18 жасқа толмаған балалар саны шамамен 205 мыңнан асады. Павлодар қаласында 95 мың бала тұрады. 2024 жылы 18 жасқа толатын балалар мақсатты жұмсауын растайтын құжаттарын тапсыра отырып, қаражатты кәдесіне жарата алады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.