Дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында «Тұлға қалыптастырудағы отбасы құндылықтарының рөлі» атты облыстық ата-аналар форумы өтті. Форумға қала мен аудан мектептерінің тәрбие ісі меңгерушілері, әкелер кеңесі және аналар алқасы қатысты.
Қазақстан Республикасы Президенті өз Жолдауларында отбасының қоғамдағы орны мен маңыздылығына ерекше мән бергені белгілі. 2024 жылғы жолдауында Президент жастарға жан-жақты қолдау көрсету, олардың білім алуын жеңілдету, сондай-ақ, ата-аналар мен білім беру ұйымдарының ынтымақтастығын күшейту туралы тапсырмалар берген болатын. Форумда осы мақсаттар қамтылып, ата-аналар мен ұстаздар қауымы ортақ мақсат біріктірді.
Аталмыш форум барысында отбасының тұлға қалыптастырудағы рөлін арттыру, ата-аналарды баланың рухани, моральдік және әлеуметтік дамуына байланысты жауапкершіліктерін сезінуге шақыру мақсаты алға қойылды. Сонымен қатар, отбасы құндылықтарын насихаттап, қоғамда отбасы институтын нығайтуға бағытталған мәселелерді талқылау басты назарда болды.
Дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының басшысы Ғалымжан Ещанов «Бала тәрбиесінде мек-
тептің рөлі» тақырыбында алғы сөз сөйлеп, форумның тақырыбын ашты.
Ата-аналар форумының бағыты үш бөлімге бөлінді. Мәселен, білім ордаларының тәрбие ісі меңгерушілеріне арналған бөлімде лицей басшысының қоғамдық істер жөніндегі орынбасары Нұржан Үсіпбек «Үштік одақ» тақырыбы аясында мектептегі ата-аналармен жұмыс ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы сөз қозғаса, басшының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Райгүл Нұрбаева «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру жолдары туралы кейс-стадиді ұсынды. Ал басшының бағдарлы ісі жөніндегі орынбасары Әлия Нұрмағамбетова «Отбасында баламен тиімді коммуникация орнату» тақырыбында тренинг өткізді.
Келесі «Әкелер кеңесі» бөлімінде әкелер кеңесінің мүшесі Мәуленқұлов Қожакелді «Отбасы құндылықтары мен қазіргі қоғам: Қоғамдық өзгерістердің әсері» тақырыбында сөз сөйледі. Лицей психологы Балгина Шынар Қайыргелдіқызы «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» тақырыбында кейс-стадиді жүргізіп, «Отбасында баламен тиімді коммуникация орнату» тренингін өткізді.
«Аналар кеңесі» бағытында басшының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Галима Дүйсенбаева, арт терапия үйірмесінің жетекшісі, көркем еңбек пәні мұғалімі Мариям Мулкубаева және аналар алқасының мүшелері ұлттық құндылықты насихаттау шеберлік сағатын өткізіп, «Ұлы дала рухындағы ана бейнесі» тақырыбында пікірталасты қызықты етіп жүргізді.
Айта кетейік, бұл форум отбасылық тәрбие мен мектептің бірлесе жұмыс істеуінің маңыздылығын ұғындырып, ата-аналар мен педагогтерге пайдалы тәжірибе мен білім алуға мүмкіндік береді.
Айдана БОРАНБАЕВА.