Биыл еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған, саяси, әлеуметтік және құқықтық жүйенің тірегі саналатын тарихи құжат — Конституцияның қабылданғанына — 30 жыл. Еліміздегі барлық жетістіктің бастауына айналған Ата Заң құқығымызды қорғап, тең өмір сүруімізді қамтамасыз етіп, құндылықтарымызды айқындап келеді. Заман ағымына сай басты құжатқа бірнеше мәрте түзету енгізілді. Оның ішінде 2022 жылғы бүкілхалықтық референдумның маңызы зор. Мереке қарсаңында қазіргі қолданыстағы Конституцияның енгізілуіне бір кісідей атсалысып, облыстық штабты басқарған қоғам белсендісі, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Серік Сәдуақасовпен тілдесудің сәті түсті.
— Серік Тельманұлы, кез келген зайырлы мемлекеттің тірегі – Конституция. Сіз үшін басты құжаттың маңыздылығы неде?
— Ата Заң – тұғырлы Тәуел-сіздігіміздің, еңселі егеменді-гіміздің тірегі. Әлем елдері ішінде біздің Конституция ең жас заңдар санатына жатады. Бірақ осы уақыт ішінде тарихи құжат адам құқықтары мен міндеттерінің алғышарттарын қалыптастырып, қоғамдағы өз орнын, өз өміршеңдігі мен мән-маңызын айшықтап үлгерді. Қазақстан жүздеген этнос өкілін бір шаңырақ астына жинап, оларға бейбітшілік, келісім, тұрақтылық үлгісін көрсетті. Құқықтық мемлекет орнатып, әлемнің өркениетті елдерімен тең дәрежеде қарым-қатынас жасау, ірі реформалар жүргізу, демократиялық қағидаттарды құрметтеу – бәрі Ата заңымыз аясында атқарылып жатқан ауқымды іс.
Ата Заңның түпқазығы бабаларымыз ұстанған сара жолдан бастау алады. Тарихы-мыздағы Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бүгінгі Конституцияның қабылдануына негіз болды десек, қателеспейміз. Қазіргі бейбіт заман, қоғамда орнаған ізгілік, татулық пен ынтымақ – Конституциямыздың баға жетпес асыл мұраты. Тәуелсіз елде өмір сүріп, еркін тыныстап, отбасын құрып, ұрпақ өсірудің өзі – Конституция сыйлап отырған бақыт.
Ата Заңымыз ел азаматтарына тегін білім мен медициналық көмек алуға да кепілдік береді. 30-бапта орта білім алу – міндетті деп көрсетілген. Қазір жоғары білім алуға да зор мүмкіндік қарастырылып, жыл сайын грант саны көбеюде. Әлеуметтік тұрғыдан жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға мамандық меңгеруде қолдау көрсетіледі. Халық тегін медициналық көмектің кепілді көлемін тегін алады. Сонымен қатар, қазір сақтандыру жүйесі де халыққа тиімді екенін көрсетіп отыр. Осы мүмкіндіктерге Ата Заңымыз негіз болып отыр.
— Қазіргі Конституцияға соңғы өзгертулер 2022 жылы бүкілхалықтық референдум кезінде енгізілді. Бұл уақытта сіз облыстық штабты басқардыңыз. Саяси науқанда атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз…
— Конституцияға бүкілхалықтық референдум арқылы өзгеріс енгізу – жаңа Қазақстанның шешімді қадамы. Бұл саяси науқанның қорытындысын анық-тауда әр қазақстандықтың дауысы маңызды болды. Тәуелсіз елімізде өткізілген екінші референдумға біркісідей атсалысқанымыз рас. Конституцияға түзету енгізу үшін референдум штабын құрып, өңіріміздің беделді, белсенді, білікті азаматтарын тарттық. Барлық аудан-ауылдарды, әлеу-меттік нысандар мен мемлекеттік мекемелерді аралап, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Жалпы саны 40-қа жуық адам еңбек етті. Жасыратыны жоқ, халық арасында түрлі алып қашпа әңгімелер, сенімсіздік таныту сынды жағдай көп болады ғой. Жұртшылық бойындағы осындай күмәнді сейілту мақсатында заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ауқымды істің нәтижесінде аймақ тұрғындары саяси науқанға белсенді қатысып, дауыс беріп, референдумды қолдады.
— Сіздің ойыңызша, жаңартылған Конституция ұлтқа қалай қызмет етуде?
— 30 жыл ішінде Конституцияға 6 мәрте түзету енгізілген. Дәстүр бойынша Конституция заңды әрі саяси құжат қана емес, қоғамды өзгертудің қозғаушы күші болып саналады. 2022 жылғы референдум еліміздің Ата заңына «әділдік рухын» дарытты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, конституциялық реформа мемлекеттің іргетасын бекітіп, елдің даму белесін айқындады. Бастысы, жүйе жаңарды. Еліміз суперпрезиденттік жүйеден толық бас тартып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» негізделген Президенттік-Парламенттік жүйеге көшті. Президенттік лауазымға бір рет сайланатын 7 жылдық мерзім енгізілді. Бірқатар билік өкілеттігі қайта бөлініп, Парламенттің рөлі күшейді. Конституциялық түзетулер халықтың тек жергілікті билікке емес, тікелей Парламентке ықпал етуіне жол ашып, елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтті. Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқару құқынан айырылды. Мәжілістің депу-таттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылды. Сенаттағы президенттік квота қысқартылды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жалғасуда. Адам құқықтарын қорғауға бағытталған Конституциялық сот құрылды. Жер және жер қойнауы халыққа тиесілі деп бекітілді. Ал Мемлекет сол байлықты халық атынан басқаруға міндетті. Жаңартылған Конституция халыққа ашықтық, әділдік және заң үстемдігі қағидаттары негізінде қызмет етуге бағытталған. Бұл өзгерістер елдің саяси, құқытық және әлеуметтік жаңғыруына серпін берді.
— Мереке қарсаңында жерлестеріңізге айтар тілегіңіз болса, мархабат…
— Өзінің елі мен жері, Отаны, Ата заңы бар қазақ бақытты деп санаймын. Әлемде тоқтайын десе төбесі, мекені болса да, мемлекеті жоқ, туған жері болса да, туы жоқ, аймағы болса да, байрағы жоқ елдер қаншама? Өз басшысын сайлай алмайтын, еркіндік туралы ойлай алмайтын, төбесінен оқ жауып, қуанышты тойлай алмайтын халық жетіп артылады…
Еліміздің тамырын тереңге тартқан тарихы бар. Болашақта Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, елдігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету жолында еңбек етуіміз керек. Ұрпақ санасына да осы міндетті құю қажет. Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбарлы. Консти-туциямыздың әр бабы отан-дастарымыздың жүрегіне сенім, кемел болашақ сыйласын!
Әңгімелескен – Айдана ҚУАНЫШЕВА.