Елімізде атом электр станциясын салу мәселесі талқылануда. Әрине, бұл бағытта әртүрлі ой-пікір бар. Осыған байланысты біз «BAITAQ» жасылдар партиясы да өз пікірімізді білдірмекпіз.
Біздің мақсатымыз – елімізді таза ауамен, таза жермен, таза сумен қамтамасыз ету, экологиялық таза өндірісті қалыптастыру. Осы бағытта біздің партиямыз жұмыс жасап жатыр. Сол себепті атом электр станциясын салу мәселесінде ойымызды ашық айтып, шындықты сіздерге жеткізуіміз керек. Әлемде таза жасыл энергия көзі атом энергиясы болып саналады.
Былтыр Дубай қаласында климатқа байланысты үлкен саммит өтті. Сол COP-28 саммитіне біз де қатыстық. Дамыған Еуропа елдері, АҚШ Оңтүстік Корея, Жапония және тағы да басқа экономикасы мықты мемлекеттердің өкілдері бірауыздан атом энергиясы 21 ғасырда энергияның ең басты көзі екенін айтып отыр. Себебі, климатты тұрақты ұстап қалу, қоршаған ортаны қорғауды тек атом электр станциясы ғана қамтамасыз ете алатын бәрі атап өтті.
Атом электр станциясының энергиясы экологиялық таза энергия екеніне көзіміз жетті. Көмір отыны энергиясынан ауаға шығатын қалдығы көп екенін өздеріңіз білесіздер. Мысалы, Теміртау, Балқаш, Алматы, Астана сияқты қалаларда демалатын ауа жоқ. Біз атом электр станциясының энергиясын таза жасыл энергия деп санаймыз. Сол себепті халыққа осыны жеткізгіміз келеді, түсіндіргіміз келеді.
Атом электр станциясы — ғылымның жетістігі. Бұл ғылымды дамытуымыз керек. АЭС арқылы осы бағыттағы барлық ғылыми институттарды дамытуымыз қажет. Өзімізді әлемде ең көп уран шығаратын мемлекет дейміз. Бірақ біз оны шикізат ретінде ғана сатып жатырмыз. Өңдеп, одан энергия алып, оны жақын елдерге экспортқа шығарсақ, бюджетке қаншама түсім болар еді. Оңтүтүстік Корея, Жапония АҚШ, Еуропа елдерінің бәрі атом электр станцияларын салып жатыр. Бір ғана Америкада 99 АЭС бар. Жапонияда да жетерлік. Оңтүстік Кореяда шағын АЭС-тер қалаларда, көше-көшеге көптеп салынған. Бұл деректер — АЭС 100 пайыз қауіпсіз екенінің, таза энергия көзі екеніне айқын дәлел. Ғылымда қателікпен жұмыс жасау деген түсінік бар. Иә, мүмкін белгілі бір ғылыми мәселелер болар. Алайда, ғылымда ол қаралып, кемшіліктер жойылған.
АЭС реакторы су–су технологиясын пайдаланады. Мұндай технология қолданылған станциялардың бірінде де апат болмаған. Атом электр станциясында уран 4-5 пайыз ғана байытылады. Ол ешқандай жарылысқа әкелмейді. Сол себепті шындықты халыққа жеткізу — партиямыздың борышы. Жуырда қазақстандық төрт оқушы әлемде физикадан жарыста бірінші орын алды. Олар ертең елімізге келеді. Білімді балалар қай жерде өздерінің физикалық ғылыми білімін, ядролық білімін іске асырады?! Тек атом электр станциясын дамытқанда ғана жүзеге асыра алады. Білімді ұрпаққа мүмкіндік туады.
Күзде АЭС салуға қатысты референдум өтеді. Сол референдумда халық дұрыс таңдау жасауы тиіс. Біз әрбір дәлелді, дәйекті сөздерімізді қарапайым халыққа жеткізуге дайынбыз. Біз 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзетуге ғылымның жетістігін пайдалануымыз керек.
Азаматхан ӘМІРТАЕВ,
Қазақстанның «BAITAQ» жасылдар партиясының төрағасы.