Ауа райы — алдамшы

Ақп 13, 2025

Аймақта қыс мезгілі басталғалы жылы ауа райы сақталып тұр. Дәрігерлер тұрғындардан күн жылы екен деп, жеңіл киінбеуді өтінеді. Мұндай салғырттық маусымдық вирусты тез жұқтыруға себеп болуы мүмкін. Сондықтан қыс айларында барынша жылы киінген абзал.

Мұндай кеңесті Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанова айтты. Оның сөзіне сүйенсек, облыста эпидемиологиялық ахуал қалыпты. Биыл облыста 64 адам тұмаумен ауырған. Әдетте қаңтар-ақпан айлары аралығында тұмау, ЖРВИ аурулары көп тіркеледі. 2024 жылдың 1 қазанынан бастап 164 мыңнан астам адам ЖРВИ-мен ауырған. Бұл өткен эпидемиялық маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір жарым есеге аз.

— Тұмауды анықтау бойынша 1194 сынама жүргізіліп, 64 науқаста ауру белгілері расталды. Оның ішінде 41 ересек, 21 бала және екі жасөспірім бар. Тұмау жұқтырғандардың 26-сы Павлодарда, 24-і Екібастұзда, 6 адам Ақсу қаласында емделді. Сонымен қатар, Шарбақты мен Тереңкөл аудандарында екі жағдайдан, Май, Баянауыл, Павлодар және Железин аудандарында бір жағдайдан тіркелді. Биыл облыста дифтерия, сіреспе, полиомиелит, сібір жарасы және қызамық ауруларын жұқтырғандар болмады. Созылмалы ішек инфекциясы, туберкулезбен ауыратындардың да саны  азайды, — дейді З.Дощанова.

Зәмзәгүл Сапарғалиқызы суық тиюдің алдын алу үшін жеке гигиена ережесін сақтауды, қолды жиі жуып, бөлме ішін желдетіп отыруға кеңес береді. Таза ауада серуендеп, спортпен шұғылдану да ағзаға өте пайдалы екенін еске салды.

Брифингте аймағымызда коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасқаны да айтылды. Қазақстанда эпидемиологиялық маусым басталғалы 51 жағдай тіркелген. Бұл өткен жылғы маусыммен салыстырғанда 7 есеге аз. Ал облыста 4 адам КВИ жұқтырған. Науқастардың індеті жеңіл формада өткен. Еліміз бойынша КВИ жұқтырған адамдардың ешқайсысы ауруханаға жатқызылмай, үй жағдайында ем қабылдаған. Сондықтан коронавирусты  маусымдық аурулар қатарына жатқызуға болады.

— Облыста тұрғындардың 80 пайыздан астамы КВИ-ге қарсы вакцина алды. Өткен жылдан бері препараттың жоқтығынан коронавирусқа қарсы екпе жүргізілмеді. Қазір  «QazVac» және «Pfizer» вакциналарын сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілуде, — деді З.Дощанова.

Облыста әлі де балалар арасында пневмония өршіп тұр. Бүгінде облыстық балалар ауруханасында 32 бала ем қабылдауда. Мамандар ауруханаларға пневмониямен ауыратын науқастар күн сайын түсетінін жасырмады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.