Photo Valeriy BUGAYEV

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы  Тоқаев  өзінің  «Тәуелсіздік  бәрінен  қымбат»  атты  сұхбатында:  «Ата-бабаларымыздан  бізге  мұра  болып  қалған  қасиетті  жеріміз  —  біздің  ең  басты  байлығымыз.  Ұлттық  тарихымыздың  терең тамыры көне заманымыздың  өзегінде  жатыр»  деп  айырықша  атап  өтті.

 

Ал осы тарихымыздың бетпердесін ашатын басты белгілердің бірі елді мекендер мен жер-су атауларында жатыр. Керек десеңіз, халықтың ғасырлар бойы  қалыптасқан болмыс-бітімі, таным-тағдыры осы елді мекендер мен  жер-су атауларында жатыр.

Жер тарихы — ел тарихы. Ауылдарымыздың бұрынғы тарихи атауларын қайта қалпына келтіру  арқылы  болашақ  ұрпағымызға өткен тарихымыздан мол мәлімет беріп, оларды руханият жағынан тәрбиелейміз. Себебі, бабалар-
дан мұра болып қалған ескі тарихи атауларда тұнып тұрған сыр көп.

Әрине,  біздің  Павлодар  облысында да бұрынғы жер-су атауларын кері қайтарып, тарихи әділет-тілік орнатуға қатысты бірен-саран жұмыстар жүріп жатыр. Оны жоққа шығаруға болмайды.

Алайда,  ономастика  мәселесі   біздің  Успен  ауданында  мүлде  қолға алынбай отыр. Успен  ауданындағы  22  елді мекеннің  тек 4-еуі ғана қазақ тіліндегі  атауларға ие. Тәуелсіздік алған 33 жыл ішінде Успен ауданында тек  Ильичевка  ауылы  «Қозыкеткен»  болып өзгертілсе, «Павловка»   ауылы «Қоңырөзек» деп аталды. Басқа бірде-бір  ауылдың  атауын  өзгертуге  байланысты  ұсыныстар түспеген. Бұл ономастика  мәселесіне  Успен  ауданы  әкімі мен жауапты мамандардың селқостығынан туындап отыр. Сондықтан ауданымыздағы ономастика  мәселесі  терең  зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Себебі, Успен ауданындағы ауылдар ешбір мән-мағынасы жоқ Богатырь, Лозовое, Ковалевка, Екатеринославка, Ольгино, Равнополь,  Белоусовка,  Вознесенка, Галицкое, Дмитриевка, Константиновка, Надаровка, Новопокровка, Ольховка, Тимирязево, Травянка, Чистополь деген атауларды иеленіп отыр.  Успен ауданындағы осындай идеологиялық тұрғыда әбден ескірген ауыл атауларының ақылға қонбайтыны соншалық,  бұл атаулар аудан тұрғындарының ұлттық рухани тамырдан  алатын нәр көздерін біржола  бітеп, ел мен жердің иесі кім екендігін айғақтап тұрар еш дәлел  қалдырмай отыр. Осындай орынсыз атаулар жергілікті қазақтарды өз ұлттық санасынан ажыратып,  тарихи тамырларын үзіп отыр-ғандай әсер береді.

Успен ауданының ауылдарын араласаң, өзіңді бейне  бір Ресей елінде жүргендей сезінесің. Елді мекендерге қазақы атау беру барысында деректік, архивтік, ғылыми негіздердің ескерілуі қажет екені айтпаса да  түсінікті.  Алайда,  жер-су  атауларын өзгертуде осы жердің  байырғы тұрғындарының пікірі  де  ескерілуі  керек  деп  есеп-теймін. Себебі, жергілікті халықтан білгір ешкім жоқ. Мысалы,  мен,  Қорлығайын  Құсайынқызы,  Успен  ауданының 100 жастағы  ең қарт тұрғынымын. Ауданда  менен жасы үлкен адам жоқ. Осы Успен ауданында дүниеге  келдім, өмір-бақи осы топырақта тұрып келемін.

Қазіргі Успен ауданының территориясын қазақтар ерте заманнан «Құлынды даласы» деп атап кеткен. Алайда, кеңестер заманында, яғни 1960-шы  жылдардың  басында «Құлынды» атауын  өзгертіп, кенеттен біздің өңірге еш қатысы жоқ, православ  шіркеуінің религиялық «Успения»  мерекесі құрметіне «Успенский» есімін бере салды. Жергілікті  халықпен мүлде санасқан жоқ. Сондықтан тарихи құжаттарды негізге ала отырып, Успен ауданына «Құлынды» атауын қайтаруымыз керек.

«Қазіргі Успенка селосы  орнында  ертеректе қазақ малшыларының қыстағы болды. Ол қыстақты  қазақтар ерте кезден «Жайнақ  қыстауы» деп атаушы еді. Кейін 20-ғасырдың басында Ресей, Украина жерінен босып келген қоныс аударушылар бұл қыстақты әуелі «Ожерельево», кейін «Успенка» деп өзгертіп жіберді» деп әкем марқұм айтып отырушы еді.

Менің әкемнің туған жері, яғни  менің атамекенім — қазіргі Лозовое селосы. Лозовое ауылы сонау ерте кезден қазақтардың  Арғын-Өкпеш  руының, Найман-Таңатар руының және Қыпшақ-Жолаба руының ұрпақтарының  атақонысы болған жер.

Лозовое ауылының бұрынғы тарихи атауы «Қосағаш» ауылы  болатын. Алайда, 19 ғасырдың  аяғынан бастап патша үкіметі бұл ауылдан қазақтарды тықсырып, атамекендерінен қуып, Украинадан келген мұжықтардың отбасыларын орналастыра бастады. Содан жергілікті халық өз ауылдарын тастап, «Ажболат» көліне қарай босып кетуге мәжбүр болды. Сөйтіп, 19-ғасырдың аяғы, 20-ғасырдың басында «Қосағаш» ауылының аты «Лозовое» болып өзгертілді. Қоныс аударушы мұжықтар ескі  Қосағаш ауылының мұсылмандар зиратына дейін трактормен жыртып, орнына егіс салды.

Осы өтінішімді Павлодар  облыстық ономастика комиссиясы  өз қарауына алып, оң шешім қабылдайды деп сенім артамын. Успен ауданы тұрғындарының  көптен бері  айтылып келе жатқан  орынды тілектері қабыл болып, Успен ауданы Құлынды ауданы болып, ал аудан орталығы Успен селосы «Жайнақ» ауылы болып өзгертілсе, нұр үстіне нұр болар  еді.

Әсіресе, Лозовое селосына өзінің тарихи «Қосағаш ауылы»  атауын кері қайтарудың мемлекеттік  маңызы орасан зор. Себебі,  Лозовое селосы орыс-қазақ шекарасына таяу орналасқан бірінші елді мекен. Ресейдің Новосибирская облысының шекарасынан Қазақстан территориясына өткен жолаушыларды «Лозовое» селосы емес, «Қосағаш» ауылы қарсы алып тұрса қандай ғанибет! Сонда Ресей шекарасынан бері  өткен жолаушылар да өздерінің  қазақ жеріне кіргендерін бірден  ұғынар еді.

Қорлығайын  Құсайынқызы  АХТАМБЕРОВА,  Тыл еңбеккері, еңбек ардагері, Лозовое ауылы, Успен ауданы.