Жуырда Павлодар облыстық мәслихатының кезекті XVI сессиясы өтті. Сессия барысында денсаулық сақтау саласы бойынша облыстағы бірқатар аурухана-лардың несиелік берешегі 1 миллиард теңгеден асқаны мәлім болды. Халық қалаулылары басқарма басшысына аталған ауруханалардың бас дәрігерлеріне қатысты тәртіптік шаралар қолдануды талап етті. Сондай-ақ, күн тәртібінде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бекіту, жасыл екпелерге күтім жасау, облыстың «Құрметті азаматы» атағын тағайындау мәселелері қаралды.
Ақ желеңді жандардың ахуалы
Облыстық мәслихат сессиясында баяндама жасаған денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев биыл аталмыш салаға бөлінген бюджет көлемі 122 млрд теңгеге жуықтағанын атап өтті. Оның 21 миллиард теңгесі облыстық қазынадан қарастырылған. Ал өткен жылғы жалпы бюджет қаражаты 110 млрд теңгені құрапты.
— Жергілікті тұрғындарға білікті медициналық көмек көрсететін облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 306 меди-циналық мекеме бар. Оның 22-сі-
ауруханалық ұйым, 16 көп бейінді ауруханалар, 7 дәрігерлік амбулаториялар, 9 аудандық аурухана, 56 дәрі-
герлік амбулатория, 25 фельдшерлік-акушерлік пункттер және 188 медициналық пункттер. Облыстағы аурухана ұйымдарында науқастарға арналған жалпы 3942 жатын орын бар. Бүгінгі күні әлеуметтік қамсыздандырудың «D», «E» санаттары тағайындалған тұлғалардың әлеуметтік жағдайын анықтау және міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтары және тіркеу қажеттілігі туралы ақпарат берді, —
деді Ә.Бұйрашев.
Сонымен қатар, басқарма басшысы баяндамасында ауылдың денсаулық сақтау саласын жақсарту жолындағы ұлттық жоба аясында биыл облыста 30 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның екеуі — дәрігерлік амбулатория, бесеуі — фельдшерлік-акушерлік пункт, жиырма үші — медициналық пункт. Сондай-ақ, 2025 жылы облыстық балалар ауруханасын жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр.
— Бүгінгі күні Ақсу қалалық ауруханасын реконструкциялау жобасы бойынша арнайы жоба әзірленді. Қазіргі уақытта құжат мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұдан бөлек, Май ауданына қарасты Көктөбе ауылындағы аудандық аурухананың дренаждық жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Тереңкөл ауылындағы туберкулезге қарсы диспансерді қайта құру және кеңейту құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобалық құжаттаманы әзірлеудің болжалды мерзімі – 2025 жыл. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2026 жылға жоспарланған. Сондай-ақ, Павлодар облыстық кардиологиялық орталығында кли-
никалық аурухананың консуль-тативтік-диагностикалық бөлімшесін салудың жобалық құжаттамасы әзірленді. Жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, кейін мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Қазіргі уақытта демеушілік қаражат есебінен Майқайың ауылындағы аурухана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, — деп толықтырды ол.
Дәрігерлер тапшылығы бар
Отырыс барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы «Қазақстан халқына» қоры аясында денсаулық сақтау және ғылыми орталықтар арқылы 1 721,09 млн теңгеге 37 науқасқа медициналық көмек көрсетілгенін атап өтті. Айтуынша, әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы респуб-ликалық бюджеттен 100,2 млрд теңге бөлінді.
— Биыл әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы республикалық бюджеттен бөлінген 5,3 млрд теңгеден астам қаражатқа облыстағы медициналық техникалар кезең кезеңімен жаңартылуда. Мәселен, ағымдағы жылы 511 бірлік көпбейінді техника, 40 бірлік автокөлік, оның ішінде шалғай жатқан елді мекендерге 39 арнайы санитарлық көлік сатып алу жоспары жүзеге асты. Өткен жылы 4,4 млрд теңгеге 460-тан астам медициналық техника, 838,2 млн теңгеге 37 меди-
циналық көлік сатып алынды. Сондай-ақ, стационарлық көмек көрсету аясында «Бірыңғай дистрибьютор» арқылы облыстағы
44 медициналық ұйымға 8,6 млрд теңге сомасында жөнелтілім жүргізді. Амбулаториялық-емханалық орталықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында 11,945 млрд теңгенің дәрілік заттары мен медициналық мақсаттағы бұйымдары жөнелтілді. Облыстағы медициналық ұйымдардағы тауар қалдығы 2,130 млрд теңгені құрайды. Ауруханалар мен емханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, — деді Ә.Бұйрашев.
Бұдан басқа, басқарма басшысы ағымдағы жағдай бойынша облыста дәрігер тапшылығы 189 адамды құрайтынын, оның 136-сы-бейінді мамандар, 45-і жалпы тәжірибелік дәрігерлер екенін айтты. Биыл облыстық ауруханалар 167 медициналық қызметкермен толықты. Оның ішінде 32 дәрігер басқа қалалардан келді.
— Павлодар облысының денсаулық сақтау саласында жалпы 7275 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның 2054-і-дәрігер және 5221-і-орта медицина қызметкерлері. Біліктілікті арттыру бағдарламалары шеңберінде жыл сайын жергілікті мамандарды облыстық бюджет есебінен шетелде оқыту (Ресей Федерациясы, Беларусь) тәжірибесі жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы 26,8 млн теңгеге әртүрлі бейіндегі 11 маман (хирургиялық, травматология, эндокринология) оқытылды. Өткен жылы 25 млн теңгеге 9 кардиолог және 3 хирург біліктілігін арттырды. Қазіргі уақытта медициналық ұйымдарда 221 зейнеткер дәрігер жұмыс істейді, 166 дәрігер декреттік демалыста болса, 2023 жылы 13 дәрігер зейнеткерлікке шығуына байланысты денсаулық сақтау жүйесінен кеткен. Сондай-ақ, «Павлодар облысының ауылдық елді мекендеріне, аудандық маңызы бар қалаларға бюджет қаражаты есебінен жұмысқа жіберілетін медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудың тәртібі мен көлемін айқындау туралы» мәслихат шешімінің жобасы әзірленді. Кадрларды тарту және ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру мақсатында жыл сайын медициналық ұйымдардың басшылары медициналық жоғары оқу орындары өткізетін бос жұмыс орын-дары жәрмеңкелеріне қатысады. Биылғы жылы Алматы, Астана, Семей қалаларындағы медициналық жоғары оқу орындарының түлектерімен кездесулер өтті, — деді басқарма басшысы баяндамасында.
Саладағы түйткіл қашан шешіледі?
Сессия барысында медицина саласында өзекті мәселелелерді тілге тиек еткен халық қалаулылары облыстағы бірқатар ауруханалардың несиелік берешегі туралы тоқталып өтті. Мәселен, тұрғындар наразылығы бойынша көш бастап Павлодар қалалық №1 ауруханасының кредиторлық қарызы қыркүйек айында 1 миллиард 435 миллион теңгеге дейін жеткен. Ал №3 аурухананың несиелік берешегі 356 миллион теңге болса, Екібастұз қалалық ауруханасының қарызы 968 миллион теңгені құрады.
— Павлодар облысы басшы-лығынан Павлодар қалалық №1 ауруханасы, Екібастұз қалалық ауруханасы бас дәрігерлерін орындарынан босатуды, Павлодар қаласындағы №3 аурухана басшысын және денсаулық сақтау басқармасы басшысын да тәртіптік жазаға тартуды сұраймыз. Себебі біздің ескертулерімізді елемей, медицина мекеме басшыларына қатысты ешқандай шара жасалмауда, — деді Павлодар облыстық мәслихат депутаты Маханбет Амангелдіұлы.
Облыстық мәслихат депутат-тарының №1 ауруханаға қатысты шағымдары бұнымен аяқталмады. Халық қалаулысы Сәбиден Мантықов аталмыш медициналық нысанның құрылыс жұмыстарына да сын білдіріп, басқарма басшысына жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету керектігін айтты.
— Облыс орталығындағы №1 ауруханада жатқан науқастарды жөндеуден өткен жаңа бөлімшелерге көшіру мәселесі қыркүйекке дейін шешіледі деп едіңіздер. Бірақ, қазан айы аяқталуға жақын, ал науқастар жаңартылған бөлімшелерге әлі де көшкен жоқ. Жаңа бөлімшеде барлық төсек-орындар, құрал-жабдықтар дайын тұр. Қазіргі уақытта әртүрлі сырқатпен ауыратын науқастардың бәрі бір қабатта ем алуға мәжбүр. Неліктен көшіру жұмыстары қиындық туғызып жатыр? — деді мәслихат депутаты.
Аталған түйткіл төңірегінде сөз сөйлеген денсаулық сақтау басқармасының басшысы №1 ауруханада қазан айының соңына дейін тек қабылдау процедураларын жасауға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Айтуынша, науқастарды жаңа ғимаратқа орналастыру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып қалады.
— №1 Павлодар қалалық ауру-ханасының ғимаратын гибридті операциялық бөлмелерге қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны 12,4 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда оның 6 млрд теңгесі игерілді. Аталмыш ауруханада жатқан науқастарды жаңа бөлімшелерге орналастыру жұмыстары кезең кезеңімен іске асырылады. Жалпы, 2024 жылы науқастар саны 2023 жылмен салыстырғанда 103-тен 165 науқасқа өсті. Облыстық мәслихат тізімі 28-ден 37 нозологияға, 63 атаудан тұратын дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар 115 атауға дейін кеңейтілді, — деді Ә.Бұйрашев.
Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың сессия отырысында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бекіту, жасыл екпелерге күтім жасау, облыстың Құрметті азаматы атағын тағай-ындау мәселелері де қаралды. Айта кетейік, Павлодар облысының құрметті азаматы атағына ұсынылған 31 үміткерден іріктелген 7 адам мәслихат алдында таныстырылды. Депутаттар ұсынылған үміткерлерді бірауыздан қолдады.
А.МҰҚЫШЕВ.
Суреттер газет мұрағатынан алынды.