Әлеуметтік желіде Аққулы аудандық ауруханасында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты тараған видео жұртты алаңдатты. Емдеу мекемесіндегі инженерлік желілерді жаңартуға жарты миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген.
Жоба бойынша медициналық нысанда сумен жабдықтау, кәріз және жылу жүйелері жаңартылуда. Ауруханадағы жөндеу жұмыстарын мердігер «Промжилстрой комплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Инженерлік желілерді жаңарту ісіне мамыр айында кіріскен болатын. Жоспарға сәйкес ауқымды жұмыс тамыз айында аяқталуы тиіс еді. Бірақ нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген.
Жуырда облыстық мәслихат депутаты Сәбиден Мантыков бастаған комиссия өкілдері емдеу мекемесіндегі жөндеу жұмыстарын бақылады. Депутат тексеру сәтінен түсірілген бейнежазбаны өз парақшасында жариялады. Видеодан төбеден тамшылаған суды, бөлмелердегі батарея мен құбырлардың нық бекітілмегені сынды кемшіліктер бейнеленген. Видеодан Сәбиден Мантыковтың мердігерге ұрысып жатқанын көруге болады.
— Желдету жүйесінде бірде-бір мотор жоқ, батареялар орнынан қозғалып тұр. Сіздер нысан толық аяқталды деп есеп бердіңіздер. Бұранда қолмен шешіледі. Ұят қайда! Жөндеу жұмысының сапасы көңіл көншітпейді. Бұл бағытқа 405 миллион теңге бөлінді. Ол дегеніңіз — жарты миллиард теңге! — деді облыстық мәслихат депутаты Сәбиден Мантыков.
Бірақ мердігер компания өкілі өзіне айтылған сынмен келіспей, жөндеу жұмысының толық орындалғанын айтқан. Депутаттар тек мердігердің емес, аудан әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының бақылау әлсіздігін де атап өтті.
Туындаған мәселе бойынша Аққулы аудандық әкімдігіне хабарластық. Аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Махаббат Абуова ауруханадағы күрделі жөндеу жұмысына тапсырысты денсаулық сақтау басқармасы бергенін айтады.
— Ауруханадағы жөндеу жұмыстары — тікелей облыстық денсаулық сақтау басқармасы құзырындағы мәселе. Жөндеу жұмыстары авторлық және техни-калық қадағалаудан өткен. Бұл — тәжірибелі, жауапты мамандар. Мердігер жұмыс бекітілген сметалық құжаттамаға сәйкес орындалғанын айтады. Біз сапасы туралы ештеңе айта алмаймыз. Жөндеу жұмыстары мерзімінен кешіккен сәтте мердігер алдын ала облыстық денсаулық сақтау басқармасына ескертіп, қосымша уақыт сұрады. Біз өз тарапымыздан жөндеу жұмыстарының жүргізілу барысын бақылауда ұстаймыз, — деді Махаббат Өміртайқызы.
Өткір мәселе жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметековке хабарласқан едік.
— Күрделі жөндеу жұмыстары туралы бекітілген жобалық-сметалық құжаттамада ауруханада инженерлік желіні ауыстыру туралы жазылған. Яғни, емдеу мекемесін сумен жабдықтау, кәріз және жылу жүйесін ретке келтіру ісі қолға алынды. Ал төбені жөндеу, кафель орнату, бұзылған іргені жөндеу жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамада қарастырылмаған. Мердігер бұл іске жауапты емес. Десе де, жергілікті мердігер ұйым өкілдері кафелі түскен, төбесі аққан орынды өз қаражаттары есебінен жүргізуді ұсынып отыр. Бұдан бөлек, мердігерге төленетін тиісті қаражаттың 8-10 пайызы әлі төленген жоқ. Құрылыс жұмыстары облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында. Аурухана жұмысы тоқтатылмаған, емделушілерге тиісті көмек көрсетілуде, — дейді Иран Маратұлы.
Иран Шәметеков жөндеу жұмыстары ағымдағы айдың соңына дейін аяқталатынын айтты.
Депутат Сәбиден Мантыков бұл мәселеге байланысты облыстық прокуратураға ресми сұраныс жолдап, жөндеу жүргізілген барлық медициналық нысандарға аудиторлық тексеріс тағайын-дауды сұрағанын хабарлады.
Еске сала кетейік, жаз мезгілінде аймақ басшысы ауданға жұмыс сапарымен барған сәтте аурухананың бас дәрігері Қайрат Мурзалин ғимараттың барлық бөлмесін, едендерін ауыстыру үшін көмек көрсетуді сұраған болатын. Облыс әкімі медициналық мекеменің бос тұрған бөлмелерін тиімді пайдалануды ұсынған еді. Қазір ауруханадағы 5 мың шаршы метр аумақтың тек 3 мыңға жуығы қолданылуда. Сондықтан бос бөлмелерді ауданға келетін мамандар үшін пайдалануды тапсырды. Бұл ретте жатақхана жобасын әзірлеуді жүктеген еді. Мұндай ауқымды істің орындалу барысы уақыт еншісінде.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
