Бүгінде ешбір ісіміз интернетсіз, байланыссыз бітпейтін заманда өмір сүріп жатырмыз. Қай саланы алсаңыз да байланыссыз алға аяқ баспайсыз. Цифрландыру да бүкіл өміріміз бен өндіріске енді. Мемлекеттік қызмет те қазіргі таңда дәл осы өркениеттің жемісінің арқасында көпшілікке қолжетімді әрі жылдам бола бастады. Бір кездері арман сияқты көрінетін көп дүние қазір қалыпты жағдайға айналды. Әлемде бұл бағыт күн санап ілгерілеп келеді. Еліміз де өркениет көшінен қалмауға барын салуда. Қазақстанда қолға алынған түрлі цифрландыру бағытындағы бағдарламалар, бастамалар — соның дәлелі. Осы орайда, облысымыздағы ахуал қандай? Цифрландыруды сөз еткенде, ең алдымен, ғаламтор желісінің қолжетімділігі ойға оралады. Ал интернет бүгінде әр ауылға жетті ме? Ұялы байланыс іркіліссіз істеп тұр ма? Цифрлық технологиялар қолданылатын қандай іргелі жобалар өңірімізде қолға алынды? Осы және өзге де сауалдарға кезекті «Тікелей желі» шарасында жауап алдық. «Тікелей желінің» қонағы – облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин.
Тілші:
— Ағыбай Қойшыбайұлы, байланыссыз адым аттай алмайтынымыз жасырын емес. Көп ісіміз интернеттің, цифрлық технологияның көмегімен жүзеге асады. Сондықтан, оның әр елді мекенге жеткені маңызды. Осы орайда, Павлодар облысындағы жалпы байланыс ахуалын айтып берсеңіз…
Ағыбай Әмірін:
— Біраз уақыт бұрын қолында смартфоны бар адам белгілі бір мәртебеге ие сияқты көрінетін. Қазір бұл – қажеттілік. Өйткені, баладан бастап қарияға дейін барлығының шаруасы осы телефон, ұялы байланыстың көмегімен шешіледі. Әрине, ол үшін жылдамдығы жақсы интернет қажет. Жалпы, облысымызда 355 елді мекен бар, оның үшеуі – үлкен қалаларымыз. Қазіргі таңда үлкенді-кішілі 352 ауылдың ішінде 10 елді мекенде мобильді интернет және байланыс мүлдем жоқ. Мұның өзіндік себебі бар. Ұялы байланыс операторларының жұмыстарын реттейтін заңнама бар. Сол заңнамаға сәйкес ұялы байланыс операторлары тұрғын саны 250 адамнан асатын ауылдарға басымдық береді. Десе де, қол қусырып отырған жоқпыз. Аймағымызда біртіндеп жағдай реттеліп келеді. Кезең-кезеңімен шешілуде. 2019-2024 жылдар аралығында ұялы байланыс болмаған 20 ауылдық елді мекен қамтылды. Бүгінде облыста ұялы байланысқа қолжетімділік 97,1 пайызды құрайды.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, оңтайлы жолдары қарастырылуда. Кейбірінің мәселесі ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттемесі аясында шешімін табуда. Қазақстан Республикасының аумағында бай-ланыс желісін қосқан кезде оларға лицензия беріледі. Сол лицензияға министрлік міндеттемелерді қоса береді. Яғни, қандай да бір елді мекенге өз қаражаттары есебінен бағаналарды орнатып, базалық станциялар қоюға міндеттеледі. Өкінішке қарай, кейде оны орындамайтындары да кездеседі. Мәселен, өткен жылы Теле2 операторы екі елді мекенде лицензиялық міндеттемесін орындамады. Бұл жөнінде біз министрлікке тиісті хат жолдадық.
Тілші:
— Сонда халқының саны аз ауылдарда байланыс мәселесі қалай шешіледі?
— Бұл тұрғыда жақсы жаңалығымыз бар. Биыл 9 маусымда «Қазақтелеком» компаниясы мен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арасында меморандум жасалды. Осы құжатқа сәйкес облысымызда 203 елді мекенге талшықты-оптикалық бай-ланыс желісі тартылады. Негізі, бағдарлама 2025-2027 жылдарға арналған еді. Алайда, министріміз екі жылда атқарып тастауды межелеп отыр. Оған қоса, министрліктің жүр-гізген конкурсының қорытындысы бойынша Jusan Mobile операторы Қазақстан елді мекендерінде, соның ішінде облысымызда қолжетімділігі қиын, халық саны 50-ден төмен 13 елді мекенге талшықты-оптикалық интернет қосып береді. Бұл ауылдарда ұялы интернет жылдамдығы баяу болса да, алдағы уақытта стационар телефондарына роутер қосу арқылы жылдамдығы жоғары интернетке қол жетеді.
Мемлекет басшысының әрбір азаматты қолжетімді, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету тапсырмасы бар. Осы тапсырма аясында Үкімет «Қолжетімді интернет» жобасын әзірледі. Міне, аталмыш жоба шеңберінде 2025-2026 жылдары облыста 204 елді мекенге «Қазақтелеком», тағы 13 ауылға Jusan Mobile компаниясы талшықты-оптикалық желі тартып бермек. 13 ауылды атасақ, олар — Ақтоғай ауданында Жалаулы округіне қарасты Қарасу елді мекені, Баянауыл ауданында Сәтбаев ауылдық округіне кіретін Көкдомбақ, Құндыкөл, Біржанкөл, Железин ауданында Красновка, Петропавловка, Май ауданында Жаңатілек, Кеңтүбек ауылдық окру-гіне қарасты Қарабұлақ, Успен ауданында Дмитриевка, Шарбақтыда Үшқала, Екібастұз қаласының ауылдық аймағындағы Жақсыат, Қаражар, Қуандық, Көксиыр ауылдары.
Тілші:
— Бірнеше ай бұрын облыс орталығының іргесіндегі, Павлодар ауданына қарайтын Жаңақала және Набережное ауылдарында тұрғындар ұялы байланыстың жоқтығына шағымданған еді. Бұл мәселе шешімін тапты ма?
— Мобильді байланыс операторларымен жұмыс әрдайым жүргіземіз. Мәселен, Набарежное ауылынан интернет жылдамдығының сапасына қатысты шағым түсті. Ақпан айында аудан әкімімен бірлесіп жиналыс өткіздік. Билік тарапынан қажетті баған орнатылды. Енді үш байланыс операторы – Belline, Ksell және Tele2 базалық станцияларын орнатады. Ksell орнатып та үлгерді. Байланыс операторлары халық саны жеткілікті ауылдарға базалық станцияларын орнатуға әзір. Сондықтан жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, антенналық-діңгекті құрылғыларды орнатуға ден қоюымыз керек. Бүгінде Ертіс, Успен, Шарбақты аудандарында діңгек орнатылуда. Аяқталған соң базалық станциялар қойылады. Ақтоғай ауданының Харьков және Басқамыс ауылдарында діңгектің орындары рәсімделуде.
Гауһар:
— Әуелбек ауылында байланыс нашар, Билайнмен дыбыстық хабарламаны жіберу, жүктеп алу өте қиын. 2023 жылы базалық станция қоямыз деген уәде болып еді. Әлі жоқ. Бізде байланыс қашан жақсарады?
— Әрбір ұялы байланыс операторының лицензиялық міндеттемелері болатынын айттым. Оны министрлік бекітіп береді. Сол құжатқа сәйкес Әуелбек елді мекенінде Теле-2 байланыс операторы орнатылуы тиіс еді. Аталмыш оператор екі елді мекенде міндеттемесін орындамады. Тиісті хаттаманы министрлікке жолдадық. Шыны керек, облысымызда Belline мұндай іске келгенде ширақ. Ұсыныстарға бірден жауап береді. Бірақ олар өзге ұялы байланыс операторына міндеттелген ауыл аумағына кіріп, өзінікін орната алмайды. Сондықтан министрлікке жолдаған хатымызда аталмыш ауылға байланыс жеткізетін өзге операторға ауыстыруды немесе міндеттемесін орындатуды талап еттік. Негізі, Әуелбекке жақын елді мекен Қараобада станция бар. Екі ауыл арасы алыс емес. Бірақ ойпаң жерлер салдарынан кейде байланысты сапалы деңгейге жеткізе алмайтыны рас.
Тілші:
— Осы ретте, тұрғындар байланыс сапасына қатысты шағым, өтініштерін кімге жолдай алады? Тұрғындардың арыз-шағымын қай орган қарастырады?
— Қазіргі таңда уәкілетті орган – біздің мекеме, яғни, облыстық цифрлық технологиялар басқармасы. Әлеуметтік желідегі жеке парақшама да, е-otinish арқылы да арыз-хатыңызды жібере аласыз. 2024 жылы шілде айында байланысты қадағалау функциясын бізге берген. Бірақ байланыс туралы заңнамаға өзгеріс енгізілгенімен, Кәсіпкерлік кодексі және Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне толықтырулар енгізілуі тиіс. Бүгінде бұл жұмыстар жүргізілуде. Уәкілеттік бар, бірақ әлі тексеріс жүргізуге құқымыз жоқ. Өйткені, кез келген байланыс операторы кәсіпкерлік субъектісіне жатады, оны шағым негізінде тексеру үшін прокуратураға тіркеуіміз керек. Толықтырулар енгізіліп, заңнама күшіне енсе, оған жол ашылады. Былайша айтқанда қолымыз байлаулы. Десе де, бізге өтініштер түсіп жатады. Қауқарсыздық танытып отырған жоқпыз. Байланыс операторларымен байланысқа шығып, кейбір уақытта олардың өкілдерін, инженерлерін ертіп, мәселенің мәнісін зерделеп шығады. Бір ескеретіні, кей тұрғындар репитор деген қондырғыны қолданады. Бұл — интернет сигналын күшейткіш құрал. Бүгінде нарықта ол еш кедергісіз сатылады. Репитор орнатып, тұрғындар өзінің қара басын ойлап кетеді, өзінің жағдайын жасауға тырысады. Репитор құрған елді мекендерде 5 шақырымға дейін байланысты бұғаттап тастайды. Осылайша өзгеге кесірін тигізеді. Заңнамада еш тыйым салынбаған. Шығып тексерген кезде қай жерде құрылғы тұрғаны белгілі. Бірақ алып тастауды талап ете алмаймыз. Учаскелік инспектор, ауылдық округ әкімдері, қоғамның белсенді мүшелері бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, өзгеге зиян келтіріп отырғанын ұғындырса, дұрыс болар еді. Заң жүзінде репиторларды сатуға тыйым салынбаған. Мәселені министрлік деңгейінде көтердік, қарастырылып жатыр. Алдағы уақытта тыйым салынуы ықтимал.
Тілші:
— Ауыл мектептері үшін интернет жылдамдығының баяулығы көп жағдайда жұмыстарына қолбайлау болып жатады. Жылдамдықты күшейту мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
— Былтырдан бастап шалғайдағы, қолжетімділігі қиын 33 ауылдың мектебіне Starlink төменгі орбиталды интернет қойылды. Пилоттық жоба түрінде қолданылды. Енді министрлік мәлімдегендей, Starlink заң жүзінде іске асып, бүкіл мекеме қолдануына жол ашылды. Өткен жылы облыста 128 мектепте интернет жылдамдығына қатысты мәселе болса, оның 33-індегі түйткілді жоғарыдағы интернет арқылы шештік. Биыл тағы 45 мектепке орнатылады. Одан бөлек, «Қазақтелеком» талшықты-оптикалық желі тартады. Бүгінде байланыс компанияларына қалалық мекендерде интернет жылдамдығы 100 мегабит, аудан орталықтарында 50 мегабит, ауылдық елді мекендерде кемінде 20 мегабит болуы талап етіледі. Ал Starlink-тің 50-ден 100 мегабитке дейінгі жылдамдық беру мүмкіндігі бар.
Қуан:
— Екібастұз-Павлодар ара-сында жиі қатынаймын. Осы республикалық жолда ұялы байланыс қашан тұрақты болады?
— Былтыр осы бағытта жұмыс басталды. Облыс бойынша күрежол бойында байланыс тым нашар
12 жол учаскесін анықтадық. Мысалы, Баянауылда — үш, Екібастұзда — екі, Железин, Май, Аққулы аудандарында бір-бірден, Тереңкөлде – екі жол бойындағы учаске бар. Бүгінде антенналық-діңгекті станцияның жобасы жасалды. Республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Тоғыз жоба бойынша бюджеттік өтінім жолдадық. Екібастұз және Баянауыл ауданындағы үш учаскенің жобасы әлі жасалуда. Себебі, олардың бағаналарының биіктігі — 60 метр, қалған тоғызында — 45 метрлік. 45 метрлік болғанда, ведомстволық сараптаудан өткізіледі. 60 метрліктері мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс. Ал оның өзіндік рәсімдері бар. Тамызда реттеліп, бюджеттік өтінім береміз деп жоспарлап отырмыз. Онымен қоса, «Қазақтелеком» мен Ksell Астана-Павлодар жолының бойында аймағымыздың шекарасына дейін Ksell-дің жеті базалық станциясы орнатылды. Негізі, діңгектер орнатылса, Belline қондырғыларын қоюға дайын.
Нұргүл:
— Көпбалалы анамын. Елі-мізде интернет қызметінің құны жыл сайын өсіп жатыр. Байланыссыз тағы болмайды. Барлық ісіміз сол ұялы байланыспен бітеді. Осы қызмет ақысына көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, зейнеткерлерге қандай да бір жеңілдік жасау мүмкіндігі бар ма?
— Өкінішке қарай, мобильді интернет бойынша басқарма болсын, министрлік болсын бағаларына әсер ете алмаймыз. Әрине, қадағалаушы органдар бағаның негізсіз өспеуін назарда ұстайды. Жуырда интернет бағасының жиі өсуіне байланысты тексеріс басталғаны туралы ақпарат бар. Нәтижесіне қарай тиісті шара қолданылады деген ойдамыз. Тарифке еш қатысымыз жоқ. Алайда, құнына қатысты тұрғындардан өтініш, шағымдар түседі. Оны операторларға жіберіп, ұсыныстарын жеткізуге тырысамыз. Мұндайда ұялы байланыс операторлары корпоративтік, отбасылық сынды түрлі тиімді пакеттер барын алға тартады.
Тілші:
— Облыс әкімі аймақтың үш қаласында қоғамдық Wi-Fi іске қосуды тапсырған еді. Орындалу барысы қалай?
— Аймақ басшысы тарапынан осындай тапсырма берілді. Бүгінде Павлодар қаласы әкімдігі қоғамдық Wi-Fi орнату үшін шаһар қазынасынан қаржыландыруды қарастыруда. Екібастұз бен Ақсу қалаларының әкімдіктері де алдағы уақытта бюджеттерін нақтылау кезінде бұл мәселені назарға алатындарын мәлімдеді.
Тілші:
— Елімізде цифрландыруға баса мән берілуде. Бұл ретте, аймағымыздағы іргелі жобаларға тоқталсаңыз…
— Smart City Pavlodar жобасын білесіздер. 2022 жылы басталып, биыл іске асты. Жалпы, 5567 бейне-бақылау камерасы орнатылды. Бұл камералар 138 білім ордасына, 18 медицина мекемесіне қойылған. Камералардың барлығы полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Мұнда жай ғана бейнебақылау камералары емес, аналитика жасау мүмкіндігі бар. Кез келген уақытта қоқыс лақтырылса, бір жерде түтін шықса, адамдар қарасы көптеп шоғырланған аумақ анықталса, тұрғындар белгілі бір затын ұмытып кетсе, бұл туралы орталыққа ақпарат түседі. Назар аудару керектігін ескертеді. Камералар әлеуметтік нысандардың ішінде және сыртында орнатылған. Егер сыртындағы камераға іздеуде жүрген азаматтардың бейнесі іліксе, жүйе бірден құзырлы органға белгі береді. Бейнебақылау камерасының адамды тануы 90 пайыздан жоғары екенін ескеру керек.
Ал қазіргі уақытта «Қауіпсіз қала» жобасы басталды. Мұнда камераларды орнатуға бюджет қаражаты жұмсалмайды. Сервистік үлгіде іске асады. Анықталған мердігер өз қаражатына жасап, орнатады. Билік үш жыл ішінде ай сайын абоненттік төлем жасайды. Ерекшелігі бейнебақылау камерасы істен шығып, қызметін атқармаса, ол үшін ақша төленбейді. Бейнеталдау тетігі қосылған. Содан камералардың жұмысына қатысты есеп түсіп тұрады. Жоба аясында қоғамдық орындарға 3 мыңға жуық бейнебақылау камерасы, ал аймақтың үш қаласы көшелерінің бойына 250 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылады. Мұндай кешендер 150 жол қиылысына қойылады, сондай-ақ, республикалық маңызы бар жолдардың апаттық 20 учаскесіне орнатылады. Бұл жол жүру ережесінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр. Мұның барлығы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолға алынуда. Жобаны жүзеге асыратын мердігер анықталды, шарт жасалды. Енді құжаттар тіркелгеннен кейін басталады. Уәкілетті органдардың жобаға қатысты ұсыныстары, өзіндік талаптары бар. Мәселен, соңғы уақытта орын алған оқиғаларды ескеріп, төтенше жағдайлар департаменті тарапынан көпірлерге бейнебақылау камераларын орнату мүмкіндігі қарастыруды өтініп отыр. Жалпы, «Қауіпсіз қала» аясында орнатылатын камераларда талдау жүйесі бар. Мысалы, жоғалып кеткен бала туралы, оның киген киімі, пішіні, дене бітімі жайында жүйеге ақпарат енгізсе, бір сәт болсын ол бала бейнебақылау камерасына түсіп қалса, жүйе оның жүрген маршрутын сызып береді.
Сонымен қатар, аймақтың геоақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе арқылы 12 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның ішінде 9-ы-жер қатынастары саласында және 3-еуі — сәулет және қала құрылысы бағытында. Мұнда азаматтардың өтініштері онлайн қабылданады, өңделеді, жер телімдерін басқару, жер аукциондарын электронды түрде ұйымдастырылады. Жалпы, геоақпараттық жүйе облысымыздың үш қаласының инфрақұрылымы нысандары туралы ақпаратты орталықтандыруға және жедел басқаруға, облыстың өміріне қатысты картографиялық ақпаратты жинауға, оны жедел өңдеуге және қажетті шешім қабылдау үшін тиісті сапада және нысанда нәтижелерді ұсынуға арналған.
Нұрбек:
— Ақсу қаласына қарасты Еңбек ауылында бұрын интернет байланысы өте нашар болды. Кейін сәл жақсарған еді. Дегенмен, кейде істемей қалатын кездері кездеседі. Не істеу керек?
— Қандай байланыс операторы екенін білсек, олармен бірге мамандарымыз шығып, мәселені анықтауға болады. Кейбір жағдайда әлгі репитор қондырғысымен кедергі келтіріліп тұруы әбден мүмкін. Негізі, ұялы байланыс операторлары базалық станцияларының күндегі жұмысын қадағалап отырады. Онда ақау болмаса, интернеттің болмау немесе нашар істеуінің басқа себебі болуы мүмкін. Операторлар да оны анықтауға мүдделі.
Меруерт:
— Павлодар қаласындағы «Достық» шағын ауданында тұрамын. Бізде Теле2 мобильді байланысы нашар. Ұстайтын тұстарды іздеп жүреміз. Belline да соншалықты керемет емес. Алдағы уақытта жақсарту жоспары бар ма?
— Өкінішке қарай, көпқабатты үйлер орналасқан аумақтарда байланыс мәселесі бар. Себебі, жаңадан ұялы байланыс қызметі шыққан кезде әрбір көпқабатты үйдің төбесіне базалық станциялар орнатылды. Соның нәтижесінде байланыс қалыпты еді. Ал қазір қолданыстағы заңнамасына сәйкес көпқабатты үйде тұратын 1000 тұрғынның біреуі қарсылық білдірсе, станция орнатылмайды. Алып таста десе, оператор алып тастауға міндетті. Осындай мәселе Достық шағын ауданында да орын алуда. Ақсу және Павлодар қалаларынан «ақ дақ» аумақтарын анықтадық. Яғни, бұл тұстарда байланыс сапасы төмен. Ол жерлерге қос мақсаттағы діңгектер орнату бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгінде баған қойылатын бірқатар жер рәсімделді. Үшеуі — Ақсуда, төртеуі — Павлодарда. Ал қалған үш аумақта жер таңдауға әкімдікпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Себебі, операторлар қондырғыларымен зерделеп, қай жерде орнатқан жөн екенін ұсынады. Ал белгілеген жерлердің бәрін рәсімдей алмаймыз. Себебі, оның астында инженерлік желілер жатуы мүмкін. Кейде біреу Bellinе, біреу Tele2 операторын қосуды сұрайды. Негізі, қай жерде қандай базалық станция бар, соның қызметін тұтынуға бейімделген жөн. Айта кетейін, әлгі он «ақ дақтың» ішінде Достық шағын ауданы да бар. Сондықтан алдағы уақытта байланыс мұнда оңалады.
Түйін:
Цифрландыру өмірімізге етене енгеніне куәміз. Байланыс, интернет бәрі күнделікті қажеттілігімізге айналды. Оны байланыстың сапасына, интернеттің жылдамдығына алаңдаулы ағайының сауалдар легінен түсінуге болады. Ендеше, бұл игілік қалаға да, далаға да бірдей жетуі тиіс. Шалғайдағы тұрғын қаладағы жағдайдан қалыс қалмауы қажет. Алайда, бүгінде әлі де қала мен ауылдағы байланыс бойынша ахуалдың айырмашылығы бар. Міне, осы алшақтықты барынша жою үшін құзырлы органдар тиісті жұмыстарды қолға алған. Нәтижесін ауылдықтар көп ұзамай көреді деген үміттеміз. Ал қалалықтар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруда цифрлық технологиялардың септігі тиеді деп жоспарланып отыр.
«Тікелей желіні» жүргізген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.