2024 жылы аймағымызда медицина саласында ілкімді істер қолға алынды. Оның ішінде ауылдағы халықтың денсаулығын жақсартуға ерекше көңіл бөлінді. Бұл ретте «Ауыл – ел бесігі», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында елді мекендерде жаңа медициналық нысандар бой көтеріп, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілуде.
Облыстық денсаулық сақтау басқар-масының басшысы Әнуар Бұйрашевтің айтуынша, биыл жыл соңына дейін ауылда 30 жоба іске қосылады. Оның ішінде елді мекендерде 2 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт,
23 медициналық пункт бой көтеруде. Ауқымды жұмыстың нәтижесінде 15 мың
ауыл тұрғыны сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте медициналық пункттер Ақтоғай, Железин, Ертіс, Май Аққулы, Тереңкөл, Успен, Шарбақты және Екібастұз, Ақсу қалаларында салынуда. Екі дәрігерлік амбулаторияның бірі — Ертіс ауданында, екіншісі Ақсу қаласында халыққа қызмет көрсетпек.
30 мекеменің 5-еуі Успен ауданында салынуда. Жуырда Тимирязев ауылында жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Аққулы ауданындағы Шақа, Жабағылы және Тілектес ауылдарында да 3 медициналық пункт бой көтерді. Жыл соңына дейін мұндай жаңа нысан тағы
3 ауылда салынады деп күтілуде. Бұдан бөлек, медициналық мекемелерді дәрігерлермен қамту мақсатында биыл 200-ге жуық маман жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде 50-ден астамы ауылдық жерде еңбек етуде. Сонымен қатар, шалғай ауылдарды санитарлық көлікпен қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөлінуде. Бұл ретте техниканың 84 пайызы жаңарды. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді деп күтілуде. Мұндай игі істің бәрі ауыл халқының денсаулығын жақсартуға бағытталған.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.