Ауыл – қазақы тәрбиенің алтын ордасы. Халқы-мыздың барлық салты мен дәстүрі, әдет-ғұрпы, мінезі мен тәрбиесі ауылда сақталған. Қазір көпшілік күнкөріс қамымен қалаға көшіп жатқан заман. Алайда ауылдан кіндігін ажыратпай, күнделікті тіршілігі арқылы ұлт құндылықтарын құндақтап отырғандардың қатарында Ақтоғай ауданы Жаңабет ауылындағы Қажмағанбетовтер отбасы бар.
Салтын сақтап, дәстүрін ұлықтаған, қорасына төрт түлігі бірдей біткен бетегелі де берекелі отбасынан байырғы қазақ ауылының барлық көрінісін байқауға болады.
Наурыз мерекесіне орай әулеттің ең үлкен шаңырағы – Оразбек Қажмағанбетовтің ордасына барып, қазақы құндылықтарды сақтап отырудың сыры туралы әңгімелестік. Үлкен әулеттің ауылдың сақталып қалуына, туған жерінің дамуына қосып отырған үлесін көрдік. Жалпы, Қажмағанбетовтер — жыл-он екі ай мал шаруашылығымен айналысып, төрт түліктің ырысы мен берекесін еншілеген жандар. 2020 жылы «Ғибрат» шаруа қожалығын ашып, мемлекеттің қолдауымен мал шаруашылығы кәсібін жүргізіп келеді.
— Жаңабет ауылы – менің кінді-гімнің қаны тамған, анамыздыың әлдиі сіңген қасиетті де киелі мекен. Сондықтан болар, тек осы ауылда ғана тамыр жайып, ұл-қыздарымды өсіріп келемін. Үш ұлым үш отау болды. Барлығы өзімнің жанымда және ауылды тастап, басқа бір жаққа қоныс аудару ойымызда жоқ. Балаларым мал шаруашылығын жүргізіп, қымыз өндірісін дамытып, ауыл экономикасына үлес қосуда. Ал екінші жағынан ұлттық өнерді ұлықтап, ұлт руханиятына да зор еңбек сіңіріп жатыр. Сонымен қатар, халқымыздың ежелден келе жатқан салты бойынша бәйгеге жүйрік ат баптап, ұшқыр тазы ұстайды. Бұл – біздің әулет үшін тек хобби емес, күнделікті тіршіліктің көрінісі, — дейді Оразбек Қажмағанбетов.
«Ғибрат» ШҚ мемлекет тарапынан берілген жер телімдерін тиімді пайдаланып, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен шаруашылығына қажетті техникалар, соның ішінде тракторлар сатып алды. Қазіргі таңда қыс уақытында құрт пен майдың дәмін келтірсе, жыз мезгілінде бие байлап, қымыз ашытады. Бүгінде «Ғибраттың» қымызының бал дәмі Жаңабетке ғана емес, бүкіл ауданға тарап үлгерген, тіпті іздеп келіп ішетіндер көп. Әулеттің үлкен ұлы Азамат Қажмағанбетов бүгінде осы шаруашылықтың тізгінін ұстап, барлық шаруасын жүргізіп келеді.
— Алдағы мақсатымыз – ұлттық сусынымыз, қымыз бизнесін жолға қою, ауыл тұрғындарына табиғи таза өнім ұсыну. Біз бәрін өзіміздің қолымызбен жасағандықтан, ешқандай қоспа жоқ, дәрумендер пайдаланбаймыз. Жылқыларымыз да төрт мезгіл далада жайылып, қырдың шөбін жейді. Жалпы, қазақ бар жерде қымыз бар, қымыз бар жерде қазақ қарап отырмайды. Ұлттық тағам өндірісін дамыту арқылы бірінші, ауыл экономикасына серпін берсек, екінші, ұлт денсаулығының қалыптасуына үлес қоса аламыз. Міне, осындай мақсатпен күндіз-түні тынбай еңбек етіп жатқан жайымыз бар, — деді Азамат Оразбекұлы.
Сонымен қатар, ауласына қазақы тазының түр-түрін ұстап, аңшылықтың да сыры мен сыбағасына кенелген. Қансонарда тазымен аңға шығу – жанға ләззат сыйлайтын ең ғажайып уақыт деп еске алды ол.
— Қазір екі тазы баптап отырмын. Оның бірін өзім күшігінен асыпап өсірген болсам, екіншісін Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданынан бір аңшыдан аттай қалап алдырдым. Ол — атақты дүрегей тазысының тұқымы. Жалпы, Жаңаарқа тазыларының тұқымы өте сапалы болады. Нақтырақ айтқанда, бір жағынан жүйрік, екінші жағынан ештеңеден тайсалмайтын жүректі келеді. Қасқырға салсаң да қайыспайды кейбір мықты тазылар. Біздің жақта көбінде түлкі, қоян, борсық сынды аңдарды ұстайды. Сонымен қатар, елік те кездесіп қалатын кездер бар. Бірақ өз басым елікке көп жүгіртпеймін, — дейді.
Азамат ұлттық өнердің өлкесіне де өз сүрлеуін салған жан. Ол ауыл балаларын домбыраға үйретіп, бүгінде шәкірттері талай додаларда топ жарып жүр. Жақында М.Катаев атындағы оқушылар сарайында өткен облыстық ансамбльдер байқауында үшінші орынды жеңіп алды.
— 2015 мектепте музыка пәнінің мұғалімі және домбыра үйірмесінің жетекшісі болып еңбек жолымды бастадым. Мақсатым ұлттық өнерді дәріптеп, ауыл балаларының бойына сіңіру болды. Ауылдың қара домалақтарына қара домбыраның қыр-сырын үйретіп, олардың өнерге деген қызығушылығын арттырдым. Кейін сол мақсатыма жеттім. Менің алдыма келген балалар домбыраны кәсіби түрде тартатын деңгейге жетті. Менің шәкірттерім жыл сайын аудандық және облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, ауыл мектебінің абыройын асқақтатып жүр, — дейді Азамат Оразбекұлы.
Әулеттің үлкендерінен бастап жастарына дейін шетінен өнерпаз екенін байқадық. Дастар-
хан басында атасы-баласы-немерелері бірлесіп, «Балбырауын» күйін тамаша нақышпен орындап берді.
Ақтоғай ауданында ұлттық өнерді насихат-тауға бағытталған игі бастамалардың бірі – домбыра үйірмесінің жұмысы. Бұл бағытта біз сөз етіп отырған Азамат Қажмағанбетов табанды еңбек етіп, өнерге құштар жас талантты оқушылардың талабын шыңдауда. Тіпті, бүгінгі күнге дейін біраз жетіс-тікке де жетіп үлгерген. Ол қазіргі таңда Ақтоғай ауданына қарасты Мүткенов мектебі мен Жаңатап мектебінде домбыра үйірмесін жүргізіп келеді. Ұстаздың жетекшілігімен екі білім ордасында ұйымдастырылған үйірмеге барлығы шамамен 30 оқушы қамтылған. Бұл – ауыл балаларының ұлттық өнерге деген қызығушылығының жоғары екенінің айқын көрінісі.
Үйірмеге 3-сыныптан 8-сыныпқа дейінгі оқушылар қатысады. Сабақ барысында ұстаз ең алдымен балалардың қолын жаттықтырып, домбыра ұстау мен қағыс түрлерін меңгертуге баса мән береді. Осы бастапқы дағдылар қалыптасқаннан кейін ғана күйлерді үйрету кезеңіне көшеді. Мұндай жүйелі тәсіл оқушылардың музыкалық сауаттылығын арттырып, өнерді терең меңгеруіне мүмкіндік береді. Қазіргі таңда үйірме қатысушылары «Адай», «Айжанқыз», «Балбырауын» сынды халыққа кеңінен танымал күйлерді жақсы меңгеріп, орындау шеберліктерін шыңдап келеді. Бұл – ұстаз еңбегінің және оқушылардың талпынысының нақты нәтижесі.
Азамат Қажмағанбетов шәкірт-терімен аптасына бір рет тұрақты түрде кездесіп, домбыра тартудың қыр-сырын үйретеді. Сабақ барысында оқушылар тек күй орындап қана қоймай, ұлттық мәдениетке деген құрметін арттырып, өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастырады. Ұстаздың айтуынша, үйірменің басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, домбыра өнерін дәріптеу және талантты балаларды анықтап, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Бүгінде үйірме қатысушылары түрлі мектепішілік және аудандық іс-шараларға белсене қатысып, өз өнерлерін көрсетіп жүр.
Осындай бастамалар арқылы ауыл балалары уақыттарын бос өткізбей, пайдалы істермен шұғылдануды дағдыға айналдыруда. Екінші жағынан халқымыздың саф өнерін саналарына сіңіріп, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген ұғымды жадыларына жаттап өседі. Домбыраның күмбірлеген үні – ұлт рухының айнасы десек, сол рухты жас буынның жүрегіне жеткізіп жүрген Азаматтай азаматтардың еңбегі зор.
Тілеуберді САХАБА, Жаңабет ауылы, Ақтоғай ауданы.
