Кеңес Одағы тұсында тарих бетіне қасіретімен қара белгі болып қалған соғыстың бірі — Ауған соғысы. Биыл Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толып отыр.
Сонау сұрапыл шайқасқа қатысқан қаһарман ардагер-леріміздің ерлігі бүгінгі жастарға үлгі болып, мәңгі жадымызда сақталары сөзсіз. Себебі, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Облыстық «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық қорының төрағасы Байғабыл Майкотов Отан алдындағы әскери міндетін адал атқарған Ауған соғысы ардагерлерінің есімін жас ұрпаққа жеткізу, ерлік істерін насихаттау, тарихтан әділ бағасын беру мақсатында кешегі қаруластарымен бірлесіп, жастармен кездесу кештерін ұйымдастырып, бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын жеткізді. Айтуынша, осынау отты жылдары бейбіт өмір үшін күрескен қазақстандықтар сапында павлодарлық азаматтардың да ерлігі көпке үлгі болып, тарихтың қалың беттерінен орын алары белгілі.
— Ауған соғысының ардагер-лері — өмір мектебінде шыңдалған жандар. Соғыс болған жерде адам шығыны да болады. Жаныңда жүрген досыңның көз алдыңда оққа ұшқанын көргенде жүрегің қан жылайды. Сондықтан, мұндай қақтығыстар болмасын деп тілеймін. Ауған соғысы туралы мектепте оқу бағдарламасына енгізілмеген. Бірақ, өскелең ұрпақ бұл туралы білуі керек. Сондықтан біз мектеп оқушыларымен, колледж студенттерімен, сондай-ақ, жас сарбаздармен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырамыз. Мұндағы мақсат — майдангер азаматтар жастарымызды отан-сүйгіштікке баулып, бойларына патриоттық рух қалыптастыру, — деді ол.
Расында да, өмір сүре білудің қадірін бір білсе, бейбіт күнде от кешіп, сұрапыл соғыс көрген осы жандар білер. Сондықтан Ауған ардагерлері достықтың һәм бейбітшіліктің мәнін жоғары қояды. Уақыт өткен сайын тарих томы қалыңдап, жауынгерлеріміздің ерлігі Ұлы Отан соғысының ардагерлері іспеттес кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалары сөзсіз. Осындай ардагер жандардың бірі — Шарбақты ауданы, Қызылтаң ауылының тумасы Қайрат Какашин. Соғыс ардагері Ауған топырағында өлім мен өмірдің арасында арпалысқанын айтып, тіпті танкіде өмір сүрген күндері де болғанын еске алды.
— Ауған соғысы – жүректе жазылмайтын, тарихта ерекше орын алатын кез. Сұм соғыс кезінде таулы аймақта болдық. Өзім сияқты жауынгер жастардың күнде біреуінің мерт болғанын көргендіктен біздің елге қайтар күннің туарына үмітімізден гөрі күдігіміз басым болды. Соғысты үлкен немесе кіші деп бөлуге болмайды! Бұл соғыс біздің әрбіреуіміздің жүрегімізге де, өмірімізге де сызат түсірді. Адам баласы үшін ең алдымен елдің тыныштығы мен халықтың амандығы аса маңызды. Сондықтан бейбіт заманның байрағын көтеру үшін қару асынып, сапқа тұрдық. Мен 1979 жылы мамыр айында әскер қатарына шақырылдым. Кейін Ауған жерінде көтеріліс, революция басталды. Кеңес Үкіметі жедел түрде көмек көрсетуге тырысты. Тез арада бұйрық шығарылды. Осылайша жарты айлық дайындықпен Кабул қаласына соғысқа аттан-
дық, – деді ол.
Көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдарды еске алған Қайрат Какашин Ауған соғысының ардагерлері Екінші дүниежүзілік соғысты көрген ақсақалдардың лайықты ізбасарлары екенін атап, жат ел топырағында ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміздің жарқын есімдері ел тарихында алтын әріптермен жазыларына сенім білдірді. Сондай-ақ, ол бүгінгі таңда Ауған соғысына қатысушылардың мәртебесі Тәжік-Ауған, Қарабақ соғысының қатысушыларымен теңестірілгенін айтып, алдағы уақытта Ауған соғысының қатысушыларына жеке мәртебе берілсе деген тілегін жеткізді.
Айта кетейік, Ауғанстан жерінде болған қанды ұрысқа 22 мыңнан астам қазақстандық қатысып, 701 жауынгер қаза тапса, 484 адам елге мүгедек болып оралып, 20 жауынгер хабар-ошарсыз кеткен. Қазіргі таңда елімізде ауған соғысына қатысқан 17800 адам тұрса, оның 700-і Павлодар облысында, 300-ден астам Ауған соғысының ардагері облыс орталығында тұрады.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.