Жаз келді. Күн ысыды. Тұрғын үйлердің терезелері айқара ашылды. Алайда жаздың жайлы самалымен бірге көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарында тұратын отбасылар үшін көзге көрінбейтін, бірақ қауіпті сынақ басталды. Себебі, ашық тұрған терезе жаздың тынысын үйге әкелгенмен, кей кішкентай тұрғындарға тосын қатер тудырып тұр. Мәселен, жыл сайын облысымыздың өзінде бірнеше бүлдіршін ашық тұрған терезеден құлап, ауыр жарақат алады. Кей оқиғаның соңы, тіпті қайғылы жағдайға әкеліп жатады. Бұл – бір өңірдің ғана мәселесі емес.
Сақтықта қорлық жоқ
Әрине, әр ата-ана үшін перзентінің амандығынан артық бақыт жоқ. Әйтсе де, білместіктен жасалған қадам, абайсызда кеткен кішкентай қателік үлкен өкінішке әкеліп жатады. Мысалы, баланың ажалына әкелетін бір себеп – ашық терезе.
Балалардың терезеден құлауына бірнеше негізгі себеп бар. Алдымен, москит торына деген жалған сенім. Көп ата-ана тор баланы қорғайды деп ойлайды. Бірақ ол тек жәндіктерден қорғануға арналған, ал бала сүйенсе, бірден үзіліп кетеді. Екіншіден, терезе маңында орналасқан жиһаздар. Кішкентайлар орындық, кереует, үстел арқылы терезе алдына оңай өрмелеп шығады. Егер терезе ашық тұрса, бір сәттік қимылдың өзі орны толмас қайғыға айналуы мүмкін. Соңғысы – қауіпсіздік құрылғылардың болмауы. Арнайы құлып, қорғаныс ілгегі, балаларға арналған терезе шектеуі сияқты қарапайым құралдарды көп ата-ана орнатпай жатады.
Облыстық полиция депар-таменті жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының аға инспекторы Бибігүл Қамзина балалардың терезеден құлауына алдымен ата-аналардың салғырттығы себеп болатынын айтады.
— Балалардың терезеден құлауы, жарақаттануының алдын алу мақсатында көпқабатты үйлерді аралап, осы тақырып бойынша тұрғындармен жиі кездесулер өткіземіз. Бірақ бір сәттік бейқам-дықтың салдарынан оқыс оқиғалар тіркеліп, жыл сайынғы статистика азаймай тұр, — дейді Б.Қамзина.
Әр секунд маңызды
Балалар құқықтары жөнін-дегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенованың сөзінше, жыл басынан бері облыс бойынша 7 бала терезеден құлап, оның екеуі қаза тапқан. Сондықтан ата-аналарға балалар қауіпсіздігін басты назарға алмасқа болмайды.
— Мұндай статистиканы айтудың өзі ауыр. Себебі әр санның артында ата-ананың орны толмас қайғысы мен бүлдіршіннің үзілген балалық шағы жатыр. Ал алаңдатарлығы, бұл оқиғалардың басым бөлігі ата-аналардың салғырттығынан және қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан болып отыр.
Бүгінде Павлодар облысында 1 мыңға жуық отбасы терезесіне темір тор орнатпаған. Бұл – кішкентай балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген осынша үй бар деген сөз. Әсіресе, көп қабатты үйлердің жоғарғы қабаттарында тұратын жанұялар үшін өзекті мәселе.
Қоғамда москит торына деген қате түсінік қалыптасқан. Көп ата-ана осы торды қауіпсіздік құралы деп есептейді. Ал бала оған сүйеніп, терезеден құлап кетеді.
Мен баланың ересектердің жауапкершілігінде болуы керек-тігін үнемі айтамын. Өйткені терезе жақтауындағы бір сәттік бейқамдық бала тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан ата-аналарға қайта-қайта ескерту жасаудан жалықпаймын. Терезеге қауіпсіздік құлыптарын орнатыңыз, жиһазды терезе маңынан алыс-татыңыз, баланы бөлмеде жалғыз қалдыр-маңыз. Бұл — қарапайым, бірақ баланың өмірін сақтап қалатын нақты қадамдар.
Осы мәселе бойынша біз тиісті мекемелермен бірлесіп, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Менің ойымша, терезеге қауіпсіздік құлпын орнатуды міндеттеу қажет, — дейді С.Шәкенова.
Бұл ретте балаларын көзден таса қылған ата-аналарға әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын атап өткен жөн.
Қауіпке қарсы қорған
Павлодарлық «Азия-Хаум» ЖШС басшысы Талғат Қасанов терезелерге темір тор орнатумен кәсіби түрде айналысып жүргеніне біраз жылдың жүзі болды. Оның айтуынша, жаз мезгілі басталғалы бері тапсырыс саны екі есе артқан.
— Біз темір тордың үш түрін орнатамыз. Торлардың бағасы олардың материалына, күрделілігіне және көлеміне қарай әртүрлі болып келеді. Орташа есеппен алғанда Павлодар қаласында қауіпсіздік торының бағасы 5 мың мен 15 мың теңгенің аралығын құрайды. Бір тор 100 келіге дейін салмақты көтереді. Оны бір терезеге орнату шамамен 3-5 минутты алады. Тор орнату – бұл бір күндік шешім емес, ұзақ мерзімді қауіпсіздік кепілі, — дейді кәсіпкер.
Ал заманауи үлгіде қауіпсіздік торын орнататын шебер Мирас Төлегенов бұл кәсіппен соңғы үш жылдан бері айналысып келеді. Ол тұрғындарға көзге көрінбейтін, бірақ салмаққа төзімді, түссіз қауіпсіздік торларын ұсынып жүр.
— Біз орнататын түссіз торлар мотолит поликарбонаттан жасалады. Бұл — берік әрі ұзақ мерзімге шы-
дамды материал. Бірнеше жылда сарғаймайды, бұзылмайды. Бір тор 100 келіге дейінгі салмақты көтере алады. Бағасы орта есеппен 20-25 мың теңгені құрайды. Егер тапсырыс беруші москит торымен бірге орнататын болса, онда жеңілдік қарастырамыз. Сонымен қатар, бір көпқабатты үйден бірнеше пәтер иесі бірдей сұраныс білдірсе, арнайы жеңілдіктер бар, — дейді ол.
Түсіндіру жұмыстары жүргізіледі
Павлодар қалалық білім беру бөлімі бірнеше жылдан бері «Қауіпсіз терезе» науқаны аясында балабақшаларда ата-аналармен, темір тор орнататын кәсіпкерлермен және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен жиі кездесулер ұйымдастырады. Қазіргі уақытта да мектептегі ұйымдар мен бастауыш сынып кабинеттерінде қауіпсіздік шараларын күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде, терезелерге тор орнату немесе арнайы құлып жүйесін енгізу мәселесі күн тәртібінде тұр.
— Негізі, біз балалар қай әлеуметтік топқа жатса да, олардың үйлерінің терезесіне темір тор мен блакиаторларды тегін орнатпаймыз. Тек тор мен арнайы құлып жүйесін орнататын компания өкілдері мен демеушілерді іздейміз. Мәселен, жыл сайын өтетін «Қауіпсіз терезе» жобасы аясында биыл акцияны қолдау мақсатында 125 терезе блакираторын ұсынған «Vostok Trade» ЖШС қолдау көрсетті. Бұл құрылғылар үй-жайларды желдету мүмкіндігін шектемей, баланың терезеден құлап кету қаупін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, әр жыл сайын балабақшадағы ата-аналармен кездесіп, оларға түсіндіру жұмыс-
тарын жүргіземіз, — дейді Павлодар қалалық білім беру бөлімі мектепке дейінгі білім беру секторының жетекшісі Гүлбаршын Алтыбасарова.
Бәрі тәрбиеден басталады
Облыста балалардың терезеден құлап кету оқиғалары көбейіп тұрған уақытта қарапайым ата-аналар арасында да алаңдаушылық көбейіп келеді. Көпшілігі мұндай оқиғалардан соң терезелерге темір тор орнатып, баласын барынша қорғауға тырысып жатқанымен, басты қауіпсіздік – назар мен тәрбие екенін мойындайды.
Павлодар қаласының тұрғыны, төрт баланың анасы Мәдина Сайлаубекқызы мұндай қауіптің алдын алуда техникалық шарамен қатар бала психологиясы мен санасына әсер ететін түсіндіру жұмыстарының аса маңызды екенін айтады.
— Біз жуырда үйіміздің тере-зесіне темір тор орнаттық. Бірақ мен өзіме: «Тек темір тормен шектелмеймін» деп уәде бердім. Қазір балалармен күн сайын әңгілесемін. Әңгіме барысында «Терезе не үшін керек?», «Онда неге сүйенуге болмайды?» деген секілді қарапайым сұрақтарды қою арқылы олардың өз ойын білдіруіне мүмкіндік беремін, — дейді ол.
Мәдина әр ата-ананың басты міндеті баланы қауіпті сезінуге, оның ой елегінен өткізе алуға үйрету деп есептейді. Ол қауіпсіздік туралы ережелерді жазалау немесе қорқыту арқылы емес, оларды ойын және диалог ретінде жеткізуді жөн санайды.
— Мен балаларға «Сен тере-зеге қарағанда не көресің?», «Биік пе?», «Оның алдында не істеуге болмайды?» деген секілді сұрақтарды қоямын. Сол арқылы олар өзі-ақ қорытынды жасай бастайды. Ересектер көп жағдайда «барма!», «жоқ!» деп бұйырып сөйлеп қояды. Алайда балаға мұның себебін толық түсіндірмесең, ол сөз олар үшін жай ғана сөз болып қалуы мүмкін, — дейді ата-ана.
Мәдина секілді ата-аналардың тәжірибесі көрсеткендей, баланы терезеден құлатпау үшін тек темір тор орнатумен шектелмеу керек. Бастысы, ата-ананың тұрақты назары болуы тиіс.
Түйін:
Терезе – жарық пен ауаның көзі. Бірақ бала үшін ол – қауіпті ашық кеңістік. Қауіпсіздік торы, құлып, құлаққағыс – бәрі маңызды. Бірақ бастысы – ата-ананың сергектігі мен саналы тәрбие. Себебі, баланы бір болат тор емес, ересектің қамқор назары мен уақытылы сөзі құтқарады.
Айдана БОРАНБАЕВА.