Облыс орталығынан 40 шақырым жерде жайқалған орман бар. Алыстан көз тіксеңіз, жазық даладағы табиғаттың сыйы дерсіз. Бірақ, жақындай түскенде қаз-қатар тізілген сан түрлі, ұзынды-қысқалы ағаштың Жер-Анаға жанашыр жандардың жасаған қамқорлығы екенін түсінуге болады. Бұл — табиғатты аялауды өмірлік ұраны, тағдырдың тартуы деп білетін жандардың еңбекқорлығынан туған өлкеге қосылған ну орман.
20 жылда – жасыл орман
Эколог күніне орай Жер-Ананы аялай білген жандармен тілдесіп, жасаған жұмыстарының жемісін өз көзімізбен көруге бардық. «Подари земле сад» жеке қорының құрылтайшысы, қоршаған ортаны қызғыштай қорып, қолынан келгенін, тапқан табысын тек табиғатқа бағыттауды талай жылдан бері әдетке айналдырған Юрий Гашек есімді азамат қарсы алды.
Бірден жайқалған жасыл желектің әрбір бөлігін таныстыруды бастады. 50 гектар алқап көгалдандырылған, тәлімбақта небір тал көшеті өсіп тұр. Бірі енді ғана өскін беріп жатса, бірі жайқалып, аптап ыстықта саялы аумаққа айналған. Мынау — қоғамдық тәлімбақ, деп таныстырды Юрий Львович. Одан кейін оның негізгі мәнін түсіндірді.
— Қоғамдық тәлімбақ қоғамда адамдардың көгалдандыруға көзқарасын өзгерту мақсатында қолға алынды. Келген жандар ағаш отырғызу қорқынышты да, қымбат та екенін көрсе дейміз. Тұқымын теріп, жерді қазып себесің. Қолыңда шелегің мен шлангің болса, тамырына су жетсе, жасыл желек жайқалып шыға келеді. Соншалықты қыруар қаржыны да талап етпейді. Соны әр азамат түсінсе дейміз, — дейді табиғат жанашыры.
Қоғамдық тәлімбақта түрлі жобалар бар. Мәселен, «Природная школа счастья» деп аталатын жоба балаларды табиғатқа жақындата түсуді мақсат еткен. Жеңіс бағы, Махаббат бағы деп аталатын жобалар да бар. Юрий Гашек бәрі де күтім мен табиғатқа деген махаббатпен үндесіп жатқанын айтады. Ол тұтынушылық қана өмір салтын ұстанатындарға қынжылады. Табиғаттың берері бір күні таусылатынын көп адам қаперге алмайтынына алаңдайды.
— Жер-Ана жомарт, беріп жатыр. Бірақ, оған қайтарымына адамзат тек күл-қоқыс тастап, ауаға зиянды зат шығарып, ластап жатыр. Басқа не беріп отырмыз? Ештеңе! Осыны ойланайықшы! Жалпы, бұл ағаш егіп, айналаны жасыл желекке айналдыру, Жер-Ананың тынысын кеңейтуге әркімнің шамасы жетеді. Өмірде кәсіби маман болып қана қою аздық етеді. Әрбіріміз табиғаттың ресурсын уыстап тұтынып жүрміз. Сіз бен біз атқармасақ, оның орнын кім толтырады? – дейді ағаш өсіруді өмірлік міндетіне айналдырған азамат.
Міне, осындай сұрақтардың желегімен саудагерлік қызметте жүрген Юрий Львович осыдан 21 жыл бұрын бір күнде шешім қабылдап, қоршаған ортаға қамқорлық танытуға кіріскен.
— Табиғатқа деген немқұрайлық мәселесі қоғамда «кемеліне» жетті. Тұтынушылық салтпен табиғаттың сыйы құрып барады. Ауа да, су да тазарып жатқан жоқ. Керісінше, ластануда. Сондықтан халық мәдениетіне Жер-Анаға деген қамқорлық дәнін себуіміз керек. Оны ең болмағанда ағаш егуден бастауға болады. Аяласаң, табиғат та берерін аямай-тынын көріп отырмыз. Жазық далада 20 жыл ішінде орман өсіп шықты, — дейді ол.
Тегін таратады
Жазық даланы орманға ғана айналдырып қойған жоқ. Тәлімбақта күтіп-баптап өсірген көшеттерін көпшілікке таратады. Мұнда өңірімізде өсетін, табиғатына, ауа райына төзімді, еш қиындықсыз өніп кететін ағаштар ғана егіледі. Көктем-күзде қазып алып, өзге жерге егуге жарайтындарын ағашқа қамқорлық таныта алатын адамдарға тегін таратады. Жылына шамамен 3-5 мың көшетті адамдарға тегін береді.
— Біз екі шартымызды орын-дайтын адамдарға ғана тегін ұстатамыз. Алдымен, олар ағаш
егілетін орынды дайындап, шұңқыр қазып қойғанын фото-бейнежазбамен дәлелдейді. Одан кейін көшеттерді суару жүйесінің барын іс жүзінде көрсетуі тиіс. Ауылдық жерлерде су бөшкесі, шлангтың болуы жеткілікті. Күтім жасауға әзір болуы да қажет, — дейді эколог.
Биылдан бастап ол көшеттер санын азайтып, есесіне, қағазды құмыраларға отырғызуға көшіпті. Саны азайғанмен, сапасы артады деп отыр. Себебі, жұмсақ құмырасымен жеткізіп отырғызғанда тамырына зақым келмейді және көктем-күз мезгілін күтпей, жазда да егуге мүмкіндік туады. Бұрын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметімен де жұмыс істеген. Алайда, күтімнің жоғынан қала көшелерінде талдардың қурап қалғанын көргеннен кейін бұл «жомарттықты» сап тыйыпты. Қазір тек нақты жанашыр жандарға тегін таратуды жөн көреді. Табиғат жанашыры аққайың, қарағай, шырша, пирамидалық терек, шетен, шеңгел, жөке, үйеңкі сынды ағаштар өсіп тұрғанын айтты. Тұқыммен себілген шетен мен шеңгел 2-3 жылдан кейін өскін беретін көрінеді. Шетелде өсетін, ерекше күтімді қажет ететін өсімдіктерді өсірмейді. Қосымша шығын әрі табиғат ананың өзі оны жақтыра қоймайтынын айтады. Себебі, ол көшетті өсіру үшін шамадан тыс жасанды жылу беру Жер-Анаға да ауыр тиеді, дейді. Алма, алмұрт, қарақат жеміс көшеттері де кездеседі.
Алғашқы жылы оңай болмағанын айтады. Мал кіріп, ойран салып кетеді. Кейбір адамдар көшеттерді қолды қылған. Бірақ, тегін таратылатынын білген соң бұл әрекет тыйылыпты. Суды қаладан тасып, әр көшетке 2 литр судан құйып, баптаған. Қазір инженерлік коммуникация тартылған. Бұл жұмыстарға Ақсудағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» қол ұшын берген. 2018 жылдан бері аталмыш компания экологиялық орманның қанат жаюына қолғабыс жасап келеді. Бірде құрал-жабдықтарына, бірде жарығы мен суын тартуға жәрдемдескен. 20 жыл бойы орманда жасыл желек өсірумен айналысып келе жатқан он отбасы да ақшасын жинап, коммуникация тартуға үлесін қосқан. Юрий Львович те бес күн далада жұмыс, сенбі-жексенбі күндері қалада такси жасап, тапқанын жазық даладағы жасыл орманды өсіруге жұмсайтын көрінеді. 20 жылда табиғат жанашыры тәжірибе жинап алған. Табиғатпен жақындай түсе, көп құпиясын біле бастаған. Осылайша, ол мәңгілік бағдарламасын түзгенін айтады. Яғни, 15 жыл күткен көшеті, келесі 15, 50, 100 жыл келешек ұрпаққа қызмет ететініне қуанады. Барша азаматтарды осындай игі іске шақырудан шаршамайды.
Орман ортасында — он үй
Айтпақшы, орманның ортасында он шақты шаңырақ тұрады. Олар қаланың қарбаласынан жаз бойы осында оңашада тіршілік етеді. Әр отбасы мемлекеттен 1 гектар жер алып, сол аумақты көгалдандырып отыр. Бұл отбасылар «Атамекен-Родина» қоғамдық бірлестігіне кіреді. Ал ормандағы ауыл «Туған жер – Родная земля» деп аталады.
– Олар өз аумағында не істесе де — өз еркі. Бірақ, екі ереже бар. Біріншіден, Жер-Анаға зиянын
келтірмей, керісінше, көмегін беруі тиіс. Екіншіден, көршілеріне кедергі келтірмей, өмір сүруі кеерк. Осы екі ереже сақталса, бәрінде үйлесім болады. Алған аумағын ретке келтіріп, көгалдандырады. Бүгінде он отбасы осындай іспен айналысып отыр. Олар — өзінің кіші Отанын шексіз сүйетін жандар. Жан-тәндерімен табиғатқа қамқорлық танытуға берілген азаматтар. Өкініштісі, жастар жағынан ұмтылыс жоқ. Сол тұрғыдан алғанда әу баста алыстау жерді таңдадық па деген ой келеді. Негізі, құрып бара жатқан Ефремовка ауылдық округіне қарасты Данииловка елді мекеніне жан бітіру мақсатында маңындағы жазық даланы таңдаған едік. Қалаға жақын болса, бәлкім, жастар да тартылар ма еді?! Бірақ, Астанада жұмысқа жету үшін екі сағат кептелісте де адамдар күнін өткізіп жатыр емес пе?! Ал біздің ормандағы үйге жету үшін — ары кетсе бір сағат, — дейді Ю.Гашек.
Қаладан қашықтық Людмила Зоринаға еш кедергі бола алған жоқ. Ол осыдан 20 жыл бұрын табиғатқа жақын өмір сүруді қалап, жер іздеген. Таңдауы осы жазық далаға түскен. Бірінші жылдары судың тапшылығынан еккен ағаштары қурап, біраз қиналыпты. Сонда да берілмеді. 15 жыл бұрын үй салып, бүгінде айналасын жасыл желек көмкерген аумақта жаз бойы күнелтеді екен. Апталап келіп, осында жатады.
— Жерге деген махаббатым бала күннен бар. Табиғатпен үндестікте тіршілік еткім келді. Кезінде саяжайда көп жүретінбіз. Бірақ, ол тарлық етті. Жазық даланы орманға айналдыруға деген ниет бүгінгі күнге жеткізді. Қыздарыма, жиендеріме, болашақ ұрпаққа жақсылық жасауды мақсат еттім. Қазір 15 жастағы жиенім табиғатқа қызығушылық танытып жүр. Мектептегі емтиханын бітірген соң қасыма келеді, — дейді Людмила Ивановна.
Аумағында ағаштың түр-түрі өседі. Өскеменнен балқарағай тұқымын әкеліп отырғызған. Бұл ағаш 25 жылдан кейін өнім беретін көрінеді. Қазірдің өзінде әжептәуір өсіпті. Жемісін көруден үмітті. Жібек іспеттес сағызқарағайлы аллеяның арасымен өтсеңіз, әдемі бір аураны сезесіз. Мұнда емен аллеясын да көре аласыз. Кезінде тұқым түрінде еккен қарағайдың бүршіктері шығып үлгерген. Ірі қарағайлардың түбінде тамыр тартып, ұсақтары да өскін бере бастаған. Людмила Ивановнаның жасыл желекті аумағын аралап, әр бұрышымен танысу үшін асықпай күн жүруге болады.
Людмила Ивановна өзге де көршілерімен бірге жаз бойы уақыттарын орман ішінде өткізсе, Юрий Львович қысы-жазы осында тұрады. Қыста жолды қар басқаны да оған еш қолайсыздық тудырмайтын көрінеді. Көлігін тастап, жаяулатып бір шақырым жүріп, үйіне жетіп баратын кездері де болады. Оны қиындық деп санамайды.
Табиғат жанашыры іске аспаған әлі талай ойы, жоспар-жобасы барын жасырмады. Экологиялық мектеп салғысы келеді. Қаражат қана қолбайлау. Бірақ, ол мемлекеттен сұрауды жөн санамайды. Табиғаттан да алмай, тек оған беруді қалайды. Экологиялық байқаулардың біріне қатысып, 500 мың теңге ұтып алған. Оған материал сатып алып, самалжай тұрғызып қойған.
Тіпті, қоғамдық тәлімбақтағы жүздеген метрлік арықтарды да өзі-ақ қазып тастайды. Тағы бір мүдделес азамат қолғабыс жасайтын көрінеді. Тегін болған соң ешкім қызыға қоймайды деп қынжылады. Анда-санда бірреттік акциямен қол ұшын созатындар да бар. Кейбір ұйымдар ұйымшылдық танытып, жәрдемдеседі. Табиғатты шексіз сүйетін жан осылайша Жер-Ананы аялауға аңсары ауатын азаматтар қатары артса деген тілегін білдіріп, бізді шығарып салды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.