Шарбақты ауданына қарасты Жылыбұлақ ауылының тұрғындары қашан да береке-бірлігімен, ынтымақ-татулығымен көзге түсіп жүр. Жақында ауыл тұрғындарының бастамасымен және кәсіпкер азаматтардың қолдауымен ауыл мешітінің жанынан зәулім асхана салынып, тұрғындардың игілігіне берілді.
Жаңа асхананың ашылу салтанатына орай бұрын-соңды ауылда болмаған үлкен думанды той өтіп, оған бүкіл аудан халқы жиналды. Шараға Қазақстан мұсыл-мандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы арнайы қатысып, елмен бірге қуанышқа ортақтасты. Сонымен қатар, алыс-жақыннан келген ауылдың байырғы тұрғындары, ел ағалары, ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар да құттықтау жолдап, үлес қосқан барша жерлестеріне алғыстарын айтты.
Шараның ресми бөлімі Шарбақты ауданының бас имамы Ақжол Исабекұлының қасиетті Құран аяттарын оқуымен басталды. Марқұмдардың аруағына арнап Құран оқылып, дұға бағышталғаннан кейін облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы ауыл тұрғындарын құттықтап, жиналған жамағатқа ел бірлігі мен татулығы, дін мен дәстүр сабақтастығының маңыздылығы туралы көркем уағыз айтты. Сонымен қатар, осы игі іске атсалысқан, қолдау білдіріп, үлес қосқан белсенді ауыл азаматтарына арнайы Алғыс хаттар мен ықылас сыйлықтарын табыс етті. Бас имам өзінің атынан жаңа салынған мешіт асханасына арнайы сыйлық тарту етіп, жаңа нысанның ел игілігі жолында кәдеге жарауына тілектестік білдірді.
— Жаңа асхана құрылысының басталуына және соңына дейін жетуіне ұйытқы болған азаматтардың бірі – ауыл тұрғыны Еркін ағамыз екенін ерекше атап өту керек. Ол құрылыс жұмысының басы-қасында болып, барлық керек-жарақпен қамтамасыз етіп жүрді. Барша ауыл тұрғындары атынан алғыс білдіреміз, — деді аудандық мешіттің бас имамы. Осы еңбегіне алғыс ретінде ауыл тұрғындары Еркін ағаның астына ат мінгізіп, арқасына шапан жапты. Бұл – ұрпаққа үлгі боларлық ерекше дәстүрлі құрмет.
Салтанатты шараға ауданның өнерпаз жастары да жиналды. Әншілер әннен шашу шашса, ақындар жүрек тебірентер өлеңдерін арнады. Ауыл ақсақалдары мен олардың немерелері арасында бата беру сайысы ұйымдастырылып, жиналған жұрт тағы бір тағылымды істің куәсі болды. Бұл бата беру сайысына ауыл қарияларымен қатар жас балалар да белсене қатысып, ұлттық тәрбиенің жалғастырушысы ретінде өз өнерлерін көрсетті. Жүлделі орындарға ие болған батагөй қариялар мен балаларға арнайы бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Шараның көрігін қыздырған келесі бөлім ұлттық спорт ойындары болды. Ел ішіндегі білекті де жүректі балуандар арасында қазақ күресі, қол күресі, арқан тарту, қой көтеру сияқты дәстүрлі ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, мықтылар бақтарын сынады. Сонымен қатар, ат бәйгесі де қызық пен қиқуға толы болды. Алыс-жақын аудандар мен ауылдардан жүйрік-
терін баптап келген шабандоздар жанкүйерлерге шынайы, ерекше эмоция сыйлады. Ұйымдастыру-шылар барлық спорт бойынша жүлделі орын алған спортшыларға арнайы бағалы сыйлықтар табыстап, ұлттық дәстүр мен мәдениеттің, спорт пен имандылықтың жаршысы және жанашыры болғандары үшін алғыс айтты. Дін мен дәстүр құндылығы тоғысқан бұл шара халық жадында ұзақ сақталып, береке мен бірліктің, иман мен ізеттің шынайы көрінісі болғанын айта кету керек.
Шара соңында жаңа асханада қонақтар мен ауыл тұрғындарына ас беріліп, еліміздің амандығы, Отанымыздың тыныштығы жолында бата берді.
Т.САХАБА.