Мен Мұрат ағаны бұрыннан білемін. Тіпті ескіден. «Баянауылда кім бар осы?» дегенде Мұрат ағаның аты озып, озғындап білінетін. Қарты жоқ ел ескексіз қайық секілді, әр қиырға алып кетер. Кешегі кеңестік кезде де, кейінгі тәуелсіздік шақта да осы ағалар бізді жарға ұрдырмай- ақ шыңға алып шыққаны анық.
Бұлақ басы
Мұрат ағаның туып-өскен өлкесі — ел ақылы мен кеніші, қазақ мақтан етер Баянауыл. Баянауыл — қазақ деген атпен қатар жүрер таным. Баянауылсыз қазақты, қазақсыз Баянауылды елестету мүмкін емес! Бұқар, Шорман, Тайжан, Сейтен, Мұса, Үкібай, Қаныш, Қалмұқан секілді қадау тұлғалар шыққан қаржас руы — шын қаракөктің ордасы.
Біздің кейіпкеріміз Мұрат аға осы қаржастың шоқтығы Келдібек секілді ел ағасы болған жерден өрбіген, тамыр алған. Мұрат аға өз әке-шешесі туралы айтқанда сәби жүрекпен шын ынтық пейілмен айтады. «Әкем соғыстан жараланып қайтты» дейді Мұрат аға.
— Біз — соғыстан қайтқан сарбаздың ұлдарымыз. Жаралы қайтқан солдат тән жарасын да, жан жарасын да өз ішінде кешті. Баянауылдан аттанған қанша жандар қан майданнан қайтпай қалды. Ерсіз қалған жесірлерге қарап қайран шешем жас төгетін. Олардың қаза тапқанына менің анам кінәлі емес еді! Мен сол шақтардан ел алдындағы ұят деген ұғымды сезініп өстім. Сол ұят менің өсуіме, жаңылмауыма, ғайбат сөйлемеуге үйретті. Жаһан соғысынан келген әкеміз «қарағым, ел сыншы» деп отыратын. Осы менің өмір жолындағы адаспас шырағым болды, — дейді өз сөзінде Мұрат аға.
Мұрат аға өскен отбасы бір жанұя емес, ұлт мақтанышы десем, артық айтқаным емес. Осы үйден қанат қаққан Қайролла Дүйсенбайұлы — Қазақстан Республикасы акаде-мигі, Ойрат Дүйсенбайұлы —
милиция генерал-майоры, Қайрат Дүйсенбайұлы — дәрігер. Алты ұл мен бір қыз ұшқан бұл әйгілі отбасынан шыққан әр жан — елдің мақтанышы. Баянның басынан ат оздыру алыптарға ғана бұйырған бақ. Бұл жерде жұрт беделі, ел кемелі болу — қиынның қиыры.
Ел ағасы
Кейбір ұшқары пікір, асығыс ауыз кейінгі ұрпақ біздің тәуелсіздігіміз оңай келе қалғандай көреді. Олай емес. Себебі, ел тәуелсіздігін алардан бұрын сана тәуелсіздігін алу қажет болды. Мұрат Дүйсенбайұлы Рахметов 1939 жылы шілденің 17-сінде Баянауыл кентінде дүниеге келген. Жас бала сонау жастық шағында қиял мен ойға ерік беретін. Саналы әке Дүйсенбай Мұса мешітінің орнын, Көпей сопының тұрған үйін танытып, нұсқап көрсетуші еді. Тарихы терең, тамыры шыңырау осы елдің жүрек тынысын Мұрат аға бұрыннын танып-білген. Мұрат ағаның майданды тұсы да, қайнарлы тұсы да осында еді. Бос қиял мен бөстекі арманды серік етіп көрмепті кейіпкеріміз.
1946 жылы Баянауыл қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, 1956 жылы бітіріп шыққан кезінде жас жеткіншек ел үшін қызмет етемін деп бел буған. 1956-1958 жылдары Павлодар ауыл шаруашылығы техникумында студент атанып, елден өзге бағытқа бұрылмай, жұрт үшін дер ұлы жолға бет бұрған. Жастық шақ деп аталар қызулы кез дырдусыз, басқалар секілді сауықсыз тек еңбек деп аталар ұлы мылтықсыз майданда өтіп жатқан. 1958-1961 жылдары Баянауыл совхозының бөлімше зоотехнигі, Баянауыл госплемстанциясының бас зоотехнигі болып істеп, ары қарай білімін жетілдіруге ұмтылған. 1961-1965 жылдары Алматы зоовет-институтында оқып, мал дәрігері мамандығын алды да, арғы жұмысын жалғастыра берген. Ең қызығы, сонда Мәскеу ғалымдары жас маманға тақырып ұсынып, ғылым жолына шақырғанда, кейінгі ел- жұртқа қарайлап кете алмаған жас маман. 1966-1971 жылдары Бірлік қой совхозының бас мал дәрігері болып жүрген шақтарында сыры мен тарихы мол Баянауылдың әр жерін перзенттік махаббатпен үңіліп қараған. Қауырт жұмыс, сансыз жоспарлармен бірге әр қора, ескі мекенге шын қызығумен ұмсынатын. «Осы жерлерде бабаларымыз жүрді-ау, оларда не ойлады екен, немізбен оздық, немізбен қалдық» деп сан сұрақ, ауыр сұрақ иықтан басып, жанын езетін. Содан да болар, 1971-1973 жылдары Баянауыл аудандық ветбаклабораторияның директоры болған шағында осы өңірдегі мал сұрпына мән беріп, шын ғылыми іске бет бұра бастаған. 1973-1976 жылдары Алексеевка совхозы партия ұйымының хатшысы болып сайланып, ойлаған көп тұжырым сана төрінде қала берген.
Мұрат ағаның қайраткер есебінде өсуіне 1976-1981 жылдары Жаңажол қой совхозынын директоры болған шақ тікелей әсер етті. Тұралап жатқан осы кеңшар шын шаршатса да, Мұрат ағаның рухани жағынан өсуіне де ықпал жасады. Аталмыш совхозды қатарға қосқан соң Мұрат Дүйсенбайұлы жаңа бір іске бет бұрған. Бұл қауіпті де қатерлі іс еді. Бүгінгі Қазақстанның бар ісі Мәскеуден қаралып, өлшеніп жатқанда, Олжас Сүлейменов, Ілияс Есенберлиндер сын садағына ілінген кезде Мұрат аға басын бәйгеге тіккен. Оны сол кезде ғұмыр кешкен жандар ғана біледі.
Мақтанды сүйе бермес Мұрат аға бәрін қалыпты жайдай айтады.
— Жаңажол совхозында директор едім. Бір күні маған Мәшһүр Жүсіптің кенже баласы Фазыл ағамыздың бәйбішесі Нұрила апамыз келіп, сонау жылдары қиратылып тасталған Мәшекеңнің басын кайта жөндеуге көмек беруімді өтінген. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, көріпкел, қазақ медениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы болғандығын әр қазақ біледі. Ол кезде Мәшһүр Жүсіптің атын естіп жүргенімізбен, қазіргідей ашық насихатталмайды. Баспасөз бетінде бүгінгідей емін-еркін дәріптеп жазуға рұқсат жоқ. Мәшһүрдің аты аталса, кызметте жүргендердің тіпті сескенетін уақыты. Дегенмен, апамыздың өтінішінен соң сол жылғы жазда тәуекелге бел буып, Мәшекең зиратын қолға алып, екі бригаданы жауып жіберіп, бәрін қайтадан бұрынғы қалпына келтіріп едік, — деп еске алады сол бір жылдарды Мұрат аға.
Осыдан кейін Мұрат аға Мәшһүр Жүсіп мұражайын ашпаққа бел буады.
— Ол уақытта аудандық партия комитетінің шешімінсіз қия баса алмайсың. Бірінші хатшыға кіріп, осы мәселені жеткізіп едім, ол кісі турасын айтты: Мен қарсы да емеспін, қолдаймын деп те айта алмаймын, өзің біл. Бірақ ертең біреу-міреу жоғарыға арыз айтатын болса, партбилетіңді үстелге қойып, қызметіңді тапсыратыныңды ұмытпа! — деді.
Дегенмен, шегінер жер жоқ. Сол кезде ауыл мектебінің бір жақ іргесінде есігі бөлек бос бөлме болатын. Мұражайға уақытша соны бердім де, ақсақалдарға: Ендігі жылы ауылда үлкен мәдениет үйінің құрылысы басталмақ. Соның үстіңгі қабатынан бір үлкен бөлмені мұражайға беремін, ал енді осы бастан экспонат жинаңдар, — деп тапсырдым. Ақыры, 1981 жылы қазан айында мұражайды да аштық. Бір қызығы, ресми орындардан бірде-бір адам келіп қатысқан жоқ. Сол мұражай мәдениет үйінде 16 жыл жұмыс істеп тұрғанын халық біледі. Кейін Мәшһүр Жүсіптің жеке мұражайы салынды, қазір ол өз кесенесінің басына көшірілген, — дейді ол.
Иә, бұл мұражай да оңайлықпен салынған жоқ! Мұрат аға Рахметов бұл туралы былай деп еске алады:
— Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Мәшһүр бабамыздың бейітін қалпына келтіру, еңбектерін зерттеп, жарыққа шығару мәселесі көтеріле бастады. Бұған жерлестеріміз мұғалім, «Ленин» орденінің иегері, жауынгер панфиловшы Нағи Ахметов пен Қазақстанның халық жазушысы Дихан Әбілев ұйтқы болды. 1967 жылы күзде Баянауыл ауданының 60 жылдық мерейтойына байланысты Дихан Әбілев, ақын Тұманбай Молдағалиев келіп, ауданның біраз жерін аралаған-ды. Халықпен кездесулерде Мәшекеңнің кесенесі, артында қалған мұраларын жарыққа шығару жөнінде сөз болды. Бұдан соң сол кездегі облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Махмет Қайырбаевтың «Бұл жұмысты бастау керек» деген сөзі әсер етіп, Мәшекеңнің мұражайын ашу, кесенесін қалпына келтіру сынды жұмыстар қолға алынды. Дегенмен, кедергілер де болмай қалған жоқ. Оларды да еңсердік. Басталған істі көп жария етпей, жәдігерлерді жинай бердік. Бұл салынып жатқан мәдениет үйінің ішінен Мәшекең мұражайына арналған 100 шаршы метрлік үлкен зал пайдалануға берілгенге дейін созылды. 1980 жылы көктемде мәдениет үйінің құрылысы басталды. Бұл ғимарат көпшіліктің күшімен тұрғызылды. Қысқасы, ауылдың мәдениет үйі 1981 жылы аяқталып, пайдалануға берілді, — дейді әңгімесінде.
Мұрат аға мұражайға қойылатын стенділерді облыстық музейде дайындап, толықтыру, мамандарды әкелу сынды жұмыстармен кеңшар кәсіподақ ұйымының басшысы Н.Рахпанов, қаражат мәселесімен кеңшардың бас есепшісі Б.Мадин, бас экономист С.Мұқанов, бөлімше меңгерушілері Т.Тілеубаев, С.Сыздықов, Т.Сәкенов, Қ.Шөкиннің айналысуларына тапсырма берді. Осылайша, Алматыдағы арқалы азаматтар жүзеге асыра алмағанды елде істеу оңай емес еді. Бұл Мұрат аға үшін шын сын еді.
Құзар шың
Жаңажолдан кейін Мұрат аға кең тынысты, мол қуатты ел азаматы екенін көрсетті. 1981-1990 жылдары Баянауыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1990-1994 жылдары Баянауыл аудандық советінің төрағасы, 1994-1999 жылдары Баянауыл ауданы әкімінің бірінші орынбасары бола жүріп ел үшін орасан еңбек етті. Ел тәуелсіздік алар алдында «ентігіп» тұрды. Құлаған экономика, бағыт-бағдарын жоғалтқан идеология кезінде Мұрат аға бір ғана ұғымды ту етті. Ол — тәуелсіздік идеясы еді! Мұрат аға егемен ел үшін ғұмырын сарп еткен ұлт ұлыларын ұлықтау қажет деп деп түсінді де, соған бел буды!
1977 жылы Мәшһүр Жүсіптің бұзылып жатқан бейітін бұрынғы өзі салдырған қалпына келтіріп, қайта салынып, құлпытастарын қойдырса, 1981 жылы Мәшһүр Жүсіптің музейін «Халық музейі» деген атпен ашып, халық игілігіне беруде бар қайратын салды. 1992 жылы қазақтың классик жазушысы, драматург, репрессия құрбаны Жүсіпбек Аймауытовтың туған үйінің орнына белгітас қойдырды. Бұған дейін аты аталмаған осы ірі тұлға үшін қанша табалдырық тоздырды?! Бұның бәрі ел үшін еді. Өзі үшін болса арман жоқ, елі ісіне бөгет болған көп көпекті бүгін есіне де алғысы келмейді аға. 1996 жылы Қазақ ордасының Ұлы жырауы Бұқар Қалқаманұлына Баянаулада биіктігі 3,5 метрлік тас мүсінін орнатуда өзі басшы болды. Сол жылы Баянаулада Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мүсінін орнатып, әкесі Көпейдің үйінің орнына белгітас қондырды. 1996 жылы Баянауылдан шыққан генералдар — Тұмарбеков Ахметтің, Дүйсенбаев Ойраттың, Дүйсенбин Қайраттың мүсіндері тұғырына тұрғызылды. 1997 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мүсіні орнатылып, қазақ ғылым академиясының тұңғыш Президенті, академик Қаныш Сәтбаевтың туған үйінің орнына белгітас қойылып, Баянауыл кентінде бұрын спорт ғимараты болған үйді күрделі жөндеуден өткізіп, биіктігі 21 метр минареті мен асханасы бар мешіт қылып қайта салдырып, оны Мұса мырза мешіті атандырып, алдына Баянауыл өңірінен Омбы генерал-губернаторының визасымен Меккеге барған алғашқы қажылардың аты-жөнін тасқа қашатып, жаздырып, қойдырды. Сол жылы тарихи төрт кезеңді айшықтайтын панно-тас орнатылды. Ал 1998 жылы Қаныш Сәтбаевтың мүсіні орнатылды. Осы істердің бәрін Мұрат аға өзі бастап, соңына елін ертіп кешегі Үкібай бидей жұрт алдында жүрді. Ел сөзін, ұсақ әңгімені керек еткен жоқ. Өйткені, ел ағасы «ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» (Ахмет) деген ұғымды ту еткен.
Баянауыл тарихы әріде екенін әр жолы дәлелдеп жүрген Мұрат аға 2011 жылы Баянауылдың символына айналған атақты билер — Шоң мен Шорманның мүсіндерін орнатты, 2012 жылы қазақтың әйгілі әнші-композиторы Жарылғапберді Жұмабайұлының бейітін жаңадан салдырып, құлпытасын қойдырды.
Мұрат аға 2000-2005 жылдары Баянауыл ауданында гуманитарлық-экономикалық колледжді ұйымдастырып, директоры болды. Сол 5 жылда 150 заңгер, экономиске білім беріп, маман дайындап шығарды. Бұл Шорманұлы Мұсаның ашқан медресесінен кейінгі қазақ ашқан тұңғыш оқу орны еді. Кеңес кезінен соң ашылған осы білім ордасы жаңа бағыттың, соны лептің басы болды. Мұрат аға өзі айлық алмаған, пайда табу үшін құрылмаған оқу орны жайлы еңбек — болашақ ісі.
Бұдан соң Мұрат ағаның ерекше қуатпен кіріскен ісі басталды. 2016 жылы Баянауыл аудандық «Рухани даму» қорын құрды. Бұл өткенімізді жаңғырып, ұлы тұлғаларымызды ұлықтайтын тарихи-әдеби, мәдени, өлкетану мәселелерін көтеретін «Ақбеттау» журналын ұйымдастырып шығарды. Бүгінгі күндегі облыс орталығындағы газет-журналдар жабылып жатқанда журнал шығару көзсіз ерлік еді. Бұл Мұрат ағаның кешегі Алаш арыстары шығарған «Айқап», «Қазақ» секілді ерен істеріне қосқан өз үлесі еді. Мұндай ересен жұмыс Павлодар облысының басқа бір ауданында жасалған жоқ. Бұл журнал — қазір аудан, облыс, республика көлемінде жемісті жұмыс істеп жатқан сұранысты басылым.
Отбасы
Мұрат аға — сөзімен ғана емес, ісімен беделді үлгілі отағасы, қадірлі жар, құрметті ата бола білген жан. Медицина саласының ардагері болған отанасы Исабаева Рымкеш Нығметқызы 2016 жылы 76 жасында бақи дүниеге аттанды. 50-ді еңсеріп отырған арқасүйер ұлы Дүйсенбаев Нұрлан — ҚР Бас прокуратурасының Заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметі бастығының орынбасары, полковник, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері. Келіні Гүлхан Өмірбайқызы — филология ғылымдарының кандидаты. Үлкен қызы Рахметова Анар — медицина ғылымдарының кандидаты, ҚарМУ-де дефектология кафедрасының доценті. Ортаншы қызы Рахметова Айжан да — дәрігер-ортодонт. Кенже қызы Рахметова Айбота – экономика ғылымдарының докторы, Қарағанды экономикалық университетінің профессоры. Қадірлі ел абызы — осындай ұл мен үш қыз тәрбиелеген, олардың отбасыларынан бірнеше немере сүйіп отырған асқақ абыройлы жан.
Ұзақ уақыт ел үшін қызмет еткен Мұрат аға еңбегі әр кезде өз бағасын алды. Сөзімізге мына марапаттар дәлел. Әр жылдары «Лениннің 100 жылдығы», «Еңбектегі ерен ерлігі» медальдары, «Құрмет белгісі» ордені, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10, 20, 25, 30 жыл» медальдары табысталды. Баянауыл ауданының, Павлодар облысының Құрметті азаматы атанды. «Павлодар облысы алдында сіңірген ерен еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Осы сынды марапаттары баршылық.
Бүгінде Мұрат аға ел тынысынан тыс емес. Өзгеше туынды — «ғұмырнамалық шығарма» жазуда. Бұған қоса шежіреге қол созып, қалам сілтеуде. Демек, Мәшһүр Жүсіптей ақын, шежіреші еңбегі ары жалғасын табуда.
Ұлт генефоны жастар ғана емес, көргені көп, түйгені мол жандардан тұрады. Кешегі Бұқар жырау, Сүгірәлі абыз, Мұса мырза, Мәшһүр Жүсіп тектес ақсақалдары ел бастаған қазақ жұрты бүгін Мұрат ағадай абыздарға зәру.
Өз басым Баянауыл-Керекуден тапқан асыл ағам Мұрат Дүйсенбайұлы десем, қателеспеймін. Баянауылдағы «Ақсақалдар алқасы» кеңесінің төрағасы Мұрат Рахметов аға былай дейді.
— Қазір де қартайдым деп қарап отырмай, тасада бұғып, үйде жатып қалмай, кешегі ел қамын ойлаған бірлік пен елдіктің символына айналған, от ауызды, орақ тілді, абыз, би-шешен, батырларымыз бен еңбек ерлерімізді уақытылы ұлықтау парызымыз деп түсініп, кешегіміз бен бүгінгімізді жалғастырып, сабақтастырып, өткен бабаларға лайықты құрмет, тағзым жасап отырсақ, бүгінгі және келешек ұрпаққа үлгі емес пе?!
Аман болыңыз, аға! Сіздің артыңыздан еру Кереку өңірінің ұл-қызына мәртебе деп білемін.
Серік ЕЛІКБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар филиалы директоры, профессор, жазушы.