Павлодарлық азамат былтыр қаладағы тұрмыстық техника сататын сауда үйлерінің бірінен 240 мың теңгенің электр пешін сатып алады. Тұтынушы тамақ әзірлеуге екі сағатын жұмсаған. Жаңа алған плитасының қаңқасы қатты қызып кеткен. Ал плитаның тұмшапеші тиісті температураға дейін қыздыра алмапты.
Алайда, сервис орталығы плитаның бұлай қызуы қалыпты, бәрі дұрыс істеп тұр деп жазып берген. Сәйкесінше, сервистік орталықтың актісіне сүйенген техника сататын дүкен де тұтынушының ақшасын қайтарудан бас тартқан. Содан ақауы бар тауардан арылып, не жаңасын не ақшасын қайтару үшін павлодарлық азамат күш салады. Облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің көмегін алуды жөн санайды. Құзырлы орган мамандарының мәлімдеуінше, ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңның 15-бабы 1-тармағына сәйкес тұтынушыға сапасы тиісті жағдайда болмаған тауар сатылса әрі кемшіліктері, ақаулары туралы сатушы тарапынан айтылмаса, азаматтар құқығын қорғаудың екі жолын таңдай алады. Яғни, тауардың бағасын мөлшерлес көлемде арзандатуды немесе тауардың кемшіліктерін қайтарымсыз түрде жоюды талап етеді. Ал сатушы ол тауардың өндірушісі емес болған жағдайда сатушыға немесе өндірушіге жоғарыда аталған баптың 2, 4 және 5-тармағына сәйкес талап қойылады. Атап өтсек, тауардың ақауын жою шығындарын өтеуді немесе дәл сондай маркалы, модельді, артикулды тауарға, өзге маркалы тауарға бағасын қайта есептеу арқылы алмастыруды талап ете алады. Ал мұның бәрі көңіліне жақпаса, шартты бұзып, тауарға төленген ақшаны қайтарып алады.
Егер тұтынушы тауардың ақауын аңғарса, заңның 30-бабының 2-тармағына сәйкес тауарды алмас-тыруды талап етсе, сатушы немесе өндіруші оны орындауға міндетті. Ал сатушы тарапынан таурадың сапасына қосымша тексеру жүргізу қажет жағдайда шағым түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде сараптама жасалуы тиіс.
Бұл дегеніңіз, егер тауар тиісті сапада болмаса, ол жаңасына ауыстырылуы қажет. Міне, осы заң талаптарына сүйене отырып, павлодарлық азаматтың құқығы қорғалған. Тұтынушы өздігінен сауда үйіне тауарды жаңасына ауыстыру немесе ақшасын қайтару талабын қойған. Сауда үйі талапты орындаудан бас тартқан. Жауапты да белгіленген күнтізбелік 10 күн ішінде бермеген. Содан соң павлодарлық тұрғын департаменттен көмек сұрапты.
Құзырлы орган тексеріс жүргізіп, тұтынушыға заңға сәйкес жауаптың уақытылы берілмеуіне байланысты кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Яғни, 20 АЕК көлемінде айыппұл салған. Департаменттің ұсынысымен тұтынушы тауарды қайтадан диагностикадан өткізу үшін сатушыға өтініш жасайды. Сатушы Алматы қаласында өзге ұйымда сараптама жүргізеді. Сараптама нәтижесі бойынша зауыттық ақау анықталады және тұтынушыға тауардың ақысы толық қайтарылды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.