Биыл тарихы тереңге бойлаған, тамыры тұлғалармен тұтасқан Ақкөл ауылына – 90 жыл. Осы уақыт аралығында бұл мекен талай қиындықты еңсеріп, талай қуанышқа куә болды. Бүгінде ауылдың ажары заманға сай ашылып келеді. Жуырда ауылдық округтің мерейтойы кең көлемде аталып өтілді. Бұл той тек елді мекен тұрғындарының ғана емес, жалпы облыс үшін айтулы мереке болғаны анық.
Ажары артқан ауыл
Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл ауылы – тамырын тереңге жайған ауылдардың бірі. Елді мекен кеңестік кезеңде негізінен ауыл шаруашылығына бағытталған елді мекен ретінде дамыды. Мұнда мал шаруашылығы мен егіншілік қатар өркендеді. Сол кездері құрылған ұжымшарлар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, ауылдың әлеуметтік дамуына серпін берді. Уақыт өте келе тұрмыс-салты өзгерді. Тәуелсіздік жылдары Ақкөл де Қазақстанның ауылдары секілді өтпелі кезеңнің түрлі қиындығын бастан өткерді. Алайда елді мекен тұрғындары бұл сынақтарға төтеп беріп, тіршілікті сақтап қалды. Бүгінде Ақкөл – шағын болса да, ауыл тіршілігін жалғастырып келе жатқан, бірлік пен еңбекті ту еткен мекен.
Ауылда қазіргі таңда мектеп, медициналық пункт, мәдениет үйі секілді әлеуметтік нысандар жұмыс істейді. Тұрғындар көбінесе мал ұстап, бау-бақша салып, шағын шаруашылықпен айналысады. Ауыл төңірегінде кішігірім көлдер мен жайылымдық жер бар. Бұл – ауыл шаруашылығы үшін таптырмас мүмкіндік. Жаз айларында ауыл маңы шұрайлы жайлауға айналып, мал өсіруге қолайлы жағдай жасалады. Бүгінде ауылдың болашағына сеніммен қарауға негіз бар. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы инфрақұрылым біртіндеп жаңартылып, ауыл жастарына кәсіп ашуға мүмкіндік беріліп отыр. Бастысы, ауылда бірлік бар, еңбек бар, үміт бар.
Қазіргі таңда ауылдық округте электр жарығы, ауызсу тартылған. Алайда бүгінге дейін жол сапасы өзектің мәселелердің бірі болатын. Көктем-күз мезгілдерінде жолдың жағдайы қиындап, адам мен көліктің жүріп-тұруына кедергі туғызатын. Дегенмен, бұл мәселе де шешімін тапты. Елді мекеннің кіреберіс жолына тас жол төселді.
— Ауылдың мерейтойы қарсаңында ауылішілік 5 көшеге жол салынып, екі көше бойына жарық шамдары орнатылды. Балалар үшін 2 ойын және 2 футбол алаңына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған қоса, жол мәселесі де оң шешімін тапты. Бүгінде ауылдық округте 1 130 адам өмір сүреді. Округтің құрамына Ақкөл, Жайылма және Жақсат елді мекендері енген, — дейді Ақкөл ауылдық округінің әкімі Ерлан Қабылтаев.
Тұлғалар шыққан мекен
Ақкөл – талай тұлғаны тәрбиелеген қасиетті топырақ. Бұл ауылдан білім мен ғылым, мәдениет пен қоғам саласында елге қызмет етіп жүрген сан алуан азамат түлеп ұшты. Ауыл мектебінен тәлім алғандар бүгінгі күні әр салада биік белестерді бағындыруда. Мәселен, осы өңірдің тумасы Әбілхақ Түгелбаев — ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы. Бірнеше мәрте мемлекеттік марапатқа ие болған еңбек адамы.
— Ақкөл – бізге жай ғана мекен емес. Бұл – балалық шағымыздың куәсі, арманның алғаш қанат қаққан жері. Осы жерде дүниеге келдік, есейдік, білім алдық. Оған қоса, еңбек етуді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйрендік. Бүгінде ауылдан алыстасақ та, сағынышымыз осы жерде қалып қояды. Біз Ақкөлдің өткенімен мақтанамыз, болашағынан үміт күтеміз, — дейді Ә.Түгелбаев.
Осы өңірден шыққан азаматтардың тағы бірі — Социалистік Еңбек Ері Бөкен Қызғарин. Ол алғашқы жылдары механизатор болып қызмет атқарса, кейін шопан болып көп жыл еңбек етеді. Араға біраз жыл салып мал шаруашылығы саласына қосқан үлесі үшін КСРО Социалистік Еңбек Ері атағын иеленеді. Ол да ауылдық округте соңғы жылдары бірқатар оң өзгерістер орын алып, тіршілік тынысы жаңа қарқынмен дамып келе жатқанын алға тартты.
— Кешегі мен бүгінгі Ақкөлді салыстыруға келмейді. Қазір ауылымыз жаңарып келеді. Жол салынып, көшелер көркейіп келеді. Әкімдік те, тұрғындар да ауылды көркейту мақсатында бірігіп жұмыс істеп жатыр. Сондықтан ризамыз, — деді Б.Қызғарин.
Көппен көрген — ұлы той
Ақкөлдің 90 жылдығына арналған тойға жиналған адамдардың қарасы қалың болды. Осы бір қуанышты тұрғындармен бөліскен облыс әкімі Асайын Байханов барша тойға жиналған қауымды мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Сөзінде Ақкөл ауылының 90 жылдық тарихында осындағы еңбек адамдарының көрсеткен қажыр-қайраты мен еткен еңбектерінің маңызын тілге тиек етіп, ауылдың аудан экономикасының дамуына қосып отырған үлесінің зор екенін атап өтті. Кейін ауылдық округтің әкіміне 5 млн теңгелік сертификатты табыстады.
– Әйгілі Ақкөл-Жайылма – Мәшһүр Жүсіптің ұстазы – Исабек ишанның кіші отаны. Бұл жер туған жерімізге көптеген атақты тұлғаны сыйлады. Бүгінде Ақкөл қарқынды дамып келеді. Мәселен, бес негізгі көше жөнделіп, ауылмен көптен бері шешілмей келе жатқан коммуникация мәселесі шешілді. ГРЭС – Басқамыс тас жолы жөнделді. Аталған игі істер мыңдаған тұрғынның жағдайын жақсартып, жайлы орта жасалды. Осы бастамаларға атсалысқан жандарға алғысымды білдіремін. Ауылымыздың абыройы зор, берекесі арта берсін! – деп атап өтті аймақ басшысы.
Мерейтой аясында ауылдың көркеюіне үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетіліп, жас ұрпаққа үлгі ретінде арнайы марапаттар тапсырылды.
Ауыл кешінде елімізге белгілі әншілер – Қуандық Рахым мен Мәдина Сәдуақасова бастаған өнерпаздар сахнада ән шырқап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жергілікті өнер ұжымдары мен жас орындаушылар да мерекенің сәнін келтірді.
Ақкөл ауылының мерейтойында туған жерге тағзым жасап, ел бірлігін дәріптеген игі бастамалар аз болмады. Соның жарқын үлгісін Сағынтай әулеті көрсетті. Ауылдан түлеп ұшқан, бүгінде әр салада еңбек етіп жүрген ұрпақтар бірігіп, мерейтой құрметіне ақ шаңқан киіз үй тігіп, қазақы салт-дәстүрді қайта тірілтті.
— Атамыз Сағынтай Асайынұлы осы жерде өмір сүріп, ұрпақ өрбіткен. Біз үшін Ақкөл – қасиетті мекен. Мерейтой кезінде ұрпақтың басын қосып, киіз үй тігіп, ауылға құрмет көрсету парызымыз деп есептедік, — дейді Зейнеш Асайынова.
Жалпы, ауыл орталығында 50-ге жуық ақ шаңқан киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар ұсынылды. Ауыл тұрғындары мен қонақтар кең дастарқан басында тілектерін айтып, өткенге тағзым, болашаққа сенім білдірді. Ал кәсіпкерлер мен қолөнершілер бұйымдарын көрмеде ұсынды.
Одан бөлек, Екібастұз қалалық тарихи-өлкетану музейі Ақкөл-Жайылма өңірінің тарихынан, қасиетті жерлері мен осы мекенде туып-өскен тұлғаларға қатысты бар жәдігерлерді ұсынды. Аталған жәдігерлердің арасынан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұстазы Исабек ишан кесенесінің макетін ерекше атап өтуге болады.
— Исабек ишан хазіреттің кесенесі 2010 жылы тұрғызылған. Мавзолей негізі 2 бөліктен тұрады. Біріншісі үш күмбезді. Онда Исабек ишан және оның інісі мен ұлы жерленген. Ал екінші күмбездің ұзындығы 7 метрді құрайды. Бұл жерде Жандарбек қожа жерленген. Сондай-ақ, көрмедегі құнды жәдігерлердің бірі – Жандарбек қожаның шапаны. Киімін кезінде Шідерті совхозының тұрғынына сыйға тартқан екен. Оған қоса, республикалық қасиетті географиялық картасына енгізілген Әулиекөл археологиялық кешенінің макеті орналасқан. Алғашында бұл ғимарат қалашық ретінде саналған. Алайда 2006-2007 жылдардағы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Алтын Орданың ақсүйектері жерленген кешен» болғаны дәлелденді, — деп атап өтті музейдің қызметкері Тойжан Бейсембаева.
Той аясында ауыл іргесіндегі кең алаңда ұлттық спорт түрлерінен де жарыстар ұйымдастырылды. Көптің көзайымына айналған тай жарыс, құнан бәйге, топ бәйге мен аламан бәйге , көкпар, қазақ күресі, арқан тарту, қошқар көтеру, асық ату сынды ұлттық ойындар жиналған қауымды ерекше тәнті етті. Көкпар, топ бәйге және аламан секілді бәйгесінің бас жүлдесіне автокөлік тігілсе, жүлдегерлерге әртүрлі сомадағы ақшалай сыйлықтар табысталды. Мұндай ақшалай сыйлықтарға өзге де спорттық ойындардың жеңімпазы мен жүлдегерлері ие болды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Ақкөл ауылы, Екібастұз қаласы.