Биыл Павлодар қаласындағы тарихи нысандардың бірі – «Ақмешіт» мешітінің ашылғанына 120 жыл толды. Жақында осы аталған мерейлі датаның құрметіне үлкен жиын өтіп, оған еліміздің әр түкпірінен қонақтар, дінге еңбегі сіңген азаматтар келіп қатысты. Солардың қатарында Тәуелсіздік жылдары Павлодар облысы бойынша ҚМДБ-ның өкіл имамы, қайта ашылған «Ақмешіттің» алғашқы бас имамы болған Бақыт қажы Тұрсынбектегі де бар. Алғашқы еңбек жолын Ертіс-Баян өңірінде бастап, аймағымыздың діни-рухани саласына өзінің қолтаңбасын қалдырған азаматпен арнайы сұхбаттасып, естеліктерін тыңдадық.
– Бақыт қажы Ізтілеуұлы, сіз қай өңірдің тумасысыз? Алғашқы діни білімді қай оқу орнында алдыңыз?
– Мен – Түркістан облысы Кентау қаласының тумасымын. 1992 жылы Алматыдағы Ислам институтын бітіріп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) төрағасы, Бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлының бұйрық-жолдамасымен Павлодар облысына келдім. Дәл сол кезде ғана ашылған «Ақмешіт» мешітінің бас имамы болып тағайындалып, екі жыл жұмыс істеп, қайта оңтүстікке қызметке ауысып кеттім. Содан кейін бұл өңірге алғаш келіп отырмын. Яғни, арада отыз жылдан астам уақыт өткен соң алғаш еңбек жолымды бастаған мешітті көріп, бірге қызмет істеген адамдармен кездесіп, ерекше әсер алдым. Сол кезде өзім оқытқан шәкірттеріммен жолығып, осы елге деген сағынышымды бір тарқатқандай болдым. Өкінішке қарай, кейбір шәкірттерім ұмытып қалыпты. Танымай қалғандар да болды.
– Сіз «Ақмешіттің» Тәуел-сіздік жылдарынан кейінгі алғашқы имамы ретінде тарихта қалыпсыз. Алғаш қандай жұмыстарды қолға алдыңыздар?
– Асыл дінімізді дәріптеп, халықтың діни сауатын көтеру бағытында көп жұмыс атқарылды. Келе сала облыстың аудандарын араладым. Көп ауылда имам, молда деген атымен жоқ еді. Содан бастап бірден кадр даярлау ісін қолға алдым. «Ақмешіттің» жанындағы ғимаратты медресеге айналдырып, шәкірт оқыта бастадық. Бір мезетте 25-30-дай шәкірт оқитын еді. Негізі ол ғимаратты қайтару оңай болған жоқ. Мұрағат деректеріне сүйенсек, кезінде де медресе қызметін атқарған екен. Соны негізге ала отырып, сот арқылы мешіттің меншігіне алдық. Содан кейін медресе ретінде арнайы тіркеуден өткізіп, оған жақсылап жөндеу жұмысын жүргіздік. Осы істі қолға алған кезде жергілікті азаматтар жақсы қолдады. Аудан әкімдері етпен қамтамасыз етті, сауда орындары жиһаз бен кереуеттер берді. Кейбірін әр жерден алып, өзіміз қолмен тасыдық. Медреседе тек имамдарға ғана емес, әйел жамағатына да діни білім беріп, Алланың ақ жолын көрсеттік. Бұл біз үшін үлкен жұмыс болды. Шәкірттер алты айлық курс оқып, ауылдарына барып имамдық қызметін атқарды. Ақмешіттің алғашқы шәкірттерінің қатарында Нариман, Нұрбек, Иманбек, Қайрат, Қайролла, Қосман, Шираж сынды аға-бауырларымыз болған еді. Көбі қазір үлкен имам. Бір қуанғаным, сол медресе әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр дейді. Яғни, «Ақмешіттің» әйел жамағаттары үшін діни сауат ашу курсы жүргізіледі екен.
– Тәуелсіздік алған жылдары халықтың дінге деген көзқарасы қалай еді? Дін жанашырлары қандай көмек көрсетті?
– Ол кезде намазға жығылатын жастардың қатары аз еді, мешітке тек үлкен ақсақалдар ғана келетін. Бірақ, кейін жастар да дінге қызығушылық танытып, мешітке келе бастады. Ал қызметтегі адамдар, зиялы қауым өкілдері мешітке жиі келіп, көмек беріп тұратын. Олардың қатарында Қанат Даржұманов, Әби Сарқыншақов, Марат Шүкімов, генерал Рахметов, Абдулазим Рүстемов, т.б. көп жанашыр, өте тамаша ағалар болды. Ол кісілерге деген ризашылығым шексіз, дінге жасаған көмегін ешқашан ұмытпаймын. Одан кейін облыстық «Қызыл ту» газетінде Бақыт Баймұратов есімді журналист ақпараттық жағынан қолдау көрсетті. Ол кісі біздің үйде қонақта болды, бір ғажап адам болатын. Бәрі күні кешегідей көз алдымда. Өкінішке қарай, сол кісілердің көбі өмірден өтіп кеткен екен. Бірде–біреуін көре алмай, құшағыма қыса алмай қайтқаным жүрегімді сыздатты. Алла оларды рақымына алсын деп дұға жасаймын. Бірақ, имамдарға өтініш айттым, марқұмдардың туған туыстарына менен сәлем айтыңыздаршы дедім.
– Алғаш ашылған кезде «Ақмешіттің» ғимараты қандай жағдайда еді? Сіздер жөндеу жұмыстарын жүргіздіңіздер ме?
– Мешіттің ғимараты жақсы жағдайда болды. Бірақ, дәрет алатын орын жоқ еді. Намазға келген жамағат үшін бұл ауырлау болды. Содан жеке дәретхана салдыру мәселесін көтеріп, демеуші іздедік. Нәтижесінде жергілікті «Пульс» фирмасын көндіріп, шаруаны бітіретін болдық. Сөйтіп жүргенде мен басқа қызметке ауысып кеттім, менен кейін келген имамдар жеке дәрет алатын орын салдырған екен.
– Павлодардан кеткеннен кейін қандай қызметтер атқардыңыз?
– Павлодардан кеткен соң Алматыға барып, орталық мешіт жанынан діни сауат ашу курсын ашып, шәкірт тәрбиелеу ісін жалғастырдым. Одан кейін 1999 жылдан бастап ҚМДБ-ның жанындағы имамдардың білімін жетілдіру институтының директоры, Қажылық оқу орталығының дирек-торы қызметтерін атқардым. Қазіргі таңда зейнеткермін.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.
