«Достық үйінде» алғаш рет этномәдени бірлестіктердің ақсақалдары арасында «Ақсақалдар – ел байлығы» атты поэтикалық ән фестивалі өтті. Шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Республика күніне арналды.
Іс-шараны Ақсақалдар кеңесі «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырды. Мақсат – әдебиет пен өнерге деген қызығушылықты арттыру, сондай-ақ шығармашылық арқылы үлкендердің өмірлік тәжірибесі мен даналығын кейінгі буынға жеткізу. Фестивальге Ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысып, сахна төрінде ел мен жерге арналған жырларын оқып, патриоттық әндер орындады.
Фестивальді ашқан Ақсақалдар кеңесінің төрағасының орынбасары Василий Рак қатысушыларды келе жатқан Республика күнімен құттықтап, жастарға арнап сөз сөйледі.
– Ақсақалдар – қоғамның алтын қоры. Олар — ел бірлігі мен татулықтың дәнекері. Біз осы шара арқылы жас ұрпаққа өнеге болуды мақсат еттік. Қазақстан — барлығымыздың ортақ Отанымыз. Біз оны қадірлеп, болашағына үлес қосуымыз керек, – деді Василий Рак.
Сонымен қатар, Василий Григорьевич өзі жазған Қазақстанға арналған өлеңін оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ақсақалдың жүректен шыққан жыры елге деген сүйіспеншілікті, бірлік пен достықты дәріптеді.
– Бұл фестивальдің басты ерекшелігі, мұнда жеңімпаз анықталмайды. Себебі әр қатысушы – жеңімпаз. Ең жасы – алпыс алтыда, ал үлкені – сексен жеті жаста. Барлығы да құрметке лайық. Сол себептен біз барлық ата-әжелерге бағалы сыйлық пен Алғыс хат табыс еттік, – деді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүрия Көбенова.
Осындай мәдени жобалар қоғамдағы рухани бірлікті нығайтып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін дәріптейді. Көпті көрген қариялар елдің ынтымағы мен бірлігін сөзбен де, әнмен де өрнектеп, кейінгі буынға өнегелі үлгі қалдырды.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.