«Ақсу толқыны» жазғы маусымды бастады

Мау 19, 2025

Биыл Ақсу қаласында алтыншы жыл қатарынан «Ақсу толқыны» жобасы өз бастауын алды. Бұл жоба аясында қалалық мәдениет және демалыс саябағында апта сайын түрлі зияткерлік, спорттық сайыстар, мәдени шаралар, концерттер ұйымдастырылады. Жазғы маусымның ашылуына екі мыңнан астам қала тұрғыны мен қонақтары жиналды.

Ақсу қаласында 2019 жылы алғаш рет «Ақсу толқыны» жобасы қолға алынды. Сол тұста қайта қалпына келтірілген жағалауда, ашық аспан астында түрлі концерттер мен мерекелік шаралар өтетін еді. Былайша айтқанда, облыс орталығындағы «Ertis Promenade» сахнасының үлгісінде амфитеатр құрылып, жергілікті қауымның назарына мәдени, ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Сөйтіп, қатарынан үш жыл негізгі шаралар жағалаудың жағасында өтіп, жұртшылық демалыс күндерін осында жиналуды әдетке айналдырды.

Ал үш жылдан соң «Ақсу толқыны» жобасының орны қалалық мәдениет және демалыс саябағына ауысты. Себебі мұнда аттракциондар, сауда нүктелері, тынығатын орындар біршама көп. Осылайша, 2023 жылдан бері жазғы маусым дәл осы саябақта ұйымдастырылып келеді.

Таланттыларды таныту, әнші, бишілер мен шығармашылық ұжымдарды қолдау, шығармашылықты шыңдау бағытындағы жұмыс биыл да жалғасын таппақ. Бұл ретте шаралардың инклюзивті ортаға бейімделгенін ерекше атап өткен жөн. Яғни, мәдени, ойын-сауық бағдарламалары мүмкіндігі шектеулі жандарды да қамтиды.

Айталық, өткен жылдан бастап отандық суретші Ренат Елубаев «Ақсу толқыны» жобасы аясында «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері үшін шеберлік сағатын өткізіп келеді. Жазғы маусымның ашылуында олар «Жүрекпен сурет салу» көрмесін көпшілік назарына ұсынды. Ренаттың өзі де бұған дейін бірнеше рет ел алдына көзін байлап шығып, сурет салғандықтан зағиптардың сезімін, түйсігін жақсы түсінеді.

— Біз олардың бойына сенім ұялатып, еш қорқынышсыз сурет салуға көмектесеміз. Бастапқыда олар бұл істен қорыққанымен, кейін сенімділік пайда болып, сурет әлеміне еніп кетеді. Мұны терапияның бір түрі деп те атауға болады. Әрине, түстерді таңдау кезінде көмекшілерге жүгінуге тура келеді. Ал жалпы алғанда, зағиптар салған картиналар көздің жауын алады, — дейді ол.

Бұл жобаның қатысушыларының қатарында 14 жастағы жасөспірім де, 70 жастағы зейнеткер де бар. Яғни, сурет салу жасты талғамай, көру қабілетінің бар-жоғына қарамайды. Бастысы, жүрекпен сезінуі керек.

Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медғат Манаповтың айтуынша, жазғы маусымның соңына дейін әр аптада өтетін шаралардың кестесі белгіленді.

— «Ақсу толқыны» жобасы кезінде жазғы маусымда тұрғындар мен қонақтардың қызығушылығына қарай түрлі локациялар жұмыс істейтін болады. Олардың қатарында шахмат, дойбы сынды зияткерлік ойындардан сайыстар, балалар шығармашылығын дамыту алаңдары, әдеби кештер және тағы басқалары бар. Бұл ретте инклюзияға ерекше мән бермекпіз, себебі, ойын-сауық бағдарламасы бәріне ортақ, барлығына қолжетімді болуы тиіс, —
дейді бөлім басшысы.

Сондай-ақ, жазғы маусымның әр сәрсенбісінде кино көрсетілімдер, әр жұмада концерттік бағдарламалар, ал әр сенбі сайын би кеші ұйымдастырылмақ.

Сәбит  Дөнентаев мәдениет сарайының директоры Жәмилә Есімбаеваның сөзінше, «Ақсу толқыны» жобасы аясында қалалық мәдениет және демалыс саябағында Мемлекеттік қызметшілер күні, Полиция күні, Ұлттық домбыра күні сынды кәсіби, ұлттық мерекелер де аталып өтеді. Жазғы маусым
30 тамыз – Конституция күні аяқталмақ. Оған дейін бала-ларға арналған ойын-сауық, спор-
тсүйер қауым үшін спорт алаң-дары, қолөнер шеберлерінің көрмесі және қолданбалы өнер бұйымдарын сату орындары, суретшілердің шығармашылық арбаты сынды жобалар тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Ақсу қаласы.