Ақылы ақыл алғанда да абайлау қажет

Ақп 27, 2025

Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, «тасыңызды өрге домалатып», жолыңызбен бірге бағыңызды да аша алатын «білгірлердің» жарнамасынан көз сүрінеді. Бірі бизнестің қыр-сырын үйретіп, әп-сәтте мықты кәсіпкер етуге әзірлігін алға тартса, бірі тұлға ретінде өсуге жетелейтінін жар салып жатады. Өздерін олар коуч, бизнес-тренерлер деп атайды. Ұсыныстарын тыңдасаңыз, онлайн-ақ оп-оңай жаңа кәсіпті меңгертіп жіберуге қауқарлы екеніне иланып қаласыз. Кәдімгідей, талай жыл кәсіптің соңында жүріп, оның оң-солын толық игеріп алған деп қаларсыз. Бірақ, өкінішке қарай, бәрі бірдей сіз ойлағандай білгір еместігін кейін білесіз. Қайтпек керек? Міне, сондықтан да елімізде мұндай тұлғалық өсудің коучтары мен бизнес-тренерлерді міндетті сертификаттау және аккредиттеу мәселесі көтерілуде. Бұл қалыптасқан жағдайды жақсарта ала ма? Жалпы, құжаттандыру қоғамды жалған ақылгөйлерден арылта ала ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Қоғамда соңғы уақытта осы бағыттағы шағымдардың көбеюінен Парламент депутаттары дабыл қаға бастады. Нақтысы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Наумова елімізде коучтар мен бизнес-тренерлерді сертификаттау және аккредиттеу қажеттігін ұсынып, депутаттық сауал жолдады.

— Соңғы жылдары елімізде тұлғалық және кәсіби өсуге бағытталған қызметтер нарығы белсенді дамып жатқаны байқалады. Бұл сала айтарлықтай сұранысқа ие бола бастады. Себебі, адамдар дағдыларын дамытуға, мансаптық жетістіктерге жетуге және ішкі әлеуетін ашуға ұмтылуда. Көптеген жанға алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге көмектесе отырып, тренингтер, шеберлік кластары мен семинарлар қазіргі заманның маңызды бөлігіне айналуда. Бірақ бұл қызметтер шынымен күткен нәтиже беріп жатыр ма деген сұрақ туындайды, — дейді Д.Наумова.

Мәжілісменнің мәлімдеуінше, мұндай жоғары сұраныс коучтар мен бизнес-тренерлердің, басқа да мамандардың көбеюіне әкелген. Бірақ көбі олардың қажетті біліктілікке ие екендігіне күмән келтірді.

— Пікірлердің жаңа көшбасшылары қажетті білім мен тәжірибесіз лезде нәтижелерге жететінін уәде ете отырып, курстар мен тренингтерін сата бастайды. Бұл адамдар сарапшылардың орнын басуға тырысуда, алайда, олардың қызметі нақты сарапшылық негіздері көбінде болмайды. Мұндай практиктер азаматтарды адастырады, қызметтердің сапасына күмән тудырады, бұл салаға деген сенімге селкеу түсіреді, — деді депутат.

Халық қалаулысы аталған мәселенің өзектілігіне азаматтардан түскен шағымдарды саны дәлел бола алатынын алға тартып отыр. Тек 2024 жылы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне көрсетілген білім беру қызметтерінің сапасыздығына қатысты 600-ден астам шағым түскен. Жер жарған жарнамаларға сеніп, қаншама адам жалған уәделердің құрбаны болған. Көбі «тез баю», «жақсы өмір» немесе «бір айда мансабында армандағандай көтерілу» сынды уәделерге иланып қалады. Бұл курстарды сатып алу үшін қалтасындағы соңғы тиындарын ғана жұмсамай, кейбірі несие алып, қызмет құнын төлейтіні тағы бар. Күткені мен нақты алған білімінің сәйкес келмеуіне тап болғандар уәде етілген нәтижелерге қол жету мүмкін еместігін ұғынады. Ал оған жұмсалған есіл ақшасын қайтарудың қиямет-қайым екенін біледі. Депутат бұл салада білікті мамандар да жұмыс істейтінін, бірақ осы нарықты реттеу тетіктерінің жоқтығынан жалпы салаға сенімнің жоғалуына әкелетініне алаңдаушылық танытты. Яғни, нақты стандарттар мен біліктілікке қатысты талаптардың жоқтығынан кез келген адамның өзін коуч немесе тренермін деп атауына жол ашық. Сәйкесінше, алаяқтыққа жағдай жасалады. Салдарынан тұтынушы да, нағыз мамандар да зардап шегеді. Депутат бұл сала көптеген елде қатаң түрде заңмен реттелгенін айтты. Талап қойылса, тұтынушылардың да құқықтары қорғалады, көрсетілетін қызмет сапасының айтарлықтай артуына ықпал етеді деген сенімде мәжілісмен. Бұл мақсатта депутат кәсіби стандарттарды сақтау үшін коучтар мен тренерлерді міндетті сертификаттауды енгізуді, олардың біліктілігін тексеру мақсатында сертификатталған мамандардың ашық тізілімін түзуді, арнайы заң қабылдауды ұсынып, депутаттық сауалын вице-премьер Ермек Көшербаевқа бағыттады.

«Мир» өңіраралық медиация орталығы жекеменшік мекемесінің медиатр-заңгері Әлімбек Ағыбаев та соңғы кезде экономикалық нарықта ақпараттық білім алуға сұраныстың артқанын байқаған. Әртүрлі білім мен білікті меңгеруге, дағдыларын дамытуға ынталы жандар қатары көбейген.

— Бірден айтайын, бұл қызметтер білім беру қызметі деп саналмайды. Ол лицензиялауға жатпайды. Бірі астрологиялық, бірі психологиялық, енді бірі бал ашып, қызметін көрсетеді. Кейбірі онлайн сауда алаңдарында сауда жасаудың жолдарын үйретеді. Енді бірі есеп-қисап жүргізудің тиімді тетіктерін үйретуге ұмтылады. Бағыт көп. Солардың арасында азаматтарымыз жақсы білім алып, табысқа жетіп жатқандары аз емес. Оны да айтуымыз керек. Барлық коучтар мен бизнес-тренерлердің қызметін сапасыз деп қарастыруға болмайды. Менің өзім де оқып, білімімді толықтырып жүремін. Иә, расында, араларында турасынан алдап соғатындар немесе оқыту барысында тұтынушы күткен білімді бере алмайтындар бар, — дейді Әлімбек Төлегенұлы.

Осы орайда, көп адамның мақсаты табыс табу екенін жасырмайды. Соны пайдаланып, азаматтарды «әп-сәтте байытып жіберемін» деп шақырып алатынын айтады. Тіпті, кейбірі ойға қонымсыз, ғылыммен негізделмеген жолдармен қалталы етуге «тырысатындардың» әрекетіне налиды.

— Осындай жайттарды ескеріп, бұл саланы реттеу қажеттілігі туындап отыр. Бұрыннан оқытып жүрген, білімі мен білігі жеткілікті тренер немесе азаматқа мұндай реттеуден қорқудың қажеті жоқ. Ал абырой-беделі күмәнді, беретін білімі де қисынсыз жандарға, әлбетте, ойлану керек. Себебі, олар сертификат аларда әрекеттерінің қисынды екенін дәлелдеу қажет етіледі, — дейді заңгер.

Интернет дүкендер арқылы тауар сатып, табыс табуға болатынын үйретпекке бекініп, кәдімгідей оны курсқа айналдырып алғандар қаншама адамды алдап соғатынын да алға тартты. Себебі, негізінен, бұл әдіс-тәсіл ашық ресурстарда көпшілікке қолжетімді. Оны кез келген азамат қолданып, сауда жасауға кірісе алады. Тіпті, қай тауар ең өтімді екені де көрініп тұрады. Бірақ пысықайлар соны ақылы түрде азаматтарға үйретіп, ақша табуда. Сондықтан, медиатр маман ақпараттық-білім беру қызметін заңнама негізінде реттеп, мемлекеттік бақылау болуы керек, дейді. Жалпы, елімізде тұтынушылар құқығын қорғау заңы болғанымен, көп адам алданса да, құқығын қорғауға құлықсыз. Қолын сілтеп, құзырлы органға жүгінбейді. Дегенмен, соңғы кезде құқығын таптатпауға бел буғандар кездесуде. Мәселен, естеріңізде болар, аймағымызда бір ару онлайн оқудың сапасына көңілі толмай, төлеген 200 мың теңгесін қайтартып алған болатын. Осы орайда, Әлімбек Төлегенұлы ақыл алар адамды таңдарда нені ескеру қажеттігіне тоқталды.

— Біріншіден, кез келген коуч, бизнес-тренердің әлеуметтік желідегі парақшасында оқырманының, жазылған пікірлердің көптігі оның мықты тренер екенінің айғағы емес екенін ескерткім келеді. Қазір оны еселеп алудың түрлі тәсілі бар. Бастысы, маманның абырой-беделін, тәжірибесін зерделеп алу керек. Екіншіден, міндетті түрде шартқа отыру, ондағы талаптарын мұқият оқып шығу керек. Оқу бастаған соң уәде етілген, шартта көрсетілген білімге сай еместігін аңғарсаңыз, бірден құзырлы органдарға шағым түсіріп, құқығыңызды қорғауға кіріскеніңіз жөн, — дейді Ә.Ағыбаев.

Ақсулық жеке кәсіпкер Аманжол Рашат заңгер айтып отырған кеңестерді қаперге алғанын айтады. Ол жекеменшік балабақша ашарда жол көрсететін маман іздеп, әлеуметтік желіні шарлаған.

— Әлбетте, бес саусақ бірдей емес. Бәріне бірдей топырақ шаша алмайсың. Десе де, барлығы бірдей керемет маман деп тағы айта алмайсың. Біреулер бар интернеттен әрбір жерден теріп алған ақпараттарының басын қосып, білгіштенетіндер де аз емес. Содан ақша істеп кетеді. Ешбір тәжірибесі болмаса да, біреуге ақыл айтып, жөн сілтейді. Сөзбен бәріне «мықты» әйтеуір. Балабақшада тәрбиеші болып істеген адамның да «бәрін білемін» деп білек сыбана ақыл айтуға ұмтылғанын, бірде-бір балабақша ашпаса да, жекеменшік бақша кәсібін бастаудың жолын көрсетемін деген орталыққа да кез болдым. Ал мен нақты тәжірибесі бар, сол жолдан өтіп көрген адамды іздедім әрі таптым. Мәселен, маған тәлімгер болып, балабақша ашудың әрбір қадамын айтып, ары қарай жасайтын, ескеретін тұстарымды көрсетіп отырған адамға алғысым шексіз. Ол кісінің жеке балабақша ашқанына он жылдан асқан. Міне, енді ғана ол кәсіпкер білгенімен бөлісуде. Мұндай жандардың ақыл-кеңесіне еш ойланбастан құлақ асуға болады, — дейді Аманжол Рашат.

Бір анығы, дамудан, білім алудан ешқашан тартынбау керек. Ешкімге артық етпейді. Бірақ ақыл-кеңес алатын маманды таңдауда барынша сақ болу керек. Ал саланы реттеуді Үкімет, Парламент қолға алады деген үміт бар.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.