Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Ақын Алақанұлының есімі әдебиетсүйер қауымға жақсы таныс. Ағамыздың шығармашылық және еңбек жолы Моңғолияда басталғанымен қалам қуатынан төгілген бар байлығын Атажұртына сарқып берді десек қателеспеген болар едік. Жазушының қаламынан «Менің анам», «Асулар», «Қара сай мен қызыл сай», «Ауылың көшіп келеді» сынды роман, повесть және әңгімелерден құрылған прозалық туындылар өмірге келіп, әдеби ортаның жоғары бағасын алды. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, шаңырағының шаттығына айналған қарт жазушының шаңырағына арнайы барып, біраз әңгіме құрдық. Ақыл-кеңесін тыңдап, ақ батасын алдық.
— Қадірлі Ақын аға, денсаулығыңыз қалай? Міне, сексеннің сеңгірінен де асып қалған екенсіз. Алланың берген қарттығын қалай өткізіп жатырсыз? Соңғы уақытта шығармашылығыңызда нендей жаңалық болды?
— Амансың ба, балам! Қазір өзің көріп отырғандай, балаларым мен немере-шөберелерімнің ортасындамын. Солардың тілеуін тілеп, қызығы мен қуанышына марқайып отырған жайым бар. Ал шығармашылыққа келер болсақ, денсаулыққа байланысты тоқырап тұр, дәл қазіргі жағдайда қолыма қалам алып, бірнәрсе жазудамын деп өтірік айта алмаймын. Себебі, уақыт өзінің дегенін орындайды екен, қанша жүрек тулап тұрса да оған икеміміз келмей қалды. Тіпті, шығарма жазуды былай қойғанда, кітап оқудың өзі мұң болып қалды.
Жалпы, Алланың берген қарт-тығына шексіз ризамын.
— Сіз екі елде де түрлі лауазымды қызмет атқардыңыз және абыроймен аяқтадыңыз. Жалпы, өмірде орындал-маған арманыңыз бар ма?
— Мен негізі техника саласын оқыған адаммын. Негізгі мамандығым – жылу-электр станциясының жылу инженері. Ал жазушылық — Алланың берген нығметі, жаратылысымнан бастап қаныма құйып қойған қасиетті өнері. Еңбек жолымды осы өзім оқыған мамандығым бойынша бастап, одан кейін мемлекеттік қызметке қарай ойыстым. Әр жылдары партияда, комсомол жастар ұйымында қызмет еттім, халық театрын басқардым. Атамекенге көшіп келген соң да ауыл әкімінен бастап, бірнеше «креслоны» көріппін. Өзімше табысты әрі нәтижелі еңбек еттім деп ойлаймын. Қызмет бабымен кезінде көптеген шетелдерге шықтым. Мысалы, бір Мәскеудің өзіне жұмыс бабымен алты рет барған екенмін. Алғаш рет Дүниежүзілік студенттер мен жастар фестиваліне делегация құрамында бардым. Бұл — мен үшін үлкен абырой, үлкен жетістік болатын. Одан бөлек Еуропаның Чехословакия, Германия, Венгрия елдерін көрдім. 1984 жылы апаларыңды ертіп, Қара теңіздің жағалауын көрсетіп, бір айдай демалып қайтқанымыз бар. Осы күнге дейін оншақты кітабым жарық көріп, олардың көбі оқырман арасында кең таралып оқылды. Драматургия саласында да аздап еңбек еттім, Атажұртқа көшіп келмей тұрғанда екі пьесам сахналанды. Сонымен қатар, поэзияға аздап қалам тартып, бірнеше кітапқа жүк болар өлең жаздым. Отбасыма келер болсам, Алла абыройлы ұрпақ берді, солардан немере-жиен, одан кейін шөбере көрдік. Осының бәрі Алланың берген нығметі, біздің маңдайымызға бес елі етіп берген бақыты екен. Құдайға шүкіршілік қылудан басқа айтарымыз жоқ. Сондықтан, мынадай бір арманым орындалмай барады деп айта алмаймын. Бар арманың — ұрпағымның амандығы мен саулығы.
— Кезінде Ертіс-Баян өңірінің мәдени-рухани, әдеби жаңалығынан шет қалмай, іс-шаралардың көбінде бой көрсетіп жүретін едіңіздер. Қазірде сол күндерді сағына еске алатын боларсыздар…
— Әрине, замандастарымды сағынамын. Өкінішке орай, Арман Қани, Сүлеймен Баязитов сынды ағаларың өмірден өтіп кетті. Ол кісілер біздің Ертіс-Баян өңірінің әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар еді. Расында өзіміз тұстас адамдардың әңгімесін аңсаймын, сағынамын. Қазіргі күні жиі болмаса да арасында бір той жиындарда, іс-шараларда, мерекелерде кездесіп қалғанда қауқылдасып бір жасап қаламыз. Бұл біздің көңілімізді көтеретін өте ерекше нәрсе ғой.
— Сіздердің балалық шақтарыңыз оңай болған жоқ. Үлкен кісілерден естіп отырғанда үнемі аттың жалында, түйенің қомында, ары-бері көшіп жүретін едік деп айтып жатады. Міне, соған қарамастан сізді кітапқа ғашық қылып, кейін жазушы болуыңызға себеп болған қандай нәрсе?
— Дұрыс айтасың, біздің балалық шағымыз үнемі арпалыстың арасында болды. Аттың жалында, түйенің қомында түнеп, тау мен тастың арасында өстік. Талай қиын- қыстау кезеңді бастан кешірдік ғой. Ал сондай ауыр өмір кезеңін бастан өткерсек те менің кітапқа деген құмарлығымды ешнәрсе баса алмады. Әсіресе, халық ауыз әдебиетінен мол рухани азық алып өстік. Кішкене кезімізден «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек» жырларын жата-жастана оқып өстік. Мен бастауыш сынып оқып жүрген уақытта бір ауылда сондай бірнеше ғана кітап болды. Кешке мал қоралап болып, ел орынға отыр-
ғанда ауыл адамдары да біздің үйге қарай бет алып жатады. Я болмаса көрші-қолаңның бірінің үйіне жиналып, біз сияқты кітап оқи алатын балаларды сонда шақырады. Содан түннің бір уағына дейін дауыс-
тап жыр оқимыз. Ол кезде үй ішінде масаның ызыңынан өзге дыбыс шықпайды. Бірақ, кейбір шығарма желісіндегі трагедиялық оқиғаларға келген кезде көңілі босаған апаларымыздың жылап отырғанын біліп отырамыз. Сол жырларды оқи-оқи санамызға сіңіп, жадымызға жатталып қалды. Мысалы, «Қыз Жібек» жырындағы:
«Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды.
Өлгені Төлегеннің рас болса,
Құдайым қыз Жібекті неге алмайды», — деп зарланатын жеріне келгенде тыңдап отырған әжелеріміз көз жастарын сорғалатып қоя береді.
Сосын әлгі Бекежанның Төлегенді атқан жеріндегі:
Атамды айтып қайтейін,
Шешемді айтып қайтейін.
Мен кеткен соң, дариға-ай,
Көкешім деп Сансызбай,
Еркелеп кімге кылар наз, — деген жерін оқыған кезде одан ары қайғырып, кітаптың ішіне кіріп кететіндей отырады. Тіпті, кейбіреуі Бекежанды қарғап: «Бүйтіп екі жастың ортасына түсіп зарлатқанша өз көріңде өзің өкіріп жатпадың ба» деп ашуланады. Ол кезде телеарна деген атымен жоқ, радионың өзі сирек кездеседі. Бірақ, халық біздің оқыған сол жырларымыздан кәдімгідей рухани азық алып, тарихымыз бен дәстүрімізді таниды. Ал прозалық туындылардан қолыма алғаш алғаным – «Абай жолы» романы. Мен оны бесінші сыныпта оқыдым. Одан кейін Сәбит Мұқановтың «Ботагөзі» болып ары қарай кете берді. Міне, менің жазушы болуыма не күш ықпал етті деген сауалыңа берер жауабым осы.
— Алғашқы шығармаңыз қашан жарық көрді?
— Мен негізі елге жазушы ретінде танылғаныммен алғашында өлең жазудан бастаған едім. Тырнақалды туындыларым төртінші сынып оқып жүрген кезімде аймақтық газетке шықты. Ол «Көктем» деген өлең болатын.
Мұз еріп ызғар суық бірге кетті,
Орнына жүзі жарқын көктем жетті.
Аспанды қиқулатып құстар ұшып,
Даланы сүйікті әнмен бір тербетті, — деген шумақтарым әлі есімде. Ал әңгіме жанрына оныншы сыныптан кейін ғана келдім. Алғашқы әңгімем өзімнің анам туралы болатын, тақырыбын «Менің анам» деп қойған едім. Осы шығармам көп оқылды, көп талқыланды. Менің жазушы ретінде танылуыма айрықша әсер беріп, беделімді көтерген де осы алғашқы әңгімем болды. Оқырмандар тарапынан талай жерде алғыс естісем, шығармашыл қауым жылы пікірін айтты.
— Бұл сіздің анаңызға деген сағыныштан туған дүние болар…
— Менің бала кезімде біздің үй ауыл орталығынан әжептеуәір алыс жердегі қырдағы қыстақтарда отырады. Ал біз ауыл орталығында туысқандардың үйінде немесе мектептің жатақханасында тұрып сабақ оқитын едік. Үйге тоқсанына бір рет қана барамыз. Әсіресе, алғашқы жылдары тоқсан аяқталғанша үйді сағынғанда таң атып, кеш батпайтын еді. Анам мен әкемнің ыстық құшағын аңсап жүрген уақытта бір айдың өзі бір жылдай болып көрінетін. Содан тоқсан аяқталғанда көлік болмаса қыстақтағы үйге жаяу тартып кетеміз. Содан үйге таяп, біздің төбеміз көріне бергенде алдымен итіміз арсалаңдап жүгіріп келеді. Сонда қарасаңыз, кәдімгі сағынып жүреді екен, балаша қуанып, үстімізге шапшып, аяғымызға оратылып бір жырғап қалады. Осылай қарсы алып алады да, үйге қарай қайта жүгіреді. Тура біздің келгенімізді айтып, сүйінші сұрауға кеткендей сезіледі. Бәлкім хайуан болса да сондай бір сезімге бөленетін шығар, оны біз қайдан түсінеміз. Ал үйге келгендегі анамыздың қуанышында шек жоқ, айналып, толғанып, бар тәттісі мен дәмдісін алдымызға тосады. Бұл менің бала кезімдегі ең көп күтетін сәт еді және бұл ешқашан ұмытылмайды да. Әрине, бұл менің ғана емес, өзім қатарлас бүкіл баланың басынан өткен жағдай. «Менің анам» әңгімесінің желісі де осы, осы оқиғаны барынша суреттеуге тырыстым. Жалпы, менің кейіпкерлерімнің барлығы — ауыл адамдары, соның ішінде қыста қыстауға, жазда жайлауға көшіп жүретін малшы қауымы. Кейін алғашқы кітабымды да осылай «Менің анам» деп атадым. Оған менің ең алғашқы әңгімелерім енгізілген еді. Ал соңғы шыққан кітаптарымның бірі «Ауылың көшіп келеді» деп аталады. Бұл еңбегімде шетелдегі қандастардың өмір тіршілігі, елге бет алған ұлы көштің оқиғалары кеңінен суреттелген. Ал кітаптың атына назар аударар болсаңыз, жергілікті жерде отырған халықтың назарын бері бұрып, мына көшіп келіп жатқан өзгенің емес, өз ауылың, өз қазағың деген мағыналы сөз еді.
— Алғашқы әңгімелер жинағын оқырманға қашан ұсындыңыз?
— Алғашқы прозалық жинағым 1970 жылдары шықты. Ол кезде кітап оқымайтын адам кемде-кем еді. Қоғамдағы кітапқа деген сұраныс өте жоғары болатын. Шыққан кітаптар қолдан-қолға тимей оқылатын. Жалпы, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы ат төбеліндей аз қазақтың әдебиетке деген құрметі ерекше болды. Ол кезде «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газетінің әр санын тапсырып оқыдық. Соның ішінде «Жұлдыз» журналы әрбір малшының үйінде нөмір-нөмірімен қатталып тұратын. Бір жылы Жастар комитетінің бірінші хатшысы болып жүріп, Алматыға іссапармен бардым. Сол кезде «Жұлдыз» журналының редакциясына да арнайы кіріп, сондағы есімдері таныс жазушы ағаларымызға сәлем беріп, Алтайдың ар жағындағы қандастардың амандығын жеткіздім. Сонда отырған ағаларымыздың айтуынша, бір Баян-Өлгейдің өзіне журналдың 5 мың данасы барады екен. Ал одан бәлен есе көп тұрғыны бар Алматыда ондай көп жазылым болмайтынын айтып отырды.
— Естуімше, сіз Моңғолияда бірталай жоғары қызметте болдыңыз, тұрмыс жағдайыңыз жақсы болды. Бірақ, соған қарамастан Қазақстан Тәуелсіздік алып, шекара ашылған тұста алғашқы көштердің ішінде Атажұртқа келдіңіз. Бұл өзіңіздің қалауыңыз болды ма?
— Иә, Моңғолияда түрлі салада жауапты қызметтер атқардым. 1967 жылы университет бітірген соң аймақтық жылу-электр станциясының инженері, цех бастығы сынды қызметтер атқардым. Одан кейін аймақтың жастар комитетінің бірінші хатшысы, партия комитетінде кадр бөлімінің меңгерушісі, аймақтық қазақ музыкалық-драма театрының директоры қызметтерін атқардым. Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялай сала енді Атажұртқа ат басын бұру керек деген ойға бекіндім. Сол кезде менің қайын атам 92 жасқа келген болатын. Алдымен сол кісіден рұқсат сұрадық. Әрине, бастапқыда үлкен кісілер бірден қарсы болады деген ой келді. Бірақ, атамыз өмірінің соңғы сәттерін өткізіп жатса да, қарсылық танытпады. Осыны айтқан кезде, «Түптің-түбінде қазақтың Отаны Қазақстан болады, сондықтан бет алған болсаңдар, ойланбай көшіңдер» деді. Міне, қарияның осы демеу сөзі бізге үлкен күш берді.
Екінші бір жағдай мынау: Қазақстан Тәуелсіздік ала сала біз Қазақстан телеарналарын көре бастадық. Бір күні сыртта күйбің шаруалармен жүрсем, бір балам жүгіріп келіпті. «Әке, үйде теледидардан қазақша ән айтып жатыр, көрмейсіз бе?» дейді. Шыны керек, оған дейін теледидардан қазақтың әнін тыңдап көрмеген, жүгіріп кіріппін үйге. Сөйтсем Қазақстан арналарының бірінен концерт көрсетіп жатыр екен. Бір кезде экранға Нұрғали Нүсіпжанов шыға келіп, Нұрғиса Тілендиевтің «Сары жайлау» әнін өте бір тебіреніспен шырқай жөнелді. Шынымды айтсам, өне бойым балқып кетті. Барша қазақ даласы жайқалып, көз алдыма елестеді. Бүкіл Қазақстан өзіне шақырып тұрғандай болды. Менің Атамекенге деген сағынышым одан ары арта түсті. Осы әндерімізді өзге жерде емес, өз жерімізде неге тыңдап жүрмейміз деген ой орала берді. Осы бір сағыныш сезімі, іштей бұлқынған айрықша күш ойланбай көшуге қуат берді.
— Сіз қаламгер ретінде түрлі тақырыпқа қалам сілтеп, қазақ әдебиетінің бірнеше жанрында шығарма жаздыңыз. Ал бүгінгі күні сізді не алаңдатады, қазіргі қазақ қоғамының қандай кемшілігіне көңіліңіз толмайды?
— Мені ұрпағымның тәрбиесі, олардың болашағы алаңдатады. Біз қанша қартайып отырсақ та көзіміз сау, көкірегіміз ояу, күнде-лікті теледидар қарап, жаңалық тыңдамай отыра алмаймыз ғой. Сонда бесіктен белі шықпаған жас балалардың неше түрлі қылмыс жасап жатқанын көріп, жанымыз түршігіп отырады. Әсіресе, соңғы уақытта кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасындағы төбелес пен бұзақылықтан көз ашпай қалдық. Әрине, болашағымызға үмітпен, сеніммен қарағымыз келеді. Елімізді, жерімізді жастардың еншісіне сеніп тапсырамыз дейміз. Бірақ, қарадай қағынан жерінген ұрпақты, бірін-бірі аяусыз соққыға жыққан жасөспірімдерді көргенде түңіліп кететініміз бар. Бұл — біздің кең даламызға көзін сүзіп, әр қадамымызды аңдып отырған көршілер үшін өте тиімді құбылыс. Оларға біздің іштей ірігеніміз, ала тайдай бүлінгеніміз абзал. Сондықтан, болашағымыз баянды, еліміз бен жеріміз түгел тұрсын десек, соған ие болатын ұрпақ өсіруіміз керек. Оған мен де, сен де, ол да, басқалары да жауапты.
— Кейінгі ұрпаққа айтар тілегіңіз, берер ақылыңыз…
— Менің жастарға айтар жалғыз тілегім мен өтінішім бар. Яғни, жастар барынша отаншыл болса деймін, өзінің елі мен жерін шексіз сүйсе, жанымен жақсы көрсе бізді ешкім ала алмайды. Сонымен қатар, өзімізді-өзіміз сыйласақ екен, өз қадірімізді өзіміз көтерсек екен, өз беделімізді өзіміз асырып жүрсек екен деймін. Бұрынғылар: «Өз-өзіңді сыйласаң, жат жанынан түңілер» дегенді бекер айтпаған ғой. Кейде өзімізбен-өзіміз дауласып, соңынан жауласып жатқанда іштей егіліп отырамыз. Қазақтың белгілі ақыны Сабыр Адайдың «Әр қазақ — менің жалғызым» деген сөзін өзіме ұран тұтамын.
— Емен-жарқын әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.