Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген жақсы нақыл бар. Иә, біз өткенін ұмытпаған, аруағын ұлықтаған халықтың ұрпағымыз. Өткен жұма күні өңірге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы келіп, өткен аруақтарға арнап 100 Құран хатымның дұғасын бағыштады. Сонымен қатар, Бас мүфти Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде болған жұма намазына қатысып, жамағатқа уағыз айтты.
«Бабалар рухына — 100 Құран хатым» шарасына ҚМДБ-ның өкілдері, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің имамдары, өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысып, дұғаға қол жайды.
— Ертіс-Баян өңірі – талай тарихи тұлғаларды түлеткен қасиетті мекен. Мұнда әулие Мәшһүр Жүсіп, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, жазушы Жүсіпбек Аймауытов, әлемге әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев және басқа да ұлылар өмірге келіп, елі мен жері үшін қызмет етті. Біз ата-бабасын ардақтаған, әулие-әмбиесіне құрмет көрсеткен халықпыз. Республикалық Құран оқу байқауы қарсаңында қариларымыз жүз рет Құранды толық хатым етті. Бүгін осы оқыған қасиетті Құран аятын бабалар рухына бағыштап отырмыз. Осы өңірден шыққан хазіреттер мен ғұламалардың мәңгілік мекені жұмақтың төрі болсын деп тілейміз. Еліміздің тәуелсіздігі жолында қаза болған барша ата-бабамызды, батырларымызды Алла мейіріміне алғай, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
«Бабалар рухына — 100 Құран хатым» жобасы биыл басталып, еліміздің бірнеше облысында атқарылды. Атап айтар болсақ, бұған дейін Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында өткен Құран байқауларының алдында сол өңірлерден шыққан барлық ұлы тұлғалардың, батырлар мен билердің аттары аталып, олардың аруақтарына дұға бағышталды.
Осы сапары барысында бас мүфти Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық универ-ситетіне арнайы барып, студенттермен кездесу өткізді. Кездесу барысында отанды қорғау, ата-анаға қызмет ету, ағайынмен ара байланысты нығайту, жат ағымдардың алдын алу тақырыптарында уағыз айтып, жастардың сұрақтарына жауап берді.
— Ислам дегеніміз тек ғибадат пен құлшылықтың ғана діні емес. Нағыз мұсылман жан-жақты болады. Ислам дінінің ең негізгі өзегі – адам баласын адамгершілікке, мейірімділік пен қайырымдылыққа шақыру. Ислам діні әр адамды өз Отаннын қасық қаны қалғанша қорғауға, елі мен жерін сүюге, ізгі қоғам құруға шақырады. Әйтеке би бабамыз: «Өмірім – халықтікі, өлімім ғана – өзімдікі», – деп халыққа қызмет етудің қаншалықты маңызды екенін өсиет еткен. Отаншылдықтың мәйегі – ұлтты сүю. Өз ұлтын, туып-өскен жерін сүйіп, оның көркеюіне қызмет етіп, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл бола алады. Отаншылдық дегеніміз – өз ана тілін, ділі мен дінін берік сақтау және оның ары қарай өмір сүруіне ықпал ету. Міне, сіздердің әрбіріңіздің бойларыңыздан осы қасиеттер табылатын болса, біздің болаша-ғымыз жарқын, келешегіміз кемел болары сөзсіз, — деді бас мүфти студенттермен кездесуде.
Тілеуберді САХАБА.